Ардың жүгін арқалаған депутат

20 декабря 2018
0
1669

Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар
Жаннан қымбат оларға – ар,
Мен жастарға сенемін.
М. Жұмабаев

Ақжайықтан талай батырлар мен ақындар, жыршы-жыраулар түлеп ұшты. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткерлері, депутаттар қаншама? Солардың бірі – Орал қаласының мәслихатының депутаты Ләззат Тұяқбайқызы Рысбекова. Ешкімге ұқсамайтын, жанары от пен мейірім шашып тұратын, жүрегі тек ізеттіліктен жаралған қазақтың қайсар қызы. Замана тынысына үн қосатын, өзіндік ісімен, тірлігімен, ой санасымен танылып келе жатқан ару қызымыз.

Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Арлы адам ардақты», «Өмірге іңкәр көзбен қарасаң, іздегеніңді табарсың» дейді.

«Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген дана Абайдың сөзіне мән беріп өсіп келе жатқан жан. «Топырағына қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Шынында да, адамның жақсы болуы көбіне тегіне байланысты. Алған жақсы тәрбиесінен болар қайда жүрсе де, қандай ортада болса да, қандай жауапты қызмет атқарса да өзін дәлелдей біледі. Аталардың өнегелік ұлағатын өмірге ұран етіп, айналаға шуағын шашып жүру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осы кезде ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Бақыт деген не?» деп сұрағанда, бір ғана сөзбен «Қанағат» деп жауап бергені еске түседі. Осы бір ауыз сөзде терең мағына бар. Ешкімді алаламайтын, өзгенің ала жібін аттамайтын қасиетіне риза боламын. Меніңше, мұнын бәрі ата-әке-анадан, солардың өнегесінен деп білемін. Әкесі Тұяқбай, анасы Баян елге сыйлы ұстаздар. Әкесі ұзақ жыл М. Өтемісұлы атындағы университеттің ректоры болса, анасы Баян Шынтемірова Батыс Қазақстан Гуманитарлық Университетінің ректоры болып істеген. Қазір сол академияда менеджер болып істейді. Бұл екі ғалымның еңбектері тек Қазақстан Республикасы емес, алыс-жақын шет елдерге де танымал. «Ұстаздардың ұстазы» атанған Тұяқбай мен Баянның отбасында тәрбиеленіп, ұлттық құндылықтарды бойына мықтап сіңірген бала, қыз жаман болады деп кім айта алады?! Біз осы отбасына қызыға да, мақтанышпен қараймыз.

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тегі бекзат болғандар
Өмірдің мәнін ұғады.
Тұғырында өмірдің
Әрқашан биік тұрады, – деп нақты айта аламыз.

Қазіргі таңда әйелдер білім берудің мемлекеттік жүйесіне сай жемісті еңбек етіп келеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әйел өмір тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі» деген.

Ләззат Тұяқбайқызы Рысбекова Орал гуманитарлық колледжінің қаржы директоры. Орал қалалық мәслихатының депутаты. БҚО Іскер әйелдер Ассоциациясының төрайымы. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқық қорғау істері комиссиясының мүшесі.

Ләззат Тұяқбайқызы әр айдың үшінші онкүндігінде Орал қалалық «Нұр Отан» партиясының бөлімшесінде азаматтарды қабылдайды. Қабылдауға келген азаматтардың мәселелері әртүрлі. Көбі тұрғын үй мәселесімен, жұмысқа орналастыру, материалдық көмек сұрап келсе, бірқатары көп қабатты үйлердің ауласына балалар ауласын салып беруді сұрайды.

Депутат ретінде тек өзінің ғана сайлау округінен басқа қала тұрғындарының аз қамтылған санатына әлеуметтік қолдау және көмек көрсету жұмыстарын үнемі жоспарлы жүргізуде. Қабылдауға келген адамды мұқият тыңдап, мұң-мұқтажын қолма-қол шешіп береді. Кейбіреуіне – 100 мың, қайсы біреуіне 150-200 мың теңгемен көмектескенін біз естіп, көріп те жүрміз.

Қала тұрғындарының өтініші бойынша биыл 2018 жылы Ғ. Қараш 12, Жүнісов 114, Сарайшық 43/1, 43/2, 43/3, Аманжолов 51 көшелеріне ойдай жұмыстар істеліп, жолдары оңдалды.

– Бұл жұмыс жыл сайын жалғасын табады, – дейді депутат Ләззат Рысбекова.

