Кісілік

13 февраля 2025
0
861

Есімі елдің есіндегі азамат Сабай Ниязов туралы бірер сөз

Бүгінде кадрлық өзгерістер жасау кезінде рокировка тәсілі жиі қолданылады. Бұл – өз кезегінде басқару тәжірибесі толысқан, адамдармен тіл табысып, қызмет жасап, оларды ортақ іске жұмылдыра білетін, әйтсе де, белгілі бір лауазымда ұзағырақ отырып қалған басшылардың қызмет орнын алмастыру деген сөз. Мұндағы мақсат – олардың ел басқару ісіндегі әлеуетін әлі де біраз уақыт пайдалану. Мұндай тәсіл компартияның билік құрған кезінде де ұшырасып тұратын.

Осындай ұстаныммен сонау 1978 жылдың мамыр айында ұзақ жылдар бойы Казталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып келген Мақсот Исқақов Жымпитыға ауыстырылды да, оның орнына сол ауданда бірінші хатшы болып істеген Сабай Ниязов келді. Кейіннен білгеніміздей, обкомның бірінші хатшысы Мұстахим Ықсановтың аяқ астынан қабылдаған шешімі осындай болыпты. Оның бұл шешімін орталық комитеттің ұйымдастыру-кадрлық жұмыстар бөлімі өзгеріссіз қалдырған.

Тағы да партиялық басшы кадрлардың бет-бейнесіне талдаулар жасар болсақ, олардың көпшілігі, негізінен, бір қалыптан шыққандай, жүріс-тұрыстары мен өзін-өзі ұстаулары, өздеріне берілген шексіз биліктің салмағын көтере алмай, кей кездерде кісімсіп, маңғазданып, өзін қарапайым халықтан жоғары ұстайтын әдеттері бір-біріне ұқсас көрінетін. Сол кезде жасы елу беске иек артқан ауданның бірінші хатшысы Сабай Ниязовтың бойынан мұндай жасанды әдеттерді байқай алмағанымыз жадымызда қалыпты. Өйткені мен бұл жылдарда ол кісімен тікелей қызметтес болмасам да, Казталов аудандық «Коммунизм жолы» газетінің әжептәуір тәжірибе жинақтап қалған ортан қолдай әдеби қызметкері болатынмын.

Халқымыздың салт-дәстүрінде белгілі бір мекенге көшіп келіп, қоныс аударған адамның отбасын үйге, дәм татуға шақырып, ерулік беретін әдеті бар. Шалғайдағы Казталов өңірінің жұртшылығы осындай халықтық жоралғыны ауданның жаңа басшысы Сабай Ниязовқа да жасады. Обалы не керек, ол мынау шопан, мынау тракторшы, мынау кочегар, от жағушы екен-ау деген жоқ. Солардың ешқайсысының көңілін қалдырмай, үйлерінен дәм татты. Осы қарапайым мінезі мен бітім-болмысы арқылы ол халыққа жақын тұратын, олардың мұң-мұқтаждарына, қайғысы мен қуанышына ортақтаса білетін басшы екенін көрсете білді. Игі ниет пен сыйластықты, шынайы құрметті аяққа баспау деген осы да. Мұндай қасиет бұрынғы басшыларға қоса, бүгінгі басшыларға да аса қажет деп ойлаймыз.

Тағы бір есімізде қалғаны – ол кісінің әр күн сайын асып-тасып тұратын қажымас күш-қайраты. Қызметі қаншама бастан асып жатса да, үйіне тым жай, таңға жақын оралса да, ертесіне бейне бір дәл сол күні Қырым жағалауына барып демалып, курорттан келгендей сеп-сергек, жинақы жүретін. Сондай-ақ Сабай аға қандай жағдайда да намазын қаза қылып көрмеген жандай таңғы
алтыда тұрып, дене шынықтыру жаттығуларын жасау дағдысын тоқтатқан емес. Үлгіні сөзімен емес, ісімен көрсете білудің бір көрінісі де осы екені айдан анық. Үйінен аупарткомның ғимаратына немесе қызметтен шыққан соң үйіне дейін ылғи да жаяу жүретін. Қызмет көлігіне отырмайтын. Бір сөзбен айтқанда, ұдайы қимыл-қозғалыс, дене шынықтыру жаттығулары, Сарыөзеннің арғы бетіне жүзіп өтуді місе тұтпай, оның ұзына бойына қуалап жүзу ғұмырының басты қағидасы болатын.

– Сабай Ниязұлының қарапайым бітім-болмысы аудан жұртшылығы арасында лайықты бедел мен абыройға ие болуына септігін тигізді. Ол адамдармен ортақ тіл табыса алды. Өзін олардан жоғары, биік санамады. Әр кадр мен өзінің қарауындағы жауапты қызметкерлерге шексіз сенім арта білді. Оларға белгілі бір тапсырма беріп, жауапкершілік жүктеген кезде оның ойдағыдай орындалатынына күмәні болмайтын. Сондықтан да шығар, аудандағы бірқатар шаруа бірінші кезекте компартия билігінің күшімен емес, аудан басшысының сенімімен жүзеге асып отырды. Бұл сенімді ешкім де аяққа баспады, – дейді сол жылдарда Казталов аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарған Бәтима Отарова.

Сабай Ниязовтың кісілігі мен кішілігін бағалай білген, елге келген сапарларында ең алдымен осы кісіні іздейтін биік тұлғаның бірі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын, ұлтымыз мақтаныш тұтар сөз зергері Жұбан Молдағалиев десек, қателеспейміз. Бұлай болатын себебі Сабай ағамыздың жанының нәзіктігі, жүрегінің жұмсақтығы, әдебиет пен өнерге біршама жақын жүретіні, ең бастысы, үлкенге құрмет, қатарластары мен өзінен кейінгілерге ізет көрсете алатын бітім-болмысы деуге болады. Жұбағаңның Сабай ағамызға бірнеше дүркін өлең арнауы да тектен-тек емес. Бұл тағы да қайталап айтқанда, биік адамгершілікті мойындау болып шығады. Әйтпесе, қазақ поэзиясының хас жүйрігі Жұбан Молдағалиев «Жанымда жүрсе Сабайлар, Болар ем мұнда сан айлар» деп айтар ма еді, айтпас па еді?! Әй, сірә, айтпайтын шығар.

Маған Бәтима апай мен көзі тірісінде елі құрмет тұтқан азаматтың зайыбы, халық ағарту ісінің озық қызметкері Нәзипа Есқаққызы биылғы қыркүйек айының басында Сабай Ниязовтың туғанына 90 жыл толатынын еске салған кезде асыл азамат жөнінде осы жолдарды жазғанды жөн көрдім.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Орал өңірі» газеті,
4 қыркүйек 2014 жыл

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top