Қолөнерден – өндіріске

20 июля 2017
0
2435

Жеңіл, әдемі, табиғи материалдардан жасалған аяқ киімдерді Бадиғажамал Мусиеваның «Тұрман» жеке кәсіпкерлігі жасайды. Оның өнімдері әйелдер қауымының ішінде тек ыңғайлы аяқ киімді ұнататындардың ғана емес, сәнқойлардың да сұранысына ие. Бүгінгінің ерекше салтанатты аяқ киімі ретінде туфли, балеткалар, балалар сандалдарын айтпағанда, нәзік жұқа етік немесе бәтеңкені айтуға болады.
«Мен аяқ киімді ілмекпен тоқитын Қазақстандағы жалғыз адаммын, – дейді кәсіпкер, – сондықтан грант ұтып алып, жаңа жабдыққа тапсырыс бердім».

«Қандай ыңғайлы мокасиндер, бағасы қандай?», «Қымбат деп те айтуға келмес, бірақ қол-өнер туындысы ғой, мұқият жасалