Маңызды құрама
Оралда түрлі қажеттілікке жарайтын полиэтилен құбырларды шығарумен «KazConstructionGroup» ЖШС айналысады. Олардың өнімдерін Қазақстанның өзге де облыстары сатып алады.
Су жүйелерінде металл құбырларды қолдану келмеске кетті, олардың орнын пластик құбырлар басты. Тек су емес, газ өткізу жұмыстарында да, канализацияға да қолданылады. Ол түсінікті де, жаңа дәуірдің құбырларының пайдасы мол. Біріншіден, ол коррозияға ұшырамайды. Пластик электрохимиялық реакцияға түспейді, бұл экологиялық қасиетін арттырып, қызметінің ұзақтығын – 50 жылға дейін – қамтамасыз етеді.
Тасымалдануы және орнатылуы ыңғайлы, себебі салмағы жеңіл, ал өзі фитингтер арқылы қосылады. Құбырлар иімді, майысқақ, соққыға төзімді, бұл қасиеттері оларды тұрақсыз топырақтарда жүйе салуға, траншеяларды дайындау кезінде аз шығындануға мүмкіндік береді.
Басқа да артықшылықтары қатарында құбырлардың жоғары экономикалық тиімділігін атап өтуге болады, ал ол тиімділік құбыр салуға жұмсалатын шығындардың аздығы мен апаттарға аз ұшырауы, сенімділігі мен қосу бөлшектерінің аздығына байланысты.
Пластик құбырларға сұраныс жылдан жылға өсіп келеді, бұл мәселені осы өнімді шығару бойынша өз зауытын салған «KazConstructionGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шешіп берді. Құбыр сапасы жоғары, олар (HDPE) жоғары тығыздықтағы төмен қысымды РЕ100 маркалы полиэтиленнен жасалған. Заманауи технологиялық төрт желі жұмыс жасап тұр.
«Зауытты іске қосқан кезде жұмыс жасаған ТЛ-125, ТЛ-560 және ТЛ-1200 желілері жылына 9 мың тонна полиэтилен құбырлар шығаруға мүмкіндік берді. Бір жылдан соң компания тағы 75-тен 250 мм-ге дейін диаметрлі құбырлар өндіретін ТЛ-250 желісін сатып алып, компанияның өндірістік қуаты жылына 11 мың тоннаға дейін өсті, – дейді зауыт басқарушысы Нұрлан Сүндетқалиев цехтарды көрсете жүріп. – Бүгінде бұл жоғары білікті қызметкерлері бар, бәсекеге қабілетті мамандандырылған кәсіпорын. Техникамыз шетелдікі. Шикізат – гранулданған полиэтилен – Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея сияқты өндірушілерден алынады.
Өніміміз барлық халықаралық мемлекеттік стандарттарға сәйкес келеді: ГОСТ 18599-2001 – суға арналған қысымды құбырлар, ГОСТ 50838-2009 – газға арналған қысымды құбырлар. Өндірілетін тауарларға қажетті сертификаттар мен рұқсат қағаздар бәрі бар. Сапа менеджменті жүйесі СТ РК ИСО 9001 енгізілген», – деді өндіріспен таныстыруын жалғастырған Нұрлан Амангелдіұлы. Суға, газға және канализацияға арналған құбырларды, диаметрі 20 мм-ден бастап 1200-ге дейін жететін диаметрі бар бұйымдар тізімін, басқа да сипаттамаларды да көрсетті. Құбырлар 12 метрлік ұзындықта шығарылады, алайда тапсырыс берушінің тілегіне сай түрлі сипаттамада өндіріле алады.
Технологиялар мен инновациялар
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асырып бастаған уақыттан бері өткізіліп жатқан реформалар нәтижесінде инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі 4-тен 7,6%-ға дейін, технологиялық инновацияларға кәсіпорындар шығындары үш есеге өсті (113,5-тен 326 млрд. теңгеге дейін), инновациялық өнім көлемі де сәйкесінше үш есеге өсті (111,5-тен 379 млрд. теңгеге дейін).
