Әулет шежіресін зерделеп өскен ұрпақ
Немесе, «Ұрпақ сабақтастығы жалғаса береді» атты мақалаға жалғас сөз
«…Жатар ем мұнда сан айлар,
Жанымда болса Сабайлар.
Сағынам туған өлкені,
Сәл ауса жырдан сірә ойлар».
Ж. МОЛДАҒАЛИЕВ
Аталмыш мақала «Информбиржа news» газетінің «Дидар» бетінің 2008 жылғы 27 қараша күнгі санында жарияланған еді. Шынын айтқанда, онда мен осы өлкеге кеңінен танымал болған ағайынды Ниязовтар әулетінен тараған айтулы азаматтар туралы өзім білетін деректерден ғана азын-шоғын мағлұмат беруді мақсат еткен болатынмын. Осы мақала туралы редакцияға бірінші болып телефон шалған ұзақ жылдар бойы облыстық партия комитетінің қаржы-шаруашылық жағын басқарған еңбек ардагері, бүгінде қадірменді ел ағаларының бірі Иманғалиев Дәржан Тілешұлы болды.
– Ниязовтар әулеті туралы мақала жазылған екен, – деді ол. – Бірақ Сабай Ниязұлының іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттері мен қарапайым адами қасиеттері туралы жаза түсу керек еді. Ол өмірден оқып өскен адам. Әйтпесе, бір облыстың үш ауданында басшы болып істеу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін мәртебе.
Сосын мен оның сөзін бөліп:
– Жақсы, Сабай Нияз-ұлының Тайпақ ауданында екінші, ал Жымпиты және Казталов аудандарында бірінші басшы болып істеген жылдары оның бастамасы бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде ара-тұра жазылып та жүр. Бұл туралы көзіқарақты оқырмандар біршама біледі деп есептейміз. Ал қарапайымдылық қасиетін қай жағынан бағалар едіңіз? – деп сұрадым одан.
– Мен осы облыста басшылық қызметтер атқарған азаматтардың көбімен сырлас та сыйлас болған адаммын, – деді Дәржан Тілешұлы өзі атқарған қызметінің өзіндік ерекшеліктері туралы да мағлұмат бере кеткісі келгендей сыңай танытып. – Олардың ұйымдастырушылық қабілеті де, мінез-құлқы да әрқилы болатын. Ал аудандық партия комитеттерінің, әсіресе, материалдық-техникалық жабдықталуының облыстық партия комитетінің қаржылық-шаруашылық бөліміне тікелей қатысы бар. Әрине, мұндай мәселелер облыстың бірінші басшысының билігінде болғанымен ол шаруашылық бөлімін айналып өтпейтін еді. Осындай шаруасы тірелген аудан басшыларының арасында аудан көрсеткішін мақтан етіп, міндетси келетіндері де кездесетін. Ондайларға біздің де «кегжие» қалатын кезіміз болатын.
Ал Сәкең ешқашан міндетсіп келген емес. Алыстан орағыта сөйлеп, келген шаруасының себеп-салдарын байыппен баяндайтын. Тіпті жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына бару жайын әңгімелесе де: «Биыл жеңгең екеуміздің демалып қайту мүмкіндігі қалай болар екен?» – деп өзіңе ақыл сала сөйлеуші еді марқұм. Мұндайда одан не аяп қаларсың?! Тәуір деген санаторийлердің біріне жолдама іздей бастайсың.
– Сәкеңнің Саратов политехникалық институтының прибор жасау факультетін бітірген үлкен баласы Жасұлан Сабайұлы да бізде, облыстық партия комитетінің жалпы бөлімінде істеді ғой, – деп жалғады ол әңгімесін. – Ол да әкесі сияқты тым қарапайым, бірақ тындырымды да білгір маман болатын. Ол, әсіресе, ұйымдық техникалар «тілін» өте жетік білуші еді. Қазір енді жасыратын ештеңесі жоқ, бізге өте құпия материалдар да жиі түсіп жататын. Бірақ оның «кілтін» Жасұланнан басқа мамандар тез де дәл аша алмайтын. Сондықтан оны кейде түн ортасында шақырып алуға тура келген кездері аз болған жоқ. Ал Жасұлан жұмыс бабында уақытпен санасып көрген емес. Осыған орай оны Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің аппаратына ауыстыруға әрекеттенгендер де болды. Бірақ біз, шынын айтқанда, мұндай білікті кадрдан айырылып қалмау қамын жасадық.
Осылайша көп адамдармен жұмыстас болып, кадрлардың қабілет-қарымын бағалай білетін Дәржан Тілешұлының бұл әңгімесіне мен бей-жай қарай алмадым. Сөйтіп, Сабай Ниязұлымен жұмыстас болған біраз азаматтардан суыртпақтап сыр тартуға тура келді.
Өкінішке орай, Сәкеңмен балалық шағын бірге өткізген замандастарының қатары тым сиреп қалған. Оның жалындаған жастық шағында Ұлы Отан соғысының отты жолдарын бір кешкен қаруластарын кездестіру де мүмкін емес. Ал біз оның Орал қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын аяқтамастан майданға аттанғанын, соғыс жылдарында Ленинград әскери байланыс училищесі мен бастапқы және орта құрамның танк училищесінде оқығанын да, кейінірек 1-Беларусь армиясы құрамында 109 Волпернов танк бригадасының байланыс қызметін басқарып, одан байланыс мамандарын даярлайтын Мәскеу мектебіне жіберілгенін де тек ресми құжаттарға тіркелген анкеталық деректерінен ғана білеміз. Онда Сабай Ниязовтың соғыс жылдары көрсеткен ерлігі үшін I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Москваны қорғағаны үшін», «Варшаваны босатқаны үшін» және басқа да медальдармен марапатталғаны көрсетілген. Ал елге оралғаннан кейін Тайпақ ауданының «Базартөбе» кеңшарында есепші-зоотехник болудан басталып, аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшылығына дейін жоғарылатылған еңбек жолы туралы жоғарыда аталған мақаламызда жазған едік. Онда Сабай Нияз-ұлының соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін Ленин орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталғаны да атап көрсетілген болатын.
Осыған орай, маған енді онымен жұмыстас болып, отбасымен араласқан адамдардан Сабай Ниязұлының азаматтық келбетін аша түсетін қасиеттері туралы сыр тартуға тура келді.
Бұл ретте маған жетпісінші жылдары Жымпиты аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген еңбек ардагері, «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» Ақкенже Құрмашқызы біраз мағлұмат бергендей болды.
– «Адамгершіліктің асқар шыңы – қарапайымдылық» деген бар ғой, – деп бастады ол әңгімесін. – Мен өз басым Сабай ағаның біреуге өпіремдеп сөйлегенін, немесе, «төс керіп» тұрған кезін кездестірген емеспін. Жұмыста қандай қарапайым болса, тұрмыста сондай қонақжай болатын.
Сондықтан оның отбасымен араласқан адамдары да аз болған жоқ. Үйлеріне қонақ шақырса, орындықтарды өзі орналастырып, тіпті дастархан мәзірін жайғастыруға да араласып кететін. Ал домбырасын шертіп, Сәуле апа екеуі «Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз» деп әуелеткенде өте жарасымды сезілетін. Үйлеріміз көрші болды. Сондықтан қонақтықтарға да көбіне бірге барамыз. Ал қонақтықтан қайтар жолда жай жүріп көрген емес. Менің жұбайым Мақсотқа «Ал, кеттік» дейді де екеуі жүгіре жөнеледі. Біз Сәуле апа екеуміз жеткенде олар аулада әлдебір шаруаларымен айналысып жататын.
Сөйтсе, мұның да өзіндік сыры бар екен. Бірінші хатшы ауласында қаз бен үйрек те, түйе мен бие де ұстаған екен. Осы шаруаның бәрін үйлестіріп отыратын Сабай ағаның анасы Балболсын әже сыңайлы. Ол үйден қысы-жазы қымыз бен шұбат арылмауын қамтамасыз етіп отырады екен.
Осы Балболсын әженің арқасында Сабай аға мен Сәуле апа екеуі отбасында тоғыз бала тәрбиелеп өсірген. Олардың үлкендері – Жасұлан мен Роза әжесінің бауырында өскендіктен әкелерін «аға», аналарын «апа» деп, ал әжелерін «мамалап» өскен көрінеді.
– Сабай ағаның таңертеңгілікте 15-20 минут жүгіріп келетін әдеті бар еді, – дейді Ақкенже Құрмашқызы әңгіме арасында. – Оның кенже ұлы Қайратпен біздің Роллан құрдас болатын. Екеуі үйді айнала шапқылап келіп, «Біз Сабай ата сияқты жүгіріп жүрміз» деп отыратын. Осының өзі елеусіз нәрсе болғанымен үлкен кісінің кейінгі ұрпаққа көрсеткен өнегесі емес пе?!
Ал ұзақ жылдар бойы (оның соңғы жиырма жылын С. Сейфуллин атындағы №11 қазақ орта мектебінде) ұстаздық етіп, бүгінде зейнеткерлікке шығып отырған Роза Сабайқызын осы әулеттің шежірешісі деуге болатындай. Жастайынан әжесінен естіген әңгімелерін ол жете зерделеп өскен болса керек. Оның айтуына қарағанда, Сабай аға мен Сәуле апаның үйленуінің өзі бір бөлек қызықты әңгіме тәрізді. Мұның ұзын-ырғасы мынадай екен:
Соғыстан кейін елге оралған Сәкең анасына соқпастан басқа ауылда тұратын атасы Нияз ақсақалдың үйіне келеді ғой. Бұл кезде атасы сол ауылда тұратын тракторшы қыз Сәулені келін етіп алсақ деп армандап жүреді екен. Содан ол бірден екі жасты үйлендіру қамына кіріседі. Сәкең үш баласы бірдей соғыс құрбаны болған қамкөңіл атасының айтқанына көніп, үйленуге келісімін береді. Ал осы өлкеге танымал ұстаз болған әкесі Құмаров Мұхтардан жастай қалып, анасымен ғана тұрған Сәуле көрші әйелдердің «әкең болса да жоқ, анаң жалғызілікті болып қалды. Ал мынау тәрбие көрген көп ағайынды азаматтардың бірі екен, не де болса осы жігіттің етегінен ұстасаң қор болмассың» деген ақыл сөзін аяқасты қалдыра алмайды. Сөйтіп, келесі ауылда тұратын Балболсын анаға «Сабай ауылға келіншек алып келе жатыр» деген хабар жіберіледі.
Базарғали ҚУАТОВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі, 2009 ж.
(Жалғасы бар)