Болашаққа бағыт алып…

9 ноября 2017
0
2594

Ескі әуежай аумағындағы Ковыльная көшесіндегі «УроМед» жеке клиникасы биылғы жылдың ақпанында ғана ашылса да, тұрғындар арасында танымал бола бастаған, және тек қаланың осы ауданының тұрғындары емес, облыс орталығының кез келген ауданынан да келеді екен. Осы жерде өткізген бір жарым сағатта осыған көзім жетті. Уролог дәрігер Ғ.Х. Жайтілеуов маған дейін де емделушілерді қабылдап жатыр екен, сондықтан біраз уақыт күте тұруға тура келді, мен кетісімен дәрігер пациенттерін қабылдауды жалғастырды.

– Біздің қызметімізге зәру пациенттер аз емес, – деп күлімсірейді Ғарифолла Хамидоллаұлы. – Күніне біздің «УроМед»-ке он-жиырма адамдай келеді. Олардың саны біртіндеп көбейіп келеді. Ақсай қаласынан да, өзге аудандардан да келетіндер бар. Біз туралы қайдан біліп қойды деп ойлайсыздар? – деп кері сұрақ қойды ол. – Бір-бірінен естіген тұрғындар арқылы шығар дұрысында.

Клиника директоры Жаңагүл Баймұратқызы Жайтілеуовамен кездесудің реті түспеді, мен барған кезде ол Ресейдің Екатеринбург қаласына оқуға кеткен болатын. Клиника жаңа жабдықтар алып, соған сәйкесінше біліктілікті арттыру қажеттігі туындаған екен. Алайда ол менің келісіме ешқандай кері әсерін тигізбеді. Мен интервью алған адам – сол кісінің жұбайы. Менің қызығушылығымды туғызған сұрақ – көп жылдар бойы мемлекеттік емдеу мекемелерінде табысты жұмыс жасаған отбасы өз кәсіптеріндегі осындай жауапкершілігі мол іске қалай бел шешіп кіріскендері болды.

– Өзіңді өз ісіңде сынап көргің келеді екен, – деп түсіндірді Ғарифолла Хамидоллаұлы, – әсіресе ол отбасы денсаулығы, өз ұрпағыңды жалғастыру сияқты маңызды сала болса. Жоғары санатты уролог-дәрігер ерлер денсаулығымен, ал гинеколог дәрігер әйелдер денсаулығымен айналысатыны түсінікті. Алғашқы кезде біз тек ер адамдарды қабылдаймыз деп ойлағанбыз, соңынан ойлана келе, гинекология қызметін де аштық.

Жаңа қалалық аурухананың зәулім ғимараты клиникаға өте жақын, нақтырақ айтсақ – жолдың арғы бетінде. «УроМед» бәсекелестікке қалай төтеп беруде? Сөйтсек, олар – бәсекелес емес, әріптес екен.

Мысалы, «УроМед» ЖК тез арада хирургиялық араласуды қажет ететін пациенттерді көршілеріне бағыттаған да жағдайлар болады екен.

Шағын ғана екі қабатты ғимаратты аралап шықтық. Бұл жерде қабылдауға келгендерге тез де сапалы, кедергісіз қызмет көрсету үшін, олардың жайлы жерге келгендерін сездіру үшін барлық жағдай жасалғандығы көрініп-ақ тұр.

– Егер мемлекет тарапынан қолдау болмағанда, біз көптеген қаржылай қиындықтарға тап келетініміз айдан анық еді, – деп бөлісті ойымен сұхбаттасымыз. – Біз осы түрімізде бірден пайда болып, ашыла қойған жоқпыз ғой. Бұл жерде менің жеке иелігімдегі шаруашылық ғимарат тұрған болатын. Оны кеңейтіп салуға тура келді, енді міне, осы кейпін көріп отырсыз. Ол құрылыс жұмыстарының отбасы бюджетке бірталай шығын келтіргені түсінікті ғой. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша екі мәрте алған несиеміз шетелдік медициналық құрал-жабдық алуға жұмсалды. Сомалар туралы ақпарат құпия болып қалсын. Тек сол несиелердің көмегі көп болғанын айта кету керек. Алғашқы бастамаға осындай қолдау болғаны біз үшін өте маңызды болды. Несиенің қаржысына тиімділігі жоғары, пациенттерді толығырақ тексеріп, емдеуге септесетін жабдықтар алынды.

Мысалы, аргонды плазмалық ұйытқыш. Жатыр мойнының түрлі қатерсіз ауруларын емдеу кезінде қолданылады.


Жаһандық дағдарыс – бұл тек төнген қауіп емес, бұл жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді…

Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.

Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.

