Еліне танылған азаматтар
Мен өзім жақсы білмегенмен өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы ақсақалдар, ауылдың атқамінерлері жиі әңгімелейтін Тайпақтан еліне танылған азаматтар көп еді. Солардың бірегейі, белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, ұзақ жылдар басқарма, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Тайпақ, Жымпиты, Казталов аудандарында жұмыс істеген Тайпақ елінің тумасы Ниязұлы Сабай жөнінде 107 жасқа келіп қайтыс болған абыз қария Оңғарұлы Жұмабектен естігендерімді естелік ретінде ұсынамын.
Көзіқарақты, көп жасап, көпті көрген, көріп-түйгені мол, қазақтың мақал-мәтелдерін сөзіне тұздық етіп бастайтын, өмір бойы қара шаруа, мал баққан, 4 ұл, 3 қыз өсірген дана ақсақал сөзін былай деп бастаған еді:
«Сабай рудан қуғанда бізге іншек болады, біз сегіз арыс Масқардың Қадырқұл тайпасынан тараған ұрпақпыз. Қадырқұлдан Қоңыр, Қойбас, Жұпар, Жұбатыр, Естай, Жамантай, Токал, Нашкүрік, Сүйесін, Демесін, Кішіенем деген 11 бала дүниеге келген. Біз Қойбас бөліміненбіз, ал Сабай Нашкүрік атамыздың ұрпағы. Нашкүріктен Ақкісі, одан Қартмәмбет, одан Нияз, Тағыберлі, Тасқымбай. Нияздан Құсан, Шымырғали, Төрес/Ізторғай/. Құсаннан Сабай.
Ниязов Сабай 1924 жылы Тайпақ ауданының Сармантөбе ауылында туылған, 2000 жылы Орал қаласында қайтыс болған. 1937 жылы Орал қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітіріп, Ұлы Отан соғысына аттанып, бастан аяқ қатысып, елге 1945 жылы жеңіспен оралғаннан кейін Базартөбе МТС-да зоотехник, ірілендірілген Жамбыл колхозының басқарма төрағасы, Краснояр қой совхозының бас зоотехнигі, Тайпақ аудандық партия комитетінің хатшысы болып жасады. Іскер, адамды танып білетін, кім болса да бауырына тартып, үлкенге сәлемі түзу, кішіге ақылшы болғанын көзіміз көрді. Мал бағып отырған бізге арнайы келіп, ағаның ақылын тыңдап, «Жеңгемнің күрең шәйі мен құрт-ірімшігін сағынып келдім»,– деп, төрімде аунап-қунап, әңгімесін айтып күлдіріп, біз де бір жасап қалатынбыз. Жымпиты, Казталов аудандарын жемісті басқарып жүр деп естимін. Өмір жасы ұзақ, халық үшін төгілген тер ұмытылмайды, талай жастардың өсіп, елге басшы-қосшы болуына еңбектеніп жүрген ағаларыңның бірі, соған қарап бой түзеңдер, еңбек етіңдер», – деп жиі айтып отыратын.
Кейіннен өзіміз өсіп, партияның, үлкендердің тәрбиесін алып, атқа мінгеннен кейін, Сабай ағамен облыстық жиналыстарда кездесіп жүрдік, онда амандық сұрасқаннан әріге бара алмадық. Жымпиты ауданында 16 жыл бірінші хатшы болып жасап, талай ауқымды істер атқарып, ауданның экономикасы мен шаруашылығы алға басып, өркендеген кездері болғанын білеміз. Жымпитылықтар жыр етіп айтып жүреді. I хатшы С. Ниязовтың басшылығымен «Правда», «Жетікөл» совхоздары дүниеге келіп, ол шаруашылықтар облыс бойынша Отанға астық тапсырып, мал басын өсіріп, ет өндіруде таңдаулылардың көшін бастады. Іскер де ізденімпаз, қиындықтан мойымайтын I хатшыны облыстық партия комитеті Казталов ауданына жұмысқа жолдап, онда 6 жылдан астам I хатшы болып, ауданның экономикасын дамытуға зор еңбек сіңіргенін көпшілік жақсы біледі. I хатшының еңбегі жоғары бағаланып, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет белгісі» ордендері, бірнеше медальдармен марапатталғанын білеміз. Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырған, халқына қалаулы, еліне елеулі болған, еліне танымал ағамыздың артында – танымал ұстаз, шаңырақтың келіні атанған жеңгеміз, іні-қарындастарымызға жапырақтары жайылып, ұзақ та бақытты ғұмыр кешулеріне, ағайдың, текті шаңырақтың абыройын асқақтата берулеріне тілектеспін!
Енді немере ағасы Шымырғали ағай жөнінде.
Шымырғали ағамыз бастауыш білімімен ғана көп жылдар бойы аудан шаруашылықтарында есеп қызметінде жасап, талай есеп қызметкерлерін даярлаған адам. Шаруашылықтарда бас есепші болып жемісті еңбегімен көпшілік құрметіне бөленген тәжірибелі есеп қызметкерлері Төлеушов Т., Маханаев, Дүйсембиев Р., Ахметов Ш., тағы басқалары ұстаз тұтатын. Есепке өте шебер, іскер, талапшыл болды. Базартөбе совхозында бас есепші болып жүргенінде, есімі ауданның Құрмет кітабына жазылды. Өлеңті, Орал Қаракөл, Базартөбе совхоздарында бас есепші болып жасады. Орта бойлы, сөйлегенде ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін, ақжарқын болғаны есімде. Батыс Қазақстан университетінің Әлеуметтік-Гуманитарлық кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Ниязов Есенгелді сол Шымыр ағаның екінші ұлы.
Ата-бабаны қадірлейтін салт-дәстүрлерді берік ұстап, кейінгі ұрпаққа тәрбие беріп, бойларына адамгершілікті қалыптастыруға, елдің экономикасы мен мәдениетін көтеруге ерекше үлес қосып, мемлекет және қоғам қайраткері болған ағамыз баршаға үлгі. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сондай-ақ Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ауыл шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі болды.
Ел алдындағы еңбегі бағаланып, орден, медальдармен марапатталды. Ұрпақтары мақтаныш ететін ұлағатты ағалар жөніндегі естелігім осымен аяқталды.
Әленғали Керейтегі,
зейнеткер,
Ақжайық ауданының
Құрметті азаматы