Депутат Ләззат Тұяқбайқызы «Мектепке жол», «Қайырымдылық» акцияларына белсене қатысады. Қайырымдылық айында 5 отбасына азық-түлікпен көмектесіп, Зашаған кентінде тұратын бір отбасына көгілдір отын кіргізуге, жанұясы аз қамтылған 14 жасар балаға тісін жұлдыруға көмек көрсетті. «Шаңырақта» тұратын жаңадан отау тіккен жас жұбайларға тойын өткізуге жәрдемдесіп, жетімдерді жебеп, кейбіреуін емдетуге де қаражат беріп отырған мейірімді қазақ қызы осы – депутат Ләззат Рысбекова екенін білеміз. Сонымен шектелмей «Ардагерлерді аялайық», Наурыз мейрамы күндері өзінің округіндегі ақсақалдар мен кейуаналарды аралап, әрбіреуінің үйіне барып құттықтап, сый-сияпатын көрсетіп келеді.

Бүгінде кәмелетке толмағандар арасында бұзақылықтың алдын алу «Нұр Отан» ХДП, «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, нақты жұмыстар жүргізуде.

Ләззат Тұяқбайқызы жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімін тәрбиелеуде, «Туған жерге тағзым» рухани жаңғыру бағдарламасына да лайықты үлес қосып келе жатқан жігерлі де қайсар депутаттың бірі.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Ұлттығымызды ұлықтау, өткенімізді қастерлеп, болашағымызға дұрыс бетбұрыс жасауымыздан, мәдениетіміз бен тілімізді түгендеп, сана мен рух тазалығы жаңарған қоғамның әйелдері де жете түсінетініне» зор сенім артты.

Парасат пайымдары жоғары ғалымдар отбасында дүниеге келген Ләззат жарасымы мен шуағы мол ортадан өнеге мен тәрбие алып, бойжетіп, мектепті үздік бітіріп, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бухгалтер-аудитор мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп, «Қазақтелекомда» бөлім бастығы болып еңбек етті.

Ләззат Тұяқбайқызы қандай жауапты қызмет атқарса да мейірімі мен жақсылығын халықтан аямаған жан, лауазымды адамның бағасын беретін де, оған төрелік ететін де – халық. Көптеген адамның Ләззат Тұяқбайқызына алғысы шексіз. Депутат ретінде қабылдаған әр адам үлкен ризашылықпен шығады. Кейбір депутаттар сияқты өтірік уәде беру, көлгірсуден ада. Кісіге мейіріммен қарайды. Кристалдай таза, аузын ашса жүрегі көрінеді. Әрбір ісі мен сөзі бір жерден шығады. Мейлі қай ортада болсын, шынайы көңіл. Осының бәрі адал еңбек, маңдай тердің жемісі. Кім кімге де қол ұшын беруге әзір.

Ләззат Тұяқбайқызының бойында қазіргі жастарға тән, үлгі боларлық үлкен өнеге тұнған. Біріншіден, оның өмір жолында, пайым-парасат болса, екіншіден, мектептен де, институттан да орысша оқығанымен қазақ тілінде шебер сөйлеу білуінде себебі ұлттық тіл мен ділімізді, халқымыздың мәдениетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ару қыз – өз тіліңді, рухыңды жақсы білу, оны сүю үлкен ықыласты қажет етеді. Бұл өнерлі, текті де абзал адамның бойында болатын қабілет.

Рим философы Сенека: «Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» деген екен. Өзіндік өнегеңізбен жақсылыққа бастаған адамдық қасиеттеріңізбен биіктен көріне беруіңізге тілектеспін.

Көркімен көз қызықтырар жер жанаты Жайық өңірінде ақыл мен парасаттың падишасы саналған, нәзік болғанымен, ерлігі ерлерден кем түспеген, қайратты қайсар білімді аруларымыз көп болған. Осындай жастарды, аруларды жырға қосқан Ақ Жайықтың аққу қызы Ақмаржан Таубаева өзінің бір өлеңінде:

Күміс күннің шуағынан жаралған,
Ақ Жайықтың күй ағыннан нәр
алған.
Аруларды көргің келсе келісті,
Таба аласыз Орал атты қаладан, – деп жырлаған. Сондай ару қыздың бірі ел мақтанышына айналған ару – Ләззат Рысбекова. Ылайым жолыңыз болып, Тәуелсіз еліміздің экономикасын дамытуда еңбегіңіз жана берсін демекпіз!

Социал Пұсырман,
журналист-жазушы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top