Бастаған іске отандық қолдау

6 июля 2017
0
2398

«Мемлекет бизнес ашқысы келетіндерге жақсы қолдау көрсетеді. Егер жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беріп, бизнес-жоспар құруға жәрдемдесіп, барлық бағытқа «жасыл жарықты» қосып қойған болмаса, мен өз ісімді бастауға жуық арада тәуекел ете алар ма едім», – дейді жас кәсіпкер Жанар Жұмағазиева.

Бүгінгі таңда жеке мекемелердегі медицина қызметкерлерінің жұмысы сөгуге еш келмейді, кезек жоқ, қызметкерлер биязы да ілтипатты, барлық жер тап-таза, ұқыпты. Жетекшілері мамандарды өзі қабылдап, қаржылық және шаруашылық мәселелерімен қатар емдеу ісімен де айналысады.

…Жанар бала кезден тіс дәрігері болғысы келетін. Ең алғаш әпкесі оны тіс дәрігеріне апарғанда, оған ұнағаны дәрігердің ақ халаты мен кабинеттің мұнтаздайлығы емес, …тістегі қуысты бітеуге арналған пломбаның иленуі, аппақ ұнтақтан жасалған «саздың» соңынан «тіске» айналуы болатын. Бала кездің айқын естелігі жоғары сыныптарға келгенде оның таңдауын анықтай түсті. Ата-анасы басқа мамандықты қаласа да, оның таңдауы өзгермеді. Ақтөбедегі Оспанов атындағы медициналық академияда оқи жүріп, үшінші курстан бастап тіс дәрігері кабинетінде санитар болып жұмыс жасай бастады, одан соң медбикелікке ауысты, соңында алғашқы пациентті де сеніп тапсырды. Алтыншы курсқа келгенде ол өзіне деген сенімділікпен емдейтін халге жетті. Дипломын ала салысымен Оралдағы балалар стоматологиясына жұмысқа тұрды, одан соң ересектерді де қабылдай бастады, ортопедияны игеріп алды.


Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі

Жеке медицинаның дамуына жағдай жасау. Барлық дамыған әлемде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жеке сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз.

«Қазақстан-2050» стратегиясы:
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»


Жас дәрігер қыз өз ісіне ғашық деуге болады. «Мысалы, кейде тіс дефектілер бар емделушілер келеді, күлуге, тіпті сөйлеуге ұялатындары бар. Міне, сондай көріксіз тістерден жарасымды да көркем тістер жасаған ұнайды, адамның өзгелерге күлкі сыйлағанын қалаймын. Өз ісіңді құштарлықпен жасап, олардың жарқыраған көздерін көріп, алғыстарын естігенге не жетсін! – деп түсіндіреді Жанар Жұмағазиева.

– Өз ісіңді ашпай-ақ өзгелерге жұмыс жасап, жалақыңды алып жүре беруге де болады, әрине. Бірақ онда өзіңді тәуелді сезінесің. Бостандығың жоқ, жалақыны жетекші бекітеді, қабылдау уақыты да солай, бұл – минус, деп жалғастырды өз сөзін кәсіпкеріміз. – Қазір таныстарымның қайсысын кездестірсем де, шетінен – бизнесмен. Бәрінің шағын болса да, өз ісі бар. Уақыт талабы солай, алға қарай ұмтылу қажет, – деп бүгінгі күннің серпілісін атап көрсетті.

Бұрын жас болсаң, сенің қолыңнан ештеңе келмейтін, жылдар өткенде, тәжірибе жинақтайтынсың. Қазір барлығы да өзгерді, жастар да солай, олар тез қағып алып, тез үйренеді, ойлау мен әрекет етуі де тез. Орта жастағылар мүмкін барып, оқып келермін деп ойлап жүргенде, жастар әлдеқашан сол жерден табылып жатады. Онымен қоса, олар өздері үйреніп алып, үлкендерді де үйрете алады. Менде мынадай жағдайлар болады, дәрігерлер кейде балалар стоматологиясы бойынша менен кеңес сұрап жатады, ол салада жасағаныма 8 жыл болыпты. Жас мамандар материал таңдауда да өткір болып келеді, олардың да түр-түрі бар, арзаны, орташасы, қымбаты. Материалдан үнемдемеуге тырысамын, уақыт өте келе қайта дұрыстап отырмас үшін».

Алғашында өз стоматологиясын ашар кезде қобалжығаны рас. Жабдықтарды алғанда да, тек өзіне сенді. Мәскеуден рентген аппаратын, екі стоматологиялық орындық, инструменттерді стерильдеу үшін автоклав сатып алды. Материалдық жағынан қолдаған ата-анасына алғысы шексіз – олар қыздарына сенім артып, пәтерлерін кепілге қойды. Іскер әйел өзін алдына қойған мақсатына жете білетін еңбекқор деп санайды, бірінші орынға қашан да жұмысы мен мансабын қояды.