Бүкіләлемдік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік индексінің «Инновациялар» факторы бойынша Қазақстан рейтингін 18 позицияға жақсартып, 84 орын алды, «Технологиялық дайындық» факторы бойынша 25 позицияға көтерілді (57 орын).
Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасынан
«KazConstructionGroup» ЖШС тауар өндірушілер көрмелерінің талай рет қатысушысы болған. Серіктестік тауарлары Қазақстан бойынша Астана мен Ақмола облысы, Ақтөбе мен Ақтөбе облысы, Ақтау мен Маңғыстау облысы, Алматы, Атырау, Шымкент, Оралда өткізіледі…
«Нұрлан Амангелдіұлы, өз өндірістеріңізді ұйымдастыру туралы мәселе қозғалған кезде мемлекет тарапынан қолдау болды ма?» – өз ісін ашқысы келетіндер үшін маңызды сұрақты қойдым. «Біз зауыт құрылысын үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның аясында бастадық, осы бағыт бойынша несие алдық, – деді өндіріс пен сатылым бойынша директор. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі еңбек өнімділігі өсіп, ұлттық инновациялық жүйенің дамуы мен нығаюы, шағын және орта кәсіпкерлік рөлінің күшеюі, өндірістік күштердің ұтымды ұйымдастырылуы болады. Осы бағытқа қазақстандықтардың барлық күші жұмылдырылды.
Несие арқылы алынған қаржының газ саласына арналған полиэтилен құбырлар өндірісі бойынша цехты ашуға көмегі тиді. Облысымыздың елді мекендерінде су құбырлары жүйесін жаңарту мәселесі күн тәр-тібінде тұр. Батыс Қазақстаннан басқа, Атырау, Оңтүстік Қазақстан және басқа да облыстарда да осындай жағдай. «KazConstructionGroup»-тың пластик құбырларын канализациялық жүйелерге де қолданады. Өткен жылдары өнімдеріміз үшін есептесу кешіктіріліп жатса, қазір барлығы уақтылы төленеді».
«Қазір зауыт кімдермен әріптестік орнатқан?» – «Бүгінгі таңда диаметрі 630 мм-лік полиэтилен құбырларын жасаудамыз, тапсырыс беруші – өз қаламыз бен Ақтөбеден «Ақбұлақ» компаниясы. Одан басқа «Еңбек-Ақтөбе» газ құбыры үшін және газбен және сумен қамту бойынша мердігер-компаниялар да тапсырыс берді, себебі біз тендер ұтып алдық, – деп жалғады сөзін зауыт басқарушысы. – Бөрлі, Қаратөбе аудандарында су жүргізіп жатырған компанияларды құбырмен қамтимыз, сондай-ақ Тасқала ауданының алты ауылында да тұрғындарды сумен қамту мәселесі шешіліп жатыр. Жақын арада Жаңақала ауданына да бағыт бұрмақпыз.
Зауыт мәселесіне келер болсақ, оны жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, технологиялық паркті жаңартып, құбыр ассортиментін кеңейтпекпіз. Мамандарымыз жақсы, кейбіреуі зауыт ашылған күннен бері жұмыс жасайды. Біреулері қарапайым жұмысшыдан аға шеберге, операторға, технологқа дейін жолды өткерсе, кейбірі бірден жоғары біліммен келіп, бас механик, технолог, өндірісті меңгеруші болып қызмет етеді, – дейді басшы құрметпен. – Жастарға да жұмыс орындарын ұсынамыз. Жастар практикасымен жұмыс жасаған студенттер жұмыс сұрап келсе, қабылдауға тырысамыз. Біреулері каникул уақытына жұмысқа тұрады, 60-70 мың жалақы алады, жұмыс бізде тоқтамайды, ауысым бойынша жұмыс жасағасын, күнара жұмыс жасайды. Жұмысшыларды арнаулы киіммен, түскі аспен қамтамасыз етеміз, мереке күндеріндегі жұмыс жоғары тарифпен төленеді. Бір сөзбен айтқанда, ұжымды үнемі басты назарда ұстаймыз. Барлығы да барынша тырысып еңбек етсін, табыс тапсын, өз мансаптарын қалыптастырсын».