Сәкен Сейфуллин – жаңашыл ақын

5 сентября 2019
0
4535

Сәкен Сейфуллиннің өзгеден өзгеше, айрықша ақындық белгісі – асқан жаңашыл – өнерде де, өмірде де – жаңаға құмар ақын болып қалыптасуында.

«Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы жеңіл жол емес. Күш-қуат, ой-сезім, істері нәр атауларының барлығын қуаныш пен күйініш, қиналу мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етіп келген. Осы күйді, әсіресе Сәкен басынан мол кешті», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында өлмейтін мол мәдени мұра қалдырды.

Ғасыр басында, Ұлы Октябрь революциясы таңына ұласа шыңдалған, қоғамдық, әлеуметтік, идеялық, әдеби-мәдени өмір майданында саналы күрескер болып, революционер ақын ретінде қалыптасқан Сәкен Сейфуллин қазақ тарихындағы аса бір ғажайып тұлға.

Әділетсіздікке, озбырлыққа жаны қас ақынға адам қоғамының мән-мазмұнын түгелдей түзететін жаңа идея, жаңа мақсат әкелген Октябрь революциясы кез болды да, Сәкен Сейфуллинді ағыс арнасымен алып кетті. Социалистік революцияны В.В. Маяковский айтқандай, менің революциям деп қарсы алған ақын жаңа қоғамдық құрылысқа белсене араласты. Маркстік-лениндік ілімнен үйренді. Оның демократиялық мән-мағынасын жұртқа түсінікті ұғым, бейнелермен таратуға тырысты.

Жаңа дәуір халық таланттарының сарқымас көзін ашты. Өз тағдырының кілтіне қолы жеткен халықтың ашық үнін революция дауылы кең далаға таратты. Сәкен Сейфуллин жырларының әуеніне, ырғағына құлақ салсаңыз, сол ауыл, сол далаға тараған жаңашыл сарынды айқын аңғара аласыз.

Владимир Маяковский, Максим Горький, Сәкен Сейфуллин жаңашылдығы адам арын, психологиясын, этикасы мен философиясын, жалпы оның дүниетанымы мен жан сезімін жаңғыртып, тазартатыны хақ.

Сәкен Сейфуллин поэзиясының жаңашыл мәні революция тақырыбын, өз дәуірінің өзекті проблемаларын зор ынта, қуатпен, терең құштарлықпен, тебірене жырлау сипатынан аңғарылады. Өнердегі жаңалық, әрине, тек көркем бейне, бейнелі ой бедерлерімен ғана көрінуге тиіс.

Поэзиясының жаңашыл қасиеттерінің бірі – оның дүниежүзілік және орыс әдебиеті классиктерінен, замандас қаламгерлерден творчестволық тұрғыдан үйрене білуінде жатыр. Ол Мицкевич, Пушкин, Лермонтов мұраларын жетік меңгерген, өз тұрғыластарын да мұқият оқыған.

Сәкен (Садуақас) Сейфуллин 1894 жылы Ақмола уезі Нілді болысы, бірінші ауылда (қазіргі Жезқазған облысы Ақадыр ауданында) орта шаруаның семьясында дүниеге келген. Алдымен ауыл молдасынан сауат ашқан ол Нілді мыс заводындағы орыс-қазақ мектебінен білім алған. 1908-1913 жылдары Ақмоладағы приходская школада, кейін екі класты училищеде оқиды. 1916 жылы Омскінің мұғалімдер семинариясын бітіріп, оқытушы болады.

Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметі Ұлы Октябрь революциясына дейін басталған. «Өткен күндер» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1914 жылы Қазанда жарық көреді.

Бұл жылдардағы өлең-жырларында ақын қарапайым еңбекшілер, мал баққан кедейлерді, аяусыз қанауға ұшыратқан қазақ байлары мен патша әкімдерін сынға ұшыратады. Патша өкіметіне қарсы 1916 жылғы халық көтерілісі тұсында Сәкен Сейфуллин қалың бұқара жағында. 1917 жылы Сәкен Сейфуллин қазақ топырағында алғашқылардың бірі болып қоғам қайраткері ретінде қалыптаса бастайды. 1918 жылы Коммунистік партия қатарына енеді. Бұл кездерде Сәкен Сейфуллин революция жауларына қарсы бұрынғыдан да саналы түрде белсенді күрес жолында. Ақ гвардияшылар мен алашордашылардың ел ішінде кескілескен ұрыс, қақтығысты үдетіп тұрған шағы, ол қайнаған қызу майданның бел ортасында, Қазақстанда Совет өкіметін орнату жолындағы ауыр мезгілінің бірінде ол ақ гвардияшылардың қолына түсіп, атаман Анненковтың азап вагонында, Колчак түрмесінде жеті ай болып, сан алаун қорлық, зұлымдық тозағын бастан кешеді.

Ұлы Октябрь революциясы кезеңінде Сәкен Сейфуллин қазақ еңбекшілері тізе қоса топтасуға, Совет өкіметін нығайту үшін күш салуға үндейтін жалынды жырларын жазды. «Жас қазақ марсельезасы», «Кел, жігіттер», «Асығып тез аттандық», «Жолдастар» сияқты т.б. өлеңдері осындай өршіл сипаттағы дүниелер.

«Тар жол, тайғақ кешуде» жаңа социалистік мұраттар, биік идеялар, азаматтық асқақ талаптар реалистік нақыштармен, публицистикалық пафоспен ұтымды бейнеленген.

«Айша» повесі 1922 жылы жазылып, 1935 жылы қайта өңделген. Повесте революцияға дейінгі қазақ ауылында қазақ қыздарының қалыңмалға сатылып, бас бостандығынан айрылар ауыр тағдыры суреттеледі.

1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік ерлік қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді.

Сәкеннің өмірі мен шығармалары туралы С. Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ. Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағанбетов, Қ. Бекхожиндердің поэмалары, Е. Ысмайлов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев және өзге де ғалымдардың әдеби зерттеулері жарық көрген.

Сәкен Сейфуллин 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылды.

Биыл Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толып отыр.

Назкен Молдаш,
А.С. Пушкин музейінің экскурсоводы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top