Мемлекет басшысының Қазақстан
халқына жолдауынан


Соңғы кездері қолданылатын шараларға қарамастан жатыр мойны аурулары азаймай отыр. Жыныс жолдарының қабыну аурулары, мысалы, онкогендік қасиеттері бар адам папилломасы сияқты инфекциялар көп таралып отыр. Осылардың барлығы қатерлі ісік процестерінің болуы мүмкіндігін арттырады. Сондықтан да жатыр мойны патологияларын емдеудің жаңа да тиімді жолдары енгізілуде, мақсат – патологиялық процестерді жою ғана емес, маңызды органның анатомиялық және функционалдық ерекшеліктерін сақтауды қамтамасыз ету.

Кәсіпкерлерге қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен алынған тағы бір аппарат – «Матрикс-Уролог» лазерлік физиотерапиялық кешені. Урология, андрология, сексопатологиядағы түрлі ауруларды емдеуде ең жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді ол аппарат. Бірнеше физикалық қасиеттердің үйлесімділігі – лазер, магнит, вакуум, вибрация – арқасында энурез, бедеулік, өткір және созылмалы цистит пен простатит, ерлердегі сексуалдық бұзылу, урогениталдық инфекция сияқты ауруларды емдеу мүмкіндігі жоғарылайды.

– Балалары жоқ отбасылардың көбеюі мазалайды, – дейді Ғ.Х. Жайтілеуов. – Бұл жағдайларға нашар экология, ерте жасалатын жасанды түсіктер, жүріс-тұрысы аз өмір салты сияқты факторлар себеп болады… Өкінішке орай, біздің аймақта андрологиямен осы уақытқа дейін шындап ешкім айналыспаған, бұл елеусіз, екінші кезектегі мәселе ретінде қабылданған. Сондықтан да көп адам көрші Ресейге, Самара қаласына барып, емделіп жүр. Ол жерде бұл салада көптен бері жұмыстанады, бірақ біз де бедеулікті емдей аламыз, тек әйелдердің емес, ерлердің бедеулігін де емдейміз – және де көршілерімізден бірталай арзан бағаға. Тағы бір айта кетерлігі, біздер кешкі тоғызға дейін жұмыс істейміз, күні бойы жұмыста болатын адамдар үшін ыңғайлы.

«УроМед» ЖК мамандары кәсіби дайындығы жоғары, жаңа жабдықтар оларға емдеу ісін, оңалтуды және алдын алу шараларын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. «УроМед» клиникасының мамандарында жоғары санатты ультрадыбыстық аппараты бар. 15 жылдық тәжірибесі бар УДЗ дәрігері Г.З. Ералина пациенттерді қабылдайды.

Болашаққа жоспарлар

Келесі жылы «УроМед» ЖК кеңейтіледі деп ойлаймыз. Қосымша ғимаратта маммология кабинеті орналаспақ. Өкінішке орай, аймағымызда соңғы кезде сүт бездерінің аурулары өсіп келеді.

Жаңа қосымша ғимаратта сонымен бірге урологтың жеке кабинеті мен емдеу-егу кабинеті орналасады.

– Бұл кеңеюді біз өз есебімізден іске асырамыз, – дейді Ғ.Х. Жайтілеуов, – яғни клиникадан түскен қаржы есебінен жасаймыз. Кем дегенде тағы да үш адамды жұмысқа алмақшымыз: бір дәрігер мен екі медбике. Өмір бір орында тұрғызбайды, – деп жалғастырды ол, – үнемі алға ұмтылу қажет, ертеңгі күн туралы ойлану қажет. Өзім Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім, медицина саласындағы халықаралық конференцияларға қатысу үшін түрлі уақытта АҚШ пен Испанияда болдым. Оңтүстік Кореяда Сеул қаласында төрт ай оқыған кезде тәжірибелік тұрғыдан өзіме көп нәрсе алдым. Ауруларды ол жақта тек дәстүрлі түрде емес, бейдәстүрлі тәсілдермен де емдейді. Кешенді түрде. Ол жақта тіпті бейдәстүрлі деген түсінік те жоқ. Шөптермен, инемен емдеуді олар дәстүрлі тәсілдерге жатқызады. Біз де өз клиникамызда медикаменттік емдеуді физиотерапиямен үйлестіреміз.

Жерлесіміз корейліктердің өз дәрігерлеріне, жалпы медицинаға деген сенім мен сыйластықтың жоғары деңгейіне де таңғалғанын айтады. Ондай сенімділік емдеу сапасына да, осы саладағы ахуалға да жақсы әсер етеді.

«УроМед»-тің шағын ғана ұжымына әлі көп нәрсені үйреніп, алға ұмтылу қажет. Бұл жерде заманымыздың көптеген тегеурініне жауап беруге әзір мамандар бар.

Фото автордікі
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top