Ағаның шапағаты ұмытылмайды
1963 жылы қазіргі Сарой ауылдық округінің ізіндегі Абай атындағы қой совхозының шеберханасында бақылаушы-механик болып, трактор оңдаудың қызу ортасында көктемгі егіс, алдағы мал азығын дайындауға әзірлік жұмыстарына кірісіп жатқанда аудандық өндірістік басқарманың (кейінірек аудандық ауылшаруашылық басқармасы болып қайта құрылды) жанындағы партия комитетінің I-нші хатшысы болып келген Ниязов Сабай аға ауданның шаруашылықтарын аралап, біздің совхозда үлкен жиын өткізіп, еңбек адамдарының жай-күйімен танысты.
Сол жиында орта білімді жас мамандарға шаруашылықтың жолдамасымен жоғарғы білім алуға жолдама берілетінін айтты.
Осы жағдайды естіп білгесін, алдыңғы жылғы маусымда көшпелі шеберханада механик болып 8 бригаданы аралап техникалық қызмет еткен жұмысымнан бас тартып, совхоздың 2-нші бөлімшесінің 17 отар қой қорасының қиын екі кісі болып ойып, шығарып, 3 ай қолдап еңбек еттік. Алматының ауылшаруашылық институтына аудандық өндірістік басқарманың арнайы жолдамасымен шілде айының ортасында Алматыға келіп дайындалып, агроэкономика факультетіне оқуға түсіп (1963-1968 жылдары), ғалым-агроном-экономист мамандығын алып шықтым. Сол кезде жоғары білім алуға жолдаманы аудандық өндірістік басқарма басшысы Жұмақаев Төлеген аға беруі керек еді, ол кісі қызметтік сапарда болып, Сабай аға өз қолымен табыстап, болашақ өмірге, оқуыма сәттілік тілеген еді.
Осы ағаның сенімін ақтап 1968 жылы көктемде елге оралып, аудандық ауылшаруашылық басқармасында аға қандай мамандық алғанымды сұрап, сенімді маман болуыма тілектестігін білдірді.
Осы ағаның қолдауымен 1969-1974 жылдары Абай совхозында бас экономист және бас агроном, ал 1974-1978 жылдары, өзі Тасқұдық совхозына партия ұйымының хатшылық жұмысына жіберіп, қамқорлық етті. Сол кездегі қарапайым еңбегімізді әділ бағалап, «Лениннің 100 жылдығы» медалі (1970), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі (1974), Құрмет орденін (1978) алуыма Сабай ағаның тікелей ықпалы болып, осы наградаларды өз қолымен табыс етіп, көпшілік алдында 1963 жылы берген жолдаманы үлкен сеніммен ақтады деп жария еткені бүгінгідей көз алдымда. Бұл аға ауданда 15 жыл бірінші хатшы болғанда ешкімге қиянат жасап қудалаған жоқ, еңбекке адал алғыр мамандарды көріп, біліп басшылық жұмыстарға тартып, өсірді.
Жұмыс ауыстырып, басқа жерге көшерде ауданның бетке ұстар азаматтары болып Қызыл Ту колхозына дейін шығарып салғанда, бәріміздің қолымызды алып, құшақтап, бірге жүрген кездерден естелік айтып, көзіне жас алып, қимастықпен қоштасып еді. Тағдыр солай болып, зират басына бір уыс топырақ салуға хабар болмай бара алмағанымыз өкінішті болды.
Сондықтан абзал ағаның рухына басымды ие отырып, үстіміздегі жылғы 90 жасқа толатын атаулы кезеңіне орай аудан орталығының Мұхит көшесінің екінші жартысына не болмаса Өлеңті көшесіне Сабай ағаның атын беріп, абыз ағаның рухы аудан жұртшылығының қолдауына ие болса деп тілегімді білдіремін.
О. САРҒОЗЫҰЛЫ,
«Сырым елі» газеті,
28 тамыз 2014 жыл