Ғұмар Қараш тарихи тұлға

22 мая 2025
0
1448

Әрбір өлкенің құнды тарихы мен қатар есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері мен тарихи тұлғалары бар. Осындай тарихи тұлғалардың бірі ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын насихаттаушы, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры, алаш қайраткері жерлесіміз Ғұмар Қараш бабамыз.

Ғұмар бабамызға кіндік қаны тамған Жәнібек ауданында жерлесіміздің шығармашылығы мен өмірін зерттеу, насихаттау бағытында «Әуелі қолдан келсе еліңді сүй, Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй. Қағбаға тауап ету керек болса, Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй» деп кейінгіге үлгі болар ұран тастаған Ғұмар Қараштың 1992 жылы Борсы ауылындағы білім ордасына есімі берілсе, Жәнібек ауылдық округі әкімінің «Жәнібек ауылындағы орталық көшелер атауларын өзгерту туралы» 2006 жылғы 06 маусымдағы №148 шешімімен Жәнібек ауылындағы Тәуелсіздік атындағы көшенің атауы өзгертіліп, Ғұмар Қараш атындағы көше деп аталды, сонымен қатар, қаламызда да Ғұмар бабамыздың көшесі бар. 2006 жылы шілде айында Жәнібек ауылындағы орталық алаңға біртуар азаматтың кеуде мүсіні орнатылды, соның ішінде Ғ.Қараштың мүсіні бар.

Ғұмар Қараш бабамыздың зираты «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына еніп, 2018 жылы 5 қыркүйекте Борсы ауылында барша жерлестер мен шаруа қожалығының жетекшілері сауапты іске бір кісідей атсалысып, бірлік пен белсенділік танытып, ақын атындағы қорға қаржылай көмек беруі нәтижесінде Ғұмар бабамызға кесене орнатылды.

Жалпы Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларын насихаттау жолында 24 музей халыққа қызмет көрсетеді солардың ішінде екі музей жеке музей болып табылса, ауылдық, аудандық, облыстық 18 бөлімі бар екі ғасырға жуық тарихы бар ең көне музейлердің бірі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі.

2015 жылдың 16 қарашасынан бастап, сол кездегі Жәнібек ауданының әкімінің тікелей қолдауымен, «Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет басқармасының Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімі болып рәсімделіп, жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету үшін заманға сай заманауи үлгідегі экспозиция жасақталып, музейге Ғ.Қараш атауы беріліп, қыркүйек айында салтанатты түрде ашылады деп жоспарлануда. Жәнібек аудандық музейде 5000 мыңға жуық жәдігер сақтаулы, солардың ішінде, Ғ. Қараштың бюсті, бабамыз туралы кітап-журналдар, көшірмелер бар, сонымен қатар, Облыстық музейде де бірқатар жәдігерлері сақтаулы.

Биыл, Ғұмар бабамыздың 150 жылдығына бірқатар шаралар өткізіліп жатыр. Мысалға, Жәнібек аудандық музей бөлімінің қызметкерлері, №1 мектеп-лицейі ұжымының қолдауымен ақынның туындыларындағы ұлттық таным мен рухани-мәдени құндылықтардан нәр алуға тәрбиелеу, ақын шығармаларының адамгершілік пен имандылықты, достық пен әділеттілікті, татулықты, бірлікті жырлайтындығын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету, дәріптеу мақсатында «Ғұмардың терең сырлары» атты танымдық шара өтті.

2018 жылдан бері дәстүрлі түрде «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық аймақтық байқауы облыс деңгейінде өтіп тұрады, 2025 жылы, яғни биыл, 11 сәуірде VI облыстық «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауы өтті.

Қыркүйек айында «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты Ғұмар оқуларының республикалық кезеңі ұйымдастырылады.

Ғұлама ойшыл туралы әр жылдарда өткен конферениялар мен ауданымызда оздырылған аймақтық «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық байқауында оқылған өлеңдер топтастырылған «Ұлысын ұлықтаған Ғұмар елі» атты жинақ қалың оқырманға жол тартты.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ғұмар Қараштың 150-жылдығына арналып «Ұлт руханиятына ұшаң-теңіз үлес қосқан тұлға» атты көрме ашылып, қыркүйек айында «Қараңғылықтың түнегін түрген шамшырақ» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек.

Гүлнара Дүйсенғалиева,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-әдістемелік
бөлімінің меңгерушісі

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top