Мемлекеттің қолдауын нақты сезінгенін, Президент бағдарламаларының ықпалын, жергілікті атқарушы биліктің әсер ету тетіктерін қаржы институттарымен әріптестікте нақты байқағанын айтады кейіпкеріміз. «Бір банкке несие алу үшін барып едім, олар, қажет соманың 30 пайызын төлеп, кепілге қозғалмайтын мүлікті қою шартын алға тартты. Ал Сбербанктің шарттары көңілге қонымды көрінді. Бизнесті дамытудың «Даму» аймақтық қорында бизнес-жоспар жасауға көмектесіп, еш кедергісіз лицензиямды алдым. Қандай ма бір құжаттар жетпей жатса, күттік, еш бөгет жасалмады, керісінше кеңестерін аямай, жылдам да тиімдірек жасауға көмектесті.

Осы шаруаларға жарты жыл ғана кетті. 4,6 миллион теңге көлемінде несие алып, стоматологиямды алдымен Атырау облысының Құлсары қаласында аштым. Несиенің 4 пайыздық мөлшерін ғана төледім, ал қалған 10 пайызын мемлекет өтеп отырды, себебі Құлсары – моногород болып есептеледі. Менен талап етілгені жаңа жұмыс орындарын ашу болды, мен медбике, санитар және бухгалтерді жұмыспен қамтамасыз еттім. Менен жалақы алатын тіс техниктарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймын».

Біздің қаламызға Жанар Берікқызы өткен жылдың желтоқсанында келді. Жалға жұмыс орнын алып, жабдықтап, кең кабинеттен жайлы орын жасады. Өз ісін жарнамаламайды, себебі бұрынғы емделушілері арқылы тарайтын «ұзынқұлаққа» сенеді. Қазіргі кезде өз ісіне, емделушілердің денсаулығына жауапкершілікпен және ықтиятты қарайтын тағы бір стоматолог-дәрігер іздестіруде. Сонымен бірге ұжым мен пациенттердің сыйластығына үйреніп қалған ол балалар стоматологиясында да қызметін жалғастыруда. Ол жерден кеткісі жоқ.

«Әр адаммен де байланыс орнатуға тырысамын. Өз дегендерінен қайтпайтын, “маған осылай жасаңыз” дейтін қиын пациенттер де болады. Олай жасауға болмайтынын түсіндіруге тырысамын, кейбіреулері ренжіп кетіп те қалады. Уақыт өте келе қайтып келіп, “сіздің айтқаныңыз дұрыс екен” деп жатады. Алдын ала бұлай жасасақ – нәтижесі осындай болады, басқаша әрекет етсек – басқаша нәтиже күтеміз деп ескертіп аламын. Ашығын айтып, анықтап аламын, бұл – менің ұстанымым. Мен үшін бастысы – сапа, менен шыққан соң емделушім мені өзгелерге ұсынып, жарнамалайтын болады, – деп құпиясымен бөлісті дәрігер. – Барлық жерде сабырлылық қажет. Мысалға ашу кернеген пациент келсе, сабырлылықпен қызмет көрсету керек. Түрлі клиникаларда болып көрдім, кей әріптестерімнің көзқарасын өзім де көріп жүрмін, сондықтан мұқият, қамқорлықпен қызмет көрсетуге тырысып, неге осы дәріні ғана қолдану керек, дәрігер нұсқаулығын неге тиянақты орындау керектігін жіті түсіндіремін. Елбасымыз айтқандай, ұлт саулығы – Қазақстанның басты мақсаттарының бірі».

«Сіздің тым-тәуір клиентураңыз бар, екінші дәрігер іздестіріп жатырсыз, тағы қандай жоспарларыңыз бар?» – деп сұрадым мен. «Жоспарлар орасан зор, – деп күлімсіреді ол аппақ тістерімен. – Әлсін-әлсін Ақтөбе, Алматы қалаларына курстарға барып тұрамын, бірақ алыс шетелге барып, тәжірибе алмасып, білмегенімді үйреніп, жаңа технологияларды алып келіп, басқа да елді мекендерде емдеу орындарын ашқым келеді. Дамуды жалғастырып, емделушілердің сұраныстарын қанағаттандырғым келеді. Олардың талабы да өсе түсуде, интернетке кіріп, суреттерді көшіріп алады да, «осындай тіс жасап беріңізші» дейді. Мен үшін алдымен адамның саулығы, менің адал атым, содан кейін барып табыс табу тұрады. Ашкөздік адамды құртады, жасаған әрекетіңнің бәрі де өзіңе қайтып оралады. Шын жүрегіңмен беріліп жұмыс жасап, көмек көрсетіп, емдеу қажет. Осы нұсқама маған өсіп, жетілуіме көмектеседі».


Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың
Қазақстан халқына жолдауынан. 2017 жылғы 31 қаңтар


Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top