«Ұлттық сана – ұрпақ еншісі»

21 марта 2019
0
1922

Өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Мұның өзі қазақ халқының этникалық ерекшеліктерін танытады, әрі оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болған. Жеті ата мен ру шежіресін білу қазақ халқы үшін маңызды.

Жеті ата – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасының нақты есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір шешімге келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. Шежіреде соңғы түйіндеуші буын әдетте ру есіміне тіреледі. Керісінше, руынан бастап сатылап өз әкесіне, өзіне дейін таратылады. Жеті атадан Үш Жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы «Қазақ халқы – бір атаның баласы, бір тамырдан тараған» деген ұстанымды орнықтырған. Жеті ата ұстанымы бүкіл халықтың бойында еш мәжбүрлеусіз мейілінше тегеурінді рухани бірлік сезімін терең сіңірді. Ол этникалық тұтастықтың қуатты арқауы, темірқазығы болды. Қазақ ұлты өз жеті атасын білсе, өз дәстүрлерін ұмытпаса, балалары ата-анасын сыйлап, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылса, халқымыздың бірлігі мен берекесі артары сөзсіз.

Осы орайда, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы болашақ өскелең ұрпақтың рухани дамуындағы отбасы құндылықтарының рөлін насихаттау, жас ұрпақты адамгершілікке, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұзақ мерзімді «Менің шежірем» атты отбасылық құндылықты дәріптеуге бағытталған жобаны қолға алған болатын.

Облысқа қарасты 12 аудан және қалалық кітапханалар мен мектептердің 10 жастан 15 жас аралығындағы оқырмандары және оқушылары аталған жобаны толық жүзеге асыру үшін өздерінің ата-тегі, яғни жеті атасы туралы мәліметтер жинақтап, жеті атасы туралы мәліметті электронды түрде, сызба арқылы дайындалуы тиіс, сонымен қатар оқырман жеті атасын сызба түрінде көрсеткен жағдайда өз руын міндетті түрде жазып кетуі керек.

Жобаны қолға алу барысында кітапхана ұжымы төмендегідей нәтиже күтеді: берілген жобаны жүзеге асыру кітапханаға Батыс Қазақстан облысының ақпараттық кеңістігінде және әлеуметтік-мәдени ортадағы лайықты орнын алуға жағдай туғызады. Жобаны жүзеге асыру барысында арнайы кітапханалық сайт ашуға және жас ұрпақ үшін сақталатын дәстүрлі мұра өзіндік рухани және электронды ресурстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ақпаратпен қамтудағы кітапхананың рөлін, кітапхананы пайдаланушылар санын және кітапхана имиджін көтереді.

Қазақ отбасында баланы өмірге дайындау дәстүрінің бірі – шежіре үйрету. Оның негізгі мақсаты – ата-текті білу, ұрпақ тазалығын сақтау. Шежіре ақыл-ойға қозғау салып, адамды тануға итермелейді. Өзінің кім екенін, ағайын-тумаларының қайдан шыққанын білу өте қажет. Осы арқылы жігіттің тұлғалық қасиеті танылған. Сондықтан халық «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» дейді. 2019 жылы 28 ақпан күні Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен екі жылдан астам уақыт бойы «Менің шежірем» жобасы бойынша келіп түскен жұмыстарды жинақтап, электронды мәліметтер базасын жасақтап жас жеткіншектердің еңбегін көпшілік назарына ұсыну мақсатында «Ұлттық сана – ұрпақ еншісі» этнопанорамасын ұйымдастырды.

2016-2018 жылдары «Менің шежірем» атты отбасылық құндылықты сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатындағы жоба аясындағы жұмыс нәтижесінде 10 жастан 15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерден 200-ге тарта жұмыс жиналды. Бұл жұмыстар «Шежіре» атты электронды мәліметтер базасына енгізілді.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында балаларға ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда жүргізілетін жұмыстарды одан әрі дамыту, өркендету мақсатында ұйымдастырып отырған «Ұлттық сана – ұрпақ еншісі» тақырыбында өткен этнопанораманың басында «Шежіре» атты электронды мәліметтер базасының тұсаукесері жасалып, көпшілікке жас жеткіншектеріміздің жеті атасын тізген жұмыстарының бір арнаға қалай тоғыстырылғаны көрсетілді және кітапханаға келуші өзінің руы мен ата-тегін қалай іздеп табуына болатындығы толық айтылды.

Қазақ халқының жеті ата шежіресі дегеніміз – халқымыздың әрбір отбасында атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, берік орнығып, заңдылыққа, халықтық тәрбие құралына айналған ізгі іс-әрекеттер, тәлім-тәрбиелік қағидалар, жалпыға ортақ әдептілік, инабаттылық нормалар жиынтығы. Өз шежірелерін білетін ұрпақ болса біздер үшін үлкен мақтаныш емес пе, ендеше сондай ұрпақтарымыз өз ізденістерін көпшілікке таныстырды. Олар, № 5 кітапхана оқырманы № 42 «Ақ ниет» гимназиясының 7 сынып оқушысы Сатпай Ернұр, қалалық № 13 кітапхана оқырманы № 44 мектептің 6 сынып оқушысы Өтеулі Абылай және № 3 кітапхана оқырманы, № 42 «Ақ ниет» гимназиясының 4 сынып оқушысы Тасмағамбетов Амирхан.

Шара жұмысында қазақ отбасында баланы өмірге дайындау дәстүрінің бірі – шежіре үйрету, оның негізгі мақсаты – ата-текті білу, ұрпақ тазалығын сақтау туралы айтылады және «өз ата-бабасын, жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет пе?», «бүгінгі ұрпақ осы білігі арқылы өз халқының дәстүрін жалғастырады ма?» деген сұрақтар төңірегінде тарихшы, өлкетанушы, Ресей өлкетанушы одағының мүшесі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау» орталығының директоры Құрымбаев Айболат Шамұратұлы ой бөлісіп, балалардың зерттеу жұмыстарына қатысты пікірлерін білдірді.

Әлем халықтарының салт-саналарымен салыстырғанда ұлттық мәдениетімізде мақтанышпен айтатын қасиетті дәстүрлеріміз баршылық. Соның бірі – ата-бабамыздан жалғасқан, бүгінгі күндегі озық медицинаның дәлелдеуінен өткен жеті аталық ұстаным, жеті атаға толмай қыз алыспайтын қазақи шежірелік жүйе. Ол – қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында ата-тектің жалғасуын реттейтін қасиет. Осыған байланысты ежелден бері қазақ халқында өзінің жеті атасын білуі әрбір азаматтың борышы болып саналады. Сонымен бірге бұл – ата-ана үшін отбасылық үлгі-өнегенің әліппесі. Тек ата-анасынан жастай айырылған жетімдер ғана мұндай тәрбиеден мақұрым қалатын. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі» деген сөз де осыдан шыққан болса керек. Қорыта айтқанда жеті атаны білудің мән-мазмұнын ұрпақтан ұрпаққа жеткізе ұғындырып, ағайын-туманы татулыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу қажет. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны, әрі азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек.

Жанаргүл Жаңабергенова,
Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының әдіскері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top