Жұмыссыздар қатарынан – кәсіпкерлер қатарына

19 октября 2017
0
2418

Бұрын хабарлағанымыздай, биылғы жылы облыстың бес ауданында – Теректі, Зеленов, Ақжайық, Казталов және Жаңақала аудандарында – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы желісімен «Бастау-Бизнес» пилоттық жобасы іске асырылуда. Аудандарда бір айға есептелінген курстардан кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттенгендердің бірнеше тобы өтті. Кәсіпкерлер палатасында берген мәлімет бойынша ең табысты болып отырған Зеленов ауданы болып отыр. Ол ауданда бизнес-тренер – Қ. Ерниязов. Қуанышбекке хабарласып, бюджет қаржысына оқып, еңбегін текке кетірмеген өзінің бірнеше «бітірушісімен» таныстыруымызды өтінгенімізде, ол қуана-қуана келісті. Келісті де, Достық (бұрынғы РТС) ауылына барып-келуді ұсынды – ол жерде палатаның көмегімен берілген білім мен дағдыларды тәжірибе жүзінде белсенді түрде қолданылуда.

Жол бойына жас серігіміз әңгімесін тоқтатпады:

– Мен де осы жақтанмын, Тасқала ауданының тумасымын. Соңғы он жыл бойы Астанада тұрамын. Сондықтан да, қазір жұмыс жасап жүрген «Атамекен» ҰКП Батыс Қазақстан облысына ұзақ іссапарды ұсынғанда, келісімімді бердім. «Бастау-Бизнес» бойынша бүгінге дейін болашақ кәсіпкерлердің 4 тобы дайындалды. Жалпы, жыл соңына дейін тағы да 6 топ дайындықтан өтпек. Бұл дегеніміз, жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтитындар есебінен 190 адам деген сөз. Не деуге болады? Қазақстанның өзге аймақтарына қарағанда жерлестерім консервативті, ерекше де жылдам шешімді қажет ететін кезде, мысалы, оңтүстік қазақстандықтар сияқты бастамашыл емес. Кей кездері оларды жетектеп жүру керек сияқты болып тұрады. Ондайлар көп емес, әрине. Қазір Достық ауылынан осы сөздерімнің дәлелін көресіздер.

Ал негізінен, – деп жалғастырды ол, – кәсіпкерлік негізіне оқытылған адамдардың бестен бір бөлігі, яғни жиырма пайызы ғана қолға алған ісін жалғастырса, жақсы көрсеткіш болып саналады.

Елді мекенге кіре берісте салынып жатқан нысан жанынан бізді С.Х. Сисенов 18-20 жас шамасындағы ұлымен бірге қарсы алды.

– Мұнда, – деді керамзит тастан қаланған қабырғалары ғана тұрған салынып бітпеген ғимаратты көрсеткен кәсіпкер, – біздің күнбағыс майын шығаратын цехымыз болады. Қазан айында іске қосамын ба деп ойлаймын. – Сосын біздің сенімсіздікпен қарағанымызды байқап, – ұлыммен бірге салып жатырмыз, құрылыс қарқыны жаман емес, он күн бұрын бұл жерде ештеңенің болмағандығын ескерсек, жеткілікті. Маған қоңырау соғып: «Май бар ма?» деп сұрайтындар қазір де табылады. Цех дәл күнбағыстың жаңа өніміне үлгереді.


Бағдарлама мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларында аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты да теңдестірілген дамуын, сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарының ашылуы мен бар жұмыс орындарын сақтауды қамтамасыз ету.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы


Сисеновтар бұл іске отағасы «Бастау-Бизнес» курсынан өтіп, ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы алты пайыздық мөлшерлемемен берілген үш миллион төрт жүз мың теңге жеңілдік несиеге қол жеткізген соң кірісті. Қаражат Шығыс Қазақстан облысынан технологиялық жабдықтар алуға кетті. Жабдықтар, әрине, жаңа болмаса да, әлі де сенімді жақсы жағдайда.

Ал барлығы бүгін немесе кеше басталған жоқ.

С.Х. Сисенов бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатарында болды. Ұзақ уақыт бойы, сонау тоқсаныншы жылдардан бері Орал мен Ақсай базарларында Ресейдің көршілес облыстарынан жеңіл көлігімен тасымалданған шемішке сатып жүрді. Бірде, үйге тасып жүрген шемішкеден тазартылмаған май жасап көрді, ол тез арада өтіп кетті… Бұны дүкендер мен базарларда тек қана тазартылған май сатылатындығымен түсіндіруге болады. Зауытта тиянақты тазалаудан өткен соң оның пайдалы қасиеттері азаяды деп есептелінеді. Ал тазартылмаған майдың жөні бөлек.

– Жаңа өндірісіңізге шикізатты қайдан аласыз? – деп сұрадық.

