Ардагерлер ауылдастарына риза
Көктем келіп, жер дүние қайта түлеп, жасарған, құлпырған шағында Елбасымыздың Алты Алашқа, иісі қазаққа тастаған ұраны іспетті «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деп басталатын ерен еңбегіне жыл толғанда Ақжайық ауданы Тайпақ ауыл округі әкімінің ұйымдастырып, шақыруымен Орал шаhарында тұратын 26 ардагер зейнеткерлер осы жылдың 21-сәуір күні «Туған жерге тарту» атты форумға қатыстық. Мақсат: туған жерді көркейтуге үлес қосу. Барған соң, ең әуелі Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, тағзым етіп, одан соң тұрғындармен Мәдениет үйінде кездесіп, аудан басшысы Ә.Т. Жоламанов, ауыл округінің әкімі Б.Б. Шаленов, ақын С. Бисенғалиев барған ардагерлерден: Ғ. Хаймолдин, Ә. Кереев, Б.Г. Кажбанова, Н. Бекқайыр, А. Орынғалиқызы, Қ. Кенжеалиевтер сөйлеп, ауылдастардың «Рухани жаңғырудағы» жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
Шараға 130-дан астам жерлестер қатысып, ауылды көркейтуге бағытталған 7 жобаның орындалуына ақшалай қомақты үлес қосып, оған барған зейнеткерлер де атсалысты. Биыл 70-ке толатын Батыстың Мұқағали атанған ақын марқұм, Сағат Абдуалиевке мүсін тұрғызуға қаражат жинауға келісілді.
Сол 7 жобаның алғашқысы «Тайпақ – менің жүрегім» атты жобаның тұсаукесер рәсімі өтіп, Ақжайық ауданының құрметті азаматтары: Ғазез Хаймолдин, Қайырғали Уалиевтер лентасын қиып, құттықтады. Сол күнгі сенбіліктегі ағаш отырғызуға қатыстық. Форумға тек Орал өңірінен ғана емес, Ақтөбе, Атырау қалаларынан жерлестеріміз қатысып, ақшалай көмектерін берді.
Форум қорытындысында 21-сәуір жыл сайын Тайпақ ауылдық округі күні болып белгіленіп, оған тек өңірдегі жерлестеріміз ғана емес, Егеменді еліміздің, бұрынғы одақтың түпкір-түпкіріндегі жерлестерді қатыстыру шараларын алу жөнінде шешім қабылданды. Заман талабына үн қосып, туған ауылды көркейтудегі жерлестердің бастамасына, ұйымшылдықпен, ынтымақты жұмыстарына қариялар мен жерлестер риза болды. Бүгін ісіміздің бастамасына келсек, келесіде істелген жұмыстардың жемісін көруге Алла Тағала нәсіп етсін. Тайпақ азаматтары қолға алған осынау ұлағатты шара аудандағы басқа да ауыл округіне жұғысты болып, одан әрі жалғасын таба берсін. Атам қазақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келер» – деген ырысты, ынтымақты, жас-кәрісін алқалаған елдің мерейі үстем болып, Жасаған Ие жарқын істеріңізге мейрімін төгіп, берекелеріңіз арта берсін деген бата-тілектерін айтып, ардагерлер өте риза болып, туған жерден күш жинап қайтты.
Әленғали КЕРЕЙТЕГІ,
Орал қаласындағы Ақжайық ардагерлер қауымдастығының төрағасы,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы.