Еске алу кеші

27 апреля 2017
0
3449

Мен кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат, иман ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті ең асыл құндылықтың ең жанкешті сақшылары ретінде санаймын.

Әбіш Кекілбаев

Кітапхана – оқу-тәрбие процесін әдебиетпен және ақпаратпен қамтамасыз ететін, рухани және интеллектуалдық қатынасты, мәдениетті, білімді тарату орталығы болып табылады. Кітапхананың қазіргі кезеңде жас жеткіншектердің өскелең талабын қанағаттандыруда, рухани байлығын, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруда алатын орны ерекше.

Өркениеттің ең маңызды, мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты – кітапхана болса, кітап – адамзат мәдениетінің бірегей туындысы.

Адамзат өркениетінің сан ғасырлық мұрасы бізге кітап арқылы жетіп отыр. Кітап оқитын қоғам қашанда бәсекеге қабілетті болады. Кітаптың сырты тозғанымен ішіндегі асыл сөзі тозбайды.

Ойшылдар кітап оқымаған күнін босқа өткен күн, кітап оқудан тыйылған күнін ойлаудан тыйылған күн деп есептей-ді екен. Осыдан-ақ кітаптың адам өмірінде қаншалықты маңызды екендігі байқалады. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» деуі де білімнің берері мол екенінің айқын дәлелі. Түсіне білген адамға кітап – алтын қазына.

Ал қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – абыройлы мамандық иелері. Ойы зерек, қиялы жүйрік, ой-өрісі кең, жан-дүниесі жаңалыққа толы кітапханашылардың алар орны бір бөлек.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жас-өспірімдер кітапхана ұжымы осы кітапханашы мамандығын таңдай отырып, бар саналы ғұмырын кітапхана ісінің дамуына мол үлестерін қосқан, 1961 жылы А.П. Гайдар атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Иванова Валентина Васильевна мен 1967 жылы қалалық орталық кітапханасы негізінде балалар мен жасөспірімдерге арналған жас-өспірімдер кітапханасының директоры Железнинская Роза Федосеевнаға арналған еске алу кешін ұйымдастырды.

Кешке қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ұзақ жылдар екі кітапхананың басшылармен қызметтес болған Ф.А. Баюканский, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-ң ғылыми кітапханасының директоры, кейін Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Р.Ж. Исатаева, облыстық мәдениет басқармасынан Р.М. Қазиханова, сондай-ақ Г.З. Таушева, М. Кененова, Қ.А. Алтаева, Р. Абдулова, В. Хайдарова және т.б. қатысты.

Кеште кітапхана директоры Звайда Бисенқызы: «Қай кітапхананың тарихын алсақ та, онда елдің тарихы мен сол жерде жұмыс істеген адамдардың тағдыры бір-бірімен сабақтасып отырады. Бүгін біз тарих беттеріне көз жүгірте отырып, алғаш кітапханада қызмет еткен, кітапхананың мақтанышы мен абыройы болған тұлғаларды еске аламыз. 32 жыл өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен бір орында қызмет атқарған В.В. Иванова мен барлық бастамалардың басшысы, әрі дем берушісі Р.Ф. Железнинская бүгінде, тірі болса 80 жасқа толар еді», – деп сол жылдарын риясыз таза көңілмен еске алды. Сондай-ақ кітапхана қабырғасында қызмет атқарған Н.М. Горбачева, Л.Н. Мартынова, Л.Ф. Потапичева, М.Б. Шуиншалиева, Л.Н. Кекк, Л.А. Галактионова, Г.Я. Ищенко, И.А. Фролова, В.Н. Попова, Г.И. Однокулова және т.б. есімдерін атап өтті.

Кеш жүргізушісі С. Быков Валентина Васильевнаның 1931 жылы 21 қаңтар күні Смоленск қаласында дүниеге келгенін, Харьков мемлекеттік институтын аяқтап, еңбек жолын 1955 жылы Орал қаласындағы №1 кітапхананың меңгерушісі болып, бір орында тапжылмастан 32 жыл еңбек атқарғанын және Роза Федосеевна 1937 жылы 8 қаңтарда Удмурд АССР-нің Завьялов ауылында дүниеге келіп, Ижевскінің кітапхана техникумын, кейін Ленинград қаласында кітапхана институтында білімін сырттай жалғастырып, 1959 жылы Орал қаласына қоныс аударғанын, сол уақыттан бастап Роза Федосеевнаның өмірі біздің аймақтың мәдени өмірімен тығыз байланыста болғанын баяндап берді.

Шара барысында өздерімен қызметтес болған замандастары мен орта буын өкілдеріне сөз берілді.

Естеліктермен бөлісу үшін алғашқы сөз кітапхана ісінің ардагері, ҚазССР-ң құрметті мәдениет қызметкері Толкачева Валентина Ананьевнаға берілді. Ол В.В. Иванова қызметкерлерінің шығармашылық дамуына қамқор болуымен қатар, олардың әрі қарай өсуіне де жағдай жасағаны, бірнеше рет өкімет марапаттауларымен және төсбелгілерімен, Облыстық кәсіподақ комитетінің, Орал облыстық атқару комитетінің депутаттар кеңесінің және Облыстық мәдениет басқармасының мақтау қағаздарымен марапатталғаны туралы айтты.

Содан кейін сөз анасының мамандығын таңдаған қызы №9 ЖОББМ кітапханашысы Троцак Светлана Викторовна алды. Ол осындай кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын айтып, анасы туралы дайындап әкелген бейнеролик көрсетті.

Облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада ұзақ уақыт жұмыс істеген Жаленова Жұмағыз Хамидоллақызы 1971-1974 жылдар аралығында Р.Ф. Железнинскаямен бірлесе атқарған қызмет жолдары жайлы, оның сүйікті ісіне шын берілгені, күш-жігеріне және жеткен жетістігіне тоқтап қалмай, үнемі ізденісте жүретінін ерекше ілтипатпен еске алды.

«Шіркін, көзімнің қиығымен барлық бөлімдерді аралап көрсем ғой, кім, қайда екенін, қандай жұмыстар атқарып жатқанын, – сендер менің, ақылды, еңбекқор, жол тауып кететін тапқышбегімсіңдер. Бір жолдан болса да қай бөлімдер не істеп жатқанын және қал-жағдайлары туралы жазсаңыздар ғой…», бұл Мәдениет қайраткері, құрметті еңбек демалысында жүрген Роза Федосеевнаның хатынан үзінді.

Кітапхананың алғашқы басшылары қызмет еткен жылдардан бергі сақталған фотосуреттерден көрме ұйымдастырылды.

Кеш соңында «Как молоды мы были», «Ақ бантик», «Библиотекарь» әндері шырқалып, «Кітапхана тарихынан» атты бейнеролик көрсетілді.

Кеш қонақтары бұл еске алу кеші мен кездесу кеші болды деп жақсы жылы көңіл-күймен тарқасты.

Автор: Айман Ниязова,
Хамза Есенжанов атындағы ОБЖК библиографы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top