– Әзірге бұл сұраққа жауап беру қиындау, – деп бір сәт ойланып қалды Сабырғали Хамидоллаұлы. – Бұған дейін шемішкені тек көрші елден ғана тасып жүрдім ғой. Алайда соңғы кезде рубль бірталай бекіп алды, ал бұл өнім бағасына тікелей әсер етеді. Енді жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылармен әріптестік орнатпақпын – күнбағыс дәндерін солардан алсам деймін. Майдан басқа бөлшектелген қораптардағы қуырылған шемішке шығаруды да қолға алу жоспарда бар.

«Бастау-Бизнес» арқылы кәсіпкерге айналған тағы бір кейіпкеріміз Ш.С. Есқуатов ірі қара мал өсіру мен бордақылауды қолға алды. Мемлекет бөлген үш миллион жеті жүз мың теңгеге ол он үш сиыр мен бұқалар алды. Өзі облыстың аудандарын аралап жүріп, асыл тұқымды, дені сау малдарды таңдап алды. Тұрғын үйдің жанында тұрған мал қораға бас сұқтық. Сиырлар ірі, күйлі, азықпен қамтылған.

Барлық істерінде жұбайы Клара сенімді серігі болды. Ол осы кезге дейін үй жұмысындағы әйел болған. Қазір Клара ЖК-да белсенді рөл атқарады. Отбасылық фермаларында күнделікті сауылған сүттен айран, қаймақ, сүзбе мен өзге де сүт өнімдерін даярлайды.

– Осының бәрін ауылымызда сатамыз, – дейді қонақжай қожайындар. – Ауылымыз үлкен – жеті мың тұрғыны бар. Және облыс орталығы жақын болғандықтан тұрғындар қатары көбейіп келеді.


Үшінші бағыт жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы


Шукрат Сағынбайұлы мамандығы бойынша мал дәрігері. Қаратөбе ауданының шаруашылықтарында жұмыс жасаған, Достық ауылына жиырма жыл бұрын көшіп келді. Биыл кіріскен ісінде, әрине, мамандығы мен тәжірибесінің көмегі зор. Алайда, тіпті мал дәрігері бола тұра, кей жерлерде малдың жаппай аурулары туралы естігенде, көңілге қорқыныш ұялайтыны рас. Билік пен құзыретті органдардан облыс пен аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты уақтылы да тұрақты алып тұрсақ жақсы болар еді. Оқыс оқиғалардан сақтану үшін жануарларды жайылымға да шығармай, үнемі байлауда ұстайды.

Аулаларында сауна бар монша да салынған. Кіре берісте бағалар жазылған: үлкен адамға жуыну құны 300 теңге, он жасқа дейінгі балалар үшін – 150 теңге. Қаладағы бағалардан әлдеқайда төмен. Келушілер көп пе?

– Жазда келушілер саны аздау, – деп мойындайды қожайын.

– Күн жылы, жуынатын жер көбірек болады ғой. Ал күн суыған сайын қатары көбейеді…

Сосын ол бізге ауылдың екінші басына барып келуді ұсынды. Оның себебі қазіргі ауладағы қорасы өсіп келе жатқан мал шаруашылығы үшін тарлық етуде. Сондықтан да Ш.С. Есқуатов жуырда жалға тағы да қой қора алды. Он бес шақты қой-ешкіден өзге бұл жерде бірнеше бас ірі қара да бағылуда.

– Бұл жерде бірталай жөндеу жұмыстары қажет, – дейді Есқуатов қораны көзбен шолып. – Бәрінен бұрын қыс алдында жылыту керек. Жақында үш ұлыммен жұмысқа кірісеміз.

Ол кәсіпкерлікке итермелеген… жас мөлшері екенін жасырмады. Жасың алпысқа таянғанда жұмыс табу өте қиын. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында іске асып жатқан «Бастау-Бизнес» жобасы қиын өмірлік жағдайдан шығуына, мемлекеттен көмек алып, өз күшіне ғана сеніп, жұбайымен бірге мұқтажсыз қарттықтарына қаражат табуға жәрдемдесті.

Қ. Ерниязовтың сөзінше жаңа оқыту жобасы болашағы зор іс, ауылдағы жұмыссыздықпен күресуге, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізуде. Оқып жүрген болашақ кәсіпкерлер сұранысқа ие бизнес-жобалар туралы, кооперативтерді ұйымдастыру тәртібі туралы біледі, жеңілдікпен несие алу үшін қажет құжаттардың үлгілерімен танысады, тағы басқа көптеген нәрселер туралы біледі. Бірақ та облыс орталығында билік құрылымдары мен қаржы институттары өкілдерінен тұратын комиссия алдында бизнес-жобаларын қорғаған соң да кәсіпкерлерді қорғау орталығындағы бизнес-тренерлер өз қамқорлығында іс бастағандарды елеусіз қалдырмайды. Кем дегенде тағы бір жыл олар өз кеңестерімен, ұсыныстарымен қателіктерден қорғап жүреді.

Суретті түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top