Өз табысыңа сену
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласында «Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА және жаңа ӨМІР САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Мен қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде атсалысатынына мейлінше сенімдімін» деп көрсетті. Президент сондай-ақ «Басты мақсат – кедейшіліктің өсуіне жол бермеу. Кедейшілік бірде бір қазақстандық үшін әлеуметтік келешек болмау керек.
Әлемдік тұрақсыздықтың негізгі қатері – жұмыссыздықтың өсуі. Нақты жұмыспен қамтуда елде іске асырылып жатқан барлық – мемлекеттік те, салалық та бағдарламалар қамтамасыз ету керек».
– Халықтың өмір сапасын арттыру, адами ресурстардың әлеуетін дамыту мен іске асыру кез келген мемлекеттің әлеуметтік қорғау саясатының негізінде тұруы керек, деп санайды Президент. Сондықтан да біздің еліміздегі әлеуметтік саясатқа, халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді, себебі қазақстандықтардың табыс деңгейін, яғни өмір сапасын арттыру тікелей осыған байланысты. Өз әлеуетіңізді іске асыруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» үлкен қолдау көрсетуде, – дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Әнуарбек Бақтыгерейұлы Қабашев. – Ол азаматтардың қызығушылығын оятты, өз ісін ашқысы келетіндерге ұнады.
Екі жыл бұрын Круглоозерное ауылының тұрғыны Эльвира Кенжигалиева бизнес-вумен боламын деп ойлаған да жоқ еді. Тұрақты жұмысы жоқ, ертеңгі күнге деген сенімі күпті қарапайым жұмыссыз болып еді. Өмірін түпкілікті өзгертуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы көмектесті.
Сол бағдарлама арқасында әпкесі екеуі нан және кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашты.
Апалы-сіңлілер бизнестерін бірден кеңітіп, бизнес-жоспарда көрсетілген наубайханамен бірге өз нандарын сататын дүкен де ашты. Ыстық бөлкелер тұрғындардың сұранысына ие болды. Пысық Эльвира өндірісті керемет ұйымдастырған: ыстық нан дүкен сөресінен арылмайды.
Мамандығы бойынша сырт киімнің тігіншісі болған соң, ол бос жұмыс орнын іздеп бірнеше тігін шеберханаларын айналып өтіп, жұмыспен қамту орталығына келген болатын. Ондағы мамандар баға жетпес кеңес беріп, осы бағдарламамен таныстырды.
Круглоозерный ауылындағы жиырма жыл бұрын бақша өнімдері отырғызылған, қазіргі кезде бос жатқан жерде жаңа үйлер мен коттедждер бой түзеген. Осы жерде өткен жылдың соңында Эльвира Кенжигалиеваның тұңғыш ауылдық наубайханасы да тұрғызылды.
– Мен осының бәрі қолымыздан келгеніне әлі де сене алар емеспін, – дейді ол. – Мен бизнестен соншалықты алыспын, тіпті өзімді кәсіпкер ретінде көрген емеспін.
Өзінің сол кездегі кейпіне қазіргі кезде Эльвира күлкісі келетінін айтады. Ол орталыққа ең болмаса қосымша жұмыс сұрауға келген болатын. Ал оған кәсіпкер болып, бизнес ашуды ұсынды. Бұндай өзгерістерді ол күтпеп еді.
– Менен қандай бизнес-леди шығады, – деп қолымды жайдым мен, тәжірибем де жоқ, бастапқы капитал да жоқ.
Бұл істе ең бастысы – жақсы идея мен кепілдеме, қалғаны сіздің тырысуыңызға байланысты, – деп сендірді мамандар. Одан соң өз істерін ашып, жұмысқа кіріскендерді тізіп шықты.
Үйге келген соң отбасылық кеңес өткізілді.
Несиені кепілдікпен беруді ұсынды. Және кепілдік салмақтылау болуы керек еді. Ата-анасының үйін кепілге қоюды ұсынуға аузы бармады. Бірақ істің мән-жайын бірден түсінген олар өздері тәуекел етуге бел буды.
Бағалаушылар келіп, алты миллион теңгеге бағалады, банк үш миллион теңге берді.
Нан өндірумен айналысу керектігіне ешкімнің күмәні болмады, себебі Круглоозерныйға нанды қаладан тасымалдап жеткізетін-ді.
Тәжірибелі бизнесмендер жобаны табыспен іске асырудың алғашқы қадамы кәсіби жабдықтар мен өндірісті дұрыс ұйымдастыру екенін жақсы біледі. Қажетті нәрсені дұрыс таңдау үшін болашақ бизнестің мақсат-мүдделерін айқындап алу қажет. Наубайхана тек нан пісірумен айналыса ма әлде кондитерлік бұйымдар шығару да мүмкін бе?
Интернетті шарлай отырып, қажетті жабдықты Самарадан сатып алды.
Алынған құралдар арасында электр пеші, нан мен бәліштердің көтерілуі үшін тиімді жағдай туғызатын толықсыту шкафы, шағын қамыр илеу аппараты, дайын өнімге арналған стеллаждар бар.
Алдымен наубайхана ашып, соңынан «Роза» атты дүкенді де іске қосты.
