Адамның кейбір кездері…

3 декабря 2020
0
162

Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, белгілі ақын Айтқали Нәріков А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітіріп, ұзақ жылдар бойына журналистік қызметте болды. Қазақстан Жазушылар одағы Көркем әдебиетті насихаттау бюросының Батыс аймақтағы уәкілі және БҚО жазушылар ұйымының жетекшісі лауазымдарын қоса атқарды. Оның өлеңдегі тұсауын қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза Әли кесіп, сәт сапар тілеген болатын. Содан бері өткен уақыт ішінде қаламгердің жиырмаға жуық кітабы жарық көріп, кезінде әдебиетшілер қауымы мен оқырмандар тарапынан оң бағасын алды. Ақын Айтқали Нәріков түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болды. Таяуда ол Халықаралық «ТАЛАНТ» сыйлығының лауреаты атанды. Облысқа іссапармен келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы көрнекті ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет жасы 80-ге толып отырған ақсақал ақынды құттықтап, иығына шапан жапты. Оқырмандар назарына ақынның баспаға тапсырған кітабынан бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

Ойлану

Бабалар бағытымен өскен едік,
Әкетті кімдер бізді көштен бөліп?
Арандап қалдық екен қалай ғана
Елеске құн-пұлы жоқ бес теңгелік.

Жайына Құдай қалып, Құран қалып,
Кеңірдек қызарғанша ұрандадық.
«Алды – жөн, адасқанның – арты соқпақ»,
Жүрдік-ау жетпіс жылдай құр алданып.

Өзіміз тойлай алмай тойымызды,
Билеттік бір үрейге бойымызды.
Жат жұртқа жауыққандай көрінді ғой,
Елім деп еміренген ойың ізгі.

… Ұрпақтың жанарынан от өріліп,
Еңсеміз келе жатыр көтеріліп.
Әйтсе де сыбағаға сақ болайық,
«Қырғилар аңдып жүрген кетер іліп»…

Көп көрген қаза жайлы, аза жайлы
Ойлар кеп мені жиі мазалайды.
Бір самал үміт атты лебімен
Кір шалған көңілімді тазалайды.

Ашыну

Жігіттер, немене боп барады өзі,
Ақиып араздықтың ала көзі.
Жаныңа жаман пиғыл жоламайтын,
Адамның жақсы екен ғой бала кезі.

Қалса да дала қараң, қала қараң,
Адалы, арамына қарамаған.
«Жау шапса әкең аулын, бірге шап» деп,
Мақсаты тойымсыздың «алам», «алам».

Жан-жақтан ауық-ауық шу шығады,
Ауруды емдемесе ушығады.
Ағаны тыңдайтұғын інілер жоқ,
Жігерің құм боп іште тұншығады.

Әрқайсы сайқал мінез сайлап алып,
Кеткен бе төңірегім айла бағып.
Абайдай айдалаға қашсам ба екен,
Оңамын бірақ, бірақ қайда барып?

Досың да сыр ашпайды ақтарыла,
Қараны қара демеу, аққа күнә.
Түсетін таразыға кезі келер,
Дүрсініп жүргендерің шақта мына!

Түңілу

Жеңілтек бойжеткендей жырпылдаған,
Замана, ұнамайды құлқың маған.
Мінезі адамдардың айнымалы,
Жүзіндей ұстараның қылпылдаған.

Біреуді қинап жатыр қимастары,
Біреуді сатып кетіп сыйластары.
Бұл күнде Жантықтардың жолы боп тұр,
Ойынның түзуі жоқ, қиғаш бәрі.

Көзімен, сөзімен де «іреп» тұрар,
Сүрініп кеткеніңді тілеп тұрар.
Жөңкіген жәдігөйлер қайдан шықты,
Болады кімге пана, тірек бұлар.

Ептілер қатар түзеп, сән құрады.
(Әрине, түбінде бір алдырады…)
Өмірдің күнгей жағын қалап тұрсаң,
Көлеңке көңіліңді қалдырады.

Абыздар жамандықты алыс қылар,
Жақсыны жақсыменен табыстырар.
Азайса ақылмандар, пейіл азып,
Қосшысын басшысымен алыстырар…

Сезімім көз ілмейді, түн қатады,
Ойларым тұңғиыққа шым батады.
Келеңсіз құбылыстар жанымды жеп,
Жалаңаш жүрегімді сыздатады.

Сырласу

Ақжүрекпін, емеспін «алақашпа»,
Жүрген жоқпын пайда іздеп қарабасқа.
Өмір бойы өлең деп елеңдедім,
Атым бірақ жетпеді бар Алашқа.

Жақсы ісімді зәредей өсім қылып,
Жан емеспін жасаған тосын қылық.
Жалт қаратар жалпыны еңбегім жоқ,
Мақтанбаймын сондықтан төсімді ұрып.

Өскен өркен емеспін саядағы,
Тағдыр мені сынады, аямады.
Жел өтінде жүріп-ақ ержеттім ғой,
Пендесіне жазмыштың бай амалы.

Ойшылдықты әр күнім енші қыпты,
Берер, бермес замана кеңшілікті.
Зая кеткен уақыт ашындырып,
Бітпеген іс, біткенді кемсініп тұр…

Бұлбұл ұшты көзімнен құлын күнім,
(Өмір көрген мен қазір жырындымын).
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ»,
Сөздерінің бәрі рас бұрынғының.

Бесік болған әкеме, анама да,
Сол баяғы қалпында дана Дала.
Салалайды саусақпен бурыл шашын,
Өткенді ойлап кешегі қара бала!

Тежелу

Жүргенімде еш алаңсыз, ырғалып,
Қалды қанша сезім шаршап, жыр налып.
Берілген соң бір мақсаттың жолына,
Мінезге де керек екен бір қалып.

Жұрт қатарлы тұрмысым да, күйім де,
Қонақ қаптап жатады әркез үйімде.
Келген жандар риза болып кеткенмен,
Негізгі ісім қалып жатыр кейінге.

Жапырағын жайқалтар ма бұтағым,
Өткен шақты қуып, қалай ұтамын?
Ортайғандай оқырмандар көңілі,
Көптен бері шықпай кетіп кітабым.

Басқаша бір сыр байқатып замана,
Жанымызды қуырып тұр табада.
Жылтырақ жыр жазып неге жетісем,
Пайдасы жоқ болса қала, далама.

Сұсты күндер тұр қаруын кезеніп,
Күдік-күмән жатыр іште тез өніп.
Туғыза алмай өзекті өртер өлеңді,
Өз-өзімнен жүрмін қазір тежеліп.

Мұңдану

Арқалаумен келем әлі күйікті,
Ауыр салмақ жаншып жатыр иықты.
Қимасыңды қалайды екен бұл Құдай,
Алады екен адамыңды сүйікті.

Ұлым менің неге мұнша асықтың,
Өрлеп тұрған көңілімді жасыттың.
Дүние кең-неге жүре тұрмайды,
Ажалдан бұл құтылады қашып кім?

Сабырлылық сақтағым-ақ келеді,
(Төзімімнің болар емес төлемі).
Орындалмас армандарың жанды жеп,
Түнгі ұйқымды жиі төртке бөледі.

Бала кезден шығып еді жақсы атың,
Биік еді алға қойған мақсатың.
Көз тиді ме, сөз тиді ме өзіңе,
Алла ала ма, көңіліне жақса кім?

Шешті тағдыр тілеуіңді бермеске,
Осылайша кете бардың келмеске.
Еліңнің бұл еңселі ұлы боларың,
Түсіп жатыр, түсіп жатыр енді еске…

Зор болашақ күтіп едім ұлымнан,
Гүлім болды ол тым ертелеу жұлынған.
«Жақсы адамның қысқа болар ғұмыры»
Деген сөз бар келе жатқан бұрыннан.

