Су қоймаларында балық қорғау құрылғыларын орнату

14 сентября 2023
0
1371

Халық санының өсуіне, агроөнеркәсіптің дамуына байланысты балық шаруашылығы су айдындарынан су алу көлемі де артып келеді. Су қоймалары әсіресе көктем-жаз уақыттарында көп көлемде арналар арқылы суды ауылшаруашылық қажеттілікке байланысты ағызады, сол уақытта балық қорғау құрылғыларының (БҚҚ) тиімділігі төмен болған жағдайда, шабақтардың арналар желісіне ағып кету қаупі туындайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Су кодексіне сәйкес балық қорғау құрылғыларсыз (БҚҚ) су арналарын пайдалануға жол берілмейді. Қойылған талаптарға сай су қабылдағыштар ұзындығы 12 мм-ден асатын шабақ балықтары үшін тиімділігі кемінде 70% БҚҚ-мен жабдықталуы тиіс.

Тарихқа жүгінетін болсақ алғаш рет балық қорғау құрылғылары АҚШ-та ХХ ғасырдың бірінші жартысында пайда болды, онда суландыру арналарына балық шабақтарын жібермеу үшін торларды қолданды. Кеңес Одағы кезеңінде балық қорғау құрылғыларының дамуындағы айтарлықтай серпіліс 1957 жылы ГосНИОРХ негізінде зертхананың құрылуымен байланысты болады. Оның қызметінің негізгі бағыты электр және торлы балық аулау құралдарының көмегімен балық аулау кезінде жинақталған тәжірибені жүзеге асыру болды. Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, алғашқы тоқпен балық үркіту торлары және торлы экрандар пайда болды. Осы құрылғылардың негізгі қызметі үлкен балықтарды су қоймалардан суландыру арналарына электр-механикалық бөгет жасап жібермеу болып табылады.

Кәзіргі кезде балық қорғау құрылғыларына қойылатын талаптар тиімділігі мен су объектілерінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру бағытында өзгерді. Алайда, балықты қорғау мәселесін толығымен шешу мүмкін болмай тұр.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында суармалы каналдар мен су құбырларының көпшілігінде тиімді балық қорғанысы жоқ,осы себепті көктемде ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін су алу кезінде көптеген балықтар қырылады. Осылайша, экология мен балық шаруашылығы кәсіпорындарына орны толмас зиян келтіріледі. Сондықтан біздің климаттық және экономикалық жағдайларда қолдану ерекшелігін ескере отырып, тиімді БҚҚ әзірлеу өзекті мәселе болып табылады.

Тоқсан жылдық тарихы бар Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Батыс Қазақстан филиалы балықты қорғау құрылғылардың тиімді әдістері мен тәсілдерін және құрылғыларын дайындауда.

Балықты қорғау құрылғылары балыққа әсер ету жолдарына байланысты бірнеше топтарға топтасқан:

– Балықтар мен шабақтарды механикалық кедергілер арқылы тоқтататын құрылғылар, механикалық типтегі БҚҚ (жалюзи, талдыторлар, тас нобайлар, кассеталық немесе конустық сүзгілер, жалпақ немесе ленталы торлар, мәжбүрлі тазартылған торлы барабандар және т.б.). Осы құрылғылар әрдайым тиімді бола бермейді, жиі техникалық қызмет көрсетуді қажет етеді (сүзгілерді, торларды тазарту, ауыстыру), сонымен қатар оларды өзгеретін маусымдық жағдайларға бейімдеу қиын. Сондай ақ, күшті ағынның әсерінен олар зақымдалады немесе бұзылады (көп мөлшерде қаржылық шығын келеді);

– балықты ағызатын су ағындарын құрайтын механикаландырылған гидравликалық құрылғылар көп энергияны қажет етеді, ал су түбінің контурын бұзбай немесе өзгертпестен балықты тиімді түрде бұрып жіберетін оңтайлы жұмыс алгоритмін есептеу өте қиын;

– ауа-көпіршікті перде түріндегі балықты қорғау тек тосқауылдың көрінуін тудырады;

– электр өрісі түріндегі балық қорғау құрылғылары мұқият баптауды, оңтайлы жұмыс режимін таңдау үшін күрделі зерттеулер жүргізуді талап етеді. Электрлік балық аулаудың тиімділігі туралы нақты пікір жоқ. Балықтардың электр өрісіне нақты реакциясы балық денесінің түріне және ұзындығына байланысты. Балықтың денесінің ұзындығы неғұрлым қысқа болса, ауырсыну реакциясын көрсету үшін электр өрісінің кернеулігі соғұрлым көп болады. Бұл шабақтардың ауырсыну реакцияларын көрсететін электр өрісінде ересек балықтардың өлуіне әкеледі. Сондықтан шабақтарды қорғауға арналған электрлік балық қорғау құрылғылары аз қолданылады;

– химиялық және оптикалық балық қорғау құралдары мен суды су қойманын тереңнен су алу әдісі де жарамсыз.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерге байланысты су ағынына кедергі келтірмейтін, су көлемі өте жоғары жағдайда балықтар мен шабақтарды тиімді қорғау қажеттілігін ескере отырып, жаңа тәсілмен балық қорғау құрылғысын әзірлеу қажеттілігі туындады.

Алып бөгеттердің су ағызатын қондырғылары су ағызудың өте жоғары көлемімен сипатталады (900 м3/с дейін). Осындай қондырғылардың маңындағы ауданында (300 м радиуста) ағып жатқан судың күшті ағыны пайда болады, ол барлық балықтар мен шабақтарды ағызу арнасына тартады. Демек, балық қорғау құрылғысы осы жоғары ағынды аймақтың алдыңғы бөлігін қамтуы керек. Осы жоғарыда келтірілген факторларды ескере отырып балық қорғау құрылғылары (БҚҚ) саласындағы жаңа тәсіл – балықтар мен шабақтарды тиімді қорғауға қабілетті белсенді жылжымалы жоғары қарқынды акустикалық балық қорғау құрылғысы дайындалды. Бұл акустикалық негізде дайындалатын балық қорғау құрылғыларын Қазақстанда жасауға толықтай мүмкіндік бар. Бұл ретте оның құны әлемдік аналогтардан әлдеқайда төмен болады. Бұл балық қорғау құрылғылардың қолданыстағы аналогтардан түбегейлі айырмашылығы су айдынының үлкен бөлігінде балықтар мен шабақтарды тиімді түрде үркіту үшін белсенді қозғалатын жоғары қарқынды акустикалық өрісті қалыптастыру мүмкіндігін жүзеге асырудан тұрады. Акустикалық балық қорғау құрылғысының идеясы өзі жаңа емес, алайда бұл ғылыми-техникалық әзірлемеде су астына үркітетін дыбыстық сигналдардың толық спектрін, көтеру-орнату модулін және қалқымалы өздігінен жүретін негізді беретін жоғары технологиялық гидроакустикалық бөлшектерден тұрады.

Кәзіргі таңда БШҒӨО БҚФ балықтар мен шабақтарды ауылшаруашылық су арналарынан ағып кетпеуінен тиімді қорғауға қабілетті, белсенді, жылжымалы гидроакустикалық балық қорғау құрылғысынның тәжірибелі нұсқасын дайындап, сынақтан өткізуде.

«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы»
ЖШС БҚФ директоры, Ph докторы А.Н. Туменов
«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы»
ЖШС БҚФ зертхана меңгерушісі А.И. Ким

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top