Эльвираның үлкен әпкесі Мағрипа Досмұханова да жұмысқа кірісті. Зейнеткерліктегі әйел, өз сөзінше, тек табыс тауып жүрген жоқ, жиендеріне аяққа тұрып кетулеріне көмектесіп жүр. Бір ауысымда 70 бөлкеге дейін пісіретіндігін айтады.
Бөлке саны сұранысқа байланысты, ал ол күн сайын артып келеді. «Үй» наны өз атына толықтай сай келеді. Оны әжелердің рецептісі бойынша – жоғары сапалы ұн, су мен ашытқы ғана пайдаланып пісіреді.
Ауылдастар болса, нан сапасына риза. Одан бөлек бұл жерде түрлі салмасы бар бәліштер пісіріледі.
Бизнес енді ғана күш алып келеді, аса бір табыс әкеліп тұрған жоқ. 2020 жылға дейін несиені өтеу керек. Сондықтан түскен табысты жинап жатыр.
Барлық қиындықтарға қарамастан мемлекеттік қолдау мен жұмыспен қамту орталығының мамандарының көмегін пайдаланғанына Эльвира ерекше қуанады.
Өз ісін ашуды армандайтындардың барлығы бірдей бұл іске кірісіп кете алмайды. Мәселе мүмкіндікте де емес. Негізгі қиындық – өзіңе сенімді болып, маңызды шешімды дұрыс қабылдауда. Көбісі қарапайым қорқыныштың әсерінен бас тартады. Нәтижесінде аз ғана жалақы үшін басқа біреуге жұмыс жасап жүре береді.
Сол ауылдағы кәсіпкер Мәлік Тыныштықұлы Сатқанов та өз өмірін күрт өзгерту кез келген адамның қолынан келетініне сенімді.
2012 жылы Мәлік Сатқанов иесіз ғимаратты сатып алып, ал 2014 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқасында «Зарина» кафесін ашты. Кафе атауын қызының құрметіне қойды.
Ғимаратты өз күштерімен жөндеді. Ал жабдықтарды мемлекеттің қаржысына сатып алды.
– Өз ісін ашу, мынадай дағдарыс кезінде банктен несие алу кейбіреулерге аса бір тәуекелділік болып көрінеді, – деп бөлісті отағасы. – Бірақ менің ойымша, кез келген уақытта да табыс әкелетін белгілі бір салалар табылады. Қоғамдық тамақтану саласы да сол тізімде.
Адамдар қашанда тәтті тағам жеп, демалып, уақытын көңілді өткізгенді қалайды. Қалада мұндай орындар толып жатса, ауылдың жайы бөлек әңгіме.
Дағдарысқа да, шынын айтқанда, мен шүбәмен қараймын. Жұмыс бар болса, дүкендерде зат толып тұрса, қайдағы дағдарыс?
Кәсіпкерлік тәжірибесі Мәлікте бар еді, бірақ жұмыспен қамту орталығында оны бәрібір курстан өтуге жіберді. Сабақтан қалмай оқып, тиісінше, өз жобасын қорғап шықты.
– Несие алғысы келген адамдар бірнеше кісі болдық. Жобасын бәрі бірдей қорғай алмады. Меніңше, комиссия кейбір адамдарды өткізбей қалғаны дұрыс болды. Мысалы, көпшілігі қарызды қалай қайтаратындарын түсіндіре алмады. Есімде қалған бір жас жігіт «Газель» сатып алу үшін үш миллион теңге сұрап тұрды, бірақ өзіне не қажет екенін кібіртіктеп түсіндіре алмады.
Керемет маникюрі бар бір қыз ауыл шаруашылығымен айналысуды көптен армандайтынын айтты. Сиырды қалай сауып, бағатынын айтып сендіргісі келді. Мен үшін анадай ұзын тырнақпен қолына қалай айыр-күрек алатыны түсініксіз болды.
Мәлік пен Марина несиеге үш миллион алып, кепілге өз үйлерін қойды. Бұл қаражатқа қажет жабдықтарды, яғни плиталар, сорғыштар, тоңазытқыштар, ыдыс жуу машиналары мен сөрелер алынды. Негізінен, өздері жұмыс жасайды. Марина мен аспаздың көмекшісі, әкімгер мен бухгалтер. Отағасы – жеткізуші. Барлық уақыттарын кафеде өткізеді. Егер үлкен банкетке тапсырыс түссе, қосымша адамдар жұмысқа алады.
Ең басынан бері келе жатқан жалғыз ғана қиыншылық болса, ол – қызметкерлерді таңдау. Онда да қызметкерлерді табу қиын емес. Жұмысқа бар жанымен беріліп жасайтын жауапты адамдарды табу қиын болып тұр.
Мәліктің сөзінше, оның кафесіне дағдарыс әсер етіп жатқан жоқ.
Өз ісін бастауға әлі де сенімсіздікпен қарайтындарға ол тәуекел етіп, өз табысына сенуге кеңес береді. Әрине, өзіңе өзің жұмыс беруші болғанда, еріну дегеннің не екенін ұмытып, көп еңбектену керектігін ұмытпау қажет.