Тебірену

Өмір қызық үміті, арманымен,
Жетелеуден тынбайды алға кілең.
Жігіттіктің семсерін жарға сүйеп,
Осынау жас келіп те қалған білем.

Екі сөздің біреуі «баяғыда»,
Өткен жылдар ұқсайды жай оғына.
Бірте-бірте байқатпай түсіп жатыр
Кәріліктің тұсауы аяғыма.

Жас кезде де көргем жоқ желігіп тым,
Алыс қондым аулынан серіліктің.
Бойыма шақ жүгімді иыққа артып,
Бір мақсаттың жолына беріліппін.

Бұл өмірдің өрі бар, еңісі бар,
Ер жігітті қашанда елі сынар.
Әлдекімдей бәлденген жан емеспін,
О бастан-ақ ойының өрісі тар.

Армандаман шықсам деп дара шыңға,
Көппен бірге жетермін қарасынға.
Себебі, мен туғаннан келем өсіп
Қарапайым адамдар арасында.

Кіжіну

Біреулерге үміт арттық текті деп,
Сын сағатта сүрінбегей деп тілеп.
Сол тектілер ұсақталып барады,
Жан-жағынан шырмап алып «ептілер».

Балақтағы бит шықты ғой басқа бұл,
Қалталының құлы боп жүр асқақ ұл.
«Жүліктердің» беріп-ақ тұр «құдайы»,
«Сүліктердің » қан соруы қас-қағым…

Қара тасты кессең де су шықпайды,
Қарасуық түссе малың ықтайды.
Алдамшының екі көзі ойнақшып,
Сөйлегенде, аузы-аузына жұқпайды.

Біртүрлі боп бара жатыр адамдар,
(Қылыштайын жан-жағынан жалаңдар).
Сайда саны, ойда ізі қалмаса,
Пенделерде енді қандай амал бар.

Сезіп келем замананың екпінін,
Қашан бізге тигізеді септігін.
Көңілдегі төрт құбылам тең болмай,
Кіжінумен өтіп жатыр көп күнім.

Өкіну

Еркін өскен ұланы едім даланың,
Қалаға кеп біртүрлі боп барамын.
Кінәламан, кінәламан ешкімді,
Өз мінімді өз бойымнан табамын.

Біреулерге көрінем деп жақсатты,
Бұлдырлау қып алдым білем мақсатты.
Тірлігіме ырза болмай келемін,
Содан болар жүйкем шаршап, бас қатты.

Тосылмайтын жерлерде сан тосылдым,
Қосылмайтын адамдарға қосылдым.
Ауырлатып келем әлі күнәмді,
Кемшілігін бетіне айтпай досымның.

Темір құрсау салып қойып сезімге,
Жылағанды жұбатпадым кезінде.
Саналының құлағына жетпей жүр.
Айтылатын жерде айтылмай сөзім де.

Босқа өткен күндер үшін асыл кіл,
Бұл күндері ұйқым менің қашып жүр.
Бәйгедегі сәйгүліктер секілді,
Жыл артынан бара жатыр асып жыл.

Өзгеру

Үлкеннің сыйлап сақалын,
Кішінің сыйлап атағын.
Өмірім өтіп барады,
Жетпіске жасты тақадым.

Ынжық қып кеткен алғырды,
Зулады жылдар сан қырлы.
Келеңсіз сол бір кезеңдер,
Біздерде ізін қалдырды.

Елесті нағыз бақ көріп,
Барлығын бойға шақ дедік.
Өтірік өрге басты ғой,
Тастайтын кезде қақ бөліп.

Ойымыз қанша көрікті,
Тұншығып іште өліпті.
«Екі асап» жүрген ептінің,
Бәйгеден аты келіпті.

Тізбелеп қайтем барлығын,
(Есінде болар арлының).
Біреулер бетте қалқыса,
Көтерді біреу нар жүгін.

Берілмей дау мен дамайға,
Ашайық өріс жаңа ойға.
Өмірмен бірге, замандас,
Өзгеру керек қалайда!

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top