Әулет шежіресін зерделеп өскен ұрпақ

30 января 2025
0
1250

Немесе, «Ұрпақ сабақтастығы жалғаса береді» атты мақалаға жалғас сөз
При любом использовании материалов сайта, гиперссылка на ibirzha.kz обязательна.

(Соңы. Басы № 4)

Бұл кезде құдай қосқан жары Құсан Сталинград майданында қаза болғаны туралы «қарақағаз» алып, енді жалғыз ұлының аман оралуын тілеп жүрген Балболсын мына хабарды естігенде қуанғанынан басындағы орамалын қолына ұстап бұлғалап, «Менің Сабайым келді соғыстан! Менің жалғызым келіншек алып келе жатыр!» – деп бүкіл ауылға жар салған ғой. Мұны көрген бірқатар ауылдастары «Балболсынның есі ауысып кетпесе жарар еді», – деп қауіптенген көрінеді. Сосын ол туайын деп тұрған жалғыз сиырын сойып, бүкіл ауылға той жасамақ болады. Бірақ ақылман көршілері «буаз сиырды сойған обал болар, ертең ол бәрімізге сүт береді ғой»– деп көрші ауылдан бір қысыр сиырға айырбастап берген екен.

– Жалғыз ұлын осылайша ардақ тұтқан әжеміз біздерді де аялап өсірген болатын, – деп еске алады Роза Сабайқызы бүгінде. – Ол тек бізді ғана емес, Жасұланнан көрген тұңғыш шөбересі Қанатты да асқан мейіріммен аялаған. Ол кезде Жасұлан мен Сәния қалада тұратын. Ал Қанат сәби кезінде тым әлжуаздау болды. Сосын әжеміз «оған дүкеннің сүті жақпай жүр, қаланың ауасы да нашар» дегенді сылтауратып, ауылға әкеліп, мектепке барғанға дейін өзі бақты. Сөйткен Қанат Саратовтан әкесі оқыған институтты сол мамандық бойынша бітіріп, қазір енді өз әулетіміздің мақтан тұтар азаматтарының бірі ретінде қалыптасып келеді.

– Мен мектеп жасына дейін әжемнің бауырында болғандығымды мақтан етемін, – дейді Қанат Жасұланұлы сол бір балғын шақтарын еске алған сәттері. – Бірақ өз ата-анамды да естен шығарып көрген емеспін. Атам Оралға келген сайын «арбаның бесінші доңғалағы» сияқты машинадан қалмаушы едім. Бірінші сыныпқа барғанша бір ауыз орысша білмесем де, ауладағы балалармен ымдаса сөйлесіп, тез тіл табысып кететінмін.

Роза Сабайқызының әңгімесі бойынша, Сәкеңнің Құсан есімді өз әкесі болғанымен барлық өмірдеректерінде неліктен Сабай Ниязұлы аталып кеткендігінің де сырын ұғындым. Біздің ата дәстүріміз бойынша Нияз ақсақал Құсаннан көрген тұңғыш немересін өз бауырына басқан екен. Ал Құсан қарапайым ғана шаруа адамы болған. Бұған қоса ол қан майданнан оралмай қалған. Осыған орай Сәкең Нияз ақсақалды әкем де, атам да осы кісі деп қастерлеген тәрізді.

– Әкеміз ұлдары мен қыздарына қандай мейірімді болғанымен біздің оқуға түсуімізге, немесе жұмысқа орналасуымызға көмектескен емес, – дейді Роза Сабайқызы әкесінің ерекше қасиеттері туралы әңгімелегенде. – Өйткені ол бізді өзі сияқты өз күшімізбен күнелтуге баулыды. «Әлдерің жететін оқуға түсіңдер, қолдарыңнан келетін жұмысты жасаңдар» деп отыратын бізге ол. Есесіне біз оң-солымызды танығанша әкелік қамқорлығын аяған емес. Әсіресе, қызықты кітаптар оқып, табиғат тамашаларын қызықтауға баулитын.

Немерелер ортасында

– Осының бір көрінісі былай болған еді, – деп жалғады әңгімесін Роза Сабайқызы әкесінің осыдан жарты ғасыр бұрынғы жарқын бейнесін еске түсіргендей ойлана сөйлеп. – Бірде мектептен соңғы сабақтан шықсам, әкем машинасымен қақпа алдында күтіп тұр екен. Мені отырғызып алып, «саған бір қызық көрсетейін», – деді де ауыл сыртына қарай шықты. Біраз жүргеннен кейін қарасам, алдымыз тұнған қызғалдақ, құдды бір таза қызыл түсті қалы кілем төсеп тастағандай. Міне, қызық! Түсе қалып, шетінен тере бастадым… Осы «қызық» туралы дос қыздарыма айтып келемін ғой. Олар «біздерді де апарсайшы» деп қолқалайтын болды. Содан бірер апта өткен соң төрт-бес құрбымды ертіп жолға шықтым. Әкем апарған бағытпен жүріп келеміз, жүріп келеміз. Көрінетін қызғалдақ жоқ. Енді кейін жүрейін десек, ауылдың қарасы көрінбейді. Жолсызбен жүргендіктен бағыттан да айырылып қалғанбыз. Күн кештеткен сайын үрей үдей түсті. Осылай абдырап тұрғанымызда әкемнің машинасы көрінгені. Қуанғаннан жылап жіберіппін. Сөйтсем, мен кешіккен соң әкем мектепке барып, біздерге ілеспей қалған қыздардан қайда кеткенімізді сұраған ғой. Олардан қызғалдақ теруге кеткенімізді білген соң өзі апарған бағытымен келген екен. Сонда әкем бізді іздеп келмеген болса, «қызық» қуып кеткен бес қыздың тағдыры не болар еді деп толғанамын қазір.
Мейірімді әкенің қамқорлығы осындайда сезіледі ғой!

Роза Сабайқызы анасы Сәуле туралы да өте әсерлі әңгімелейді екен. Бірақ ол, өкінішке орай, 1979 жылы 52 жасында қайтыс болған. Бұл кезде Сәкең Казталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін. Тағдыр ғой, сосын ол Назипа апаға үйленген. Дидар есімді кенже қызын содан көрген.

Сонымен Сабай ағаның жастай қайтыс болған Жасұлан және Мейрам атты ұлдары мен Флора есімді қызынан басқа ұрпақтары өркен жайып келеді. Олардың бәрін тізбелеп шығудың өзі біраз уақыт алар еді. Мысалы, тек Жасұланның артында қалған Қанатпен Талғат та, Ардақ пен Әлия да ел қатарлы еңбек етуде.

Сөз реті келген бір сәтте мен Роза Сабайқызынан Сәкең мен Жұбан Молдағалиевтің достасуына қандай жағдай себеп болғандығын сұрадым.

– Менің нағашы атам Мұхтар Құмаров осы өлкеге танымал ұстаз болғандығын білетін шығарсыз, – деді ол тағы да әулет шежіресіне ой жүгірткен сыңай танытып. – Кезінде ол Жұбан ағаны да оқытқан екен. Содан алпысыншы жылдардың бас кезінде елге келген бір сапарында осындай ұстазы болғандығын айтып, оның артында бір ұл бала қалуы керек еді деп сұрастырады. Бірақ ол ұл емес, қыз болып шыққан ғой. Себебі менің нағашы атам ұл баласы болмаған соң жалғыз қызы Сәулені ер балаша киіндіріп өсірген екен. Ал ол бойжеткен соң менің әкеммен қалай тағдыр қосқандығы туралы жоғарыда айтылды. Содан Жұбан аға Сәуле апаны туған қарындасындай қабылдап, бір-біріне бауыр басып кеткен. Бұған оның қай қиырда жүрсе де біздің отбасымен хабарласып тұрғандығы дәлел бола алады.

Иә, тұтас бір әулеттің шежіресін түгендеп шығу оңай емес. Ең бастысы, ел басқару ісінде ерен еңбегімен көзге түсіп, осы әулеттің мақтан тұтар тұлғасына айналған Сабай Ниязұлының жасампаздығы жалғасын тауып жатыр. Демек, ол өлке тарихында да елеулі орны бар тұлға.

Базарғали ҚУАТОВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі, 2009 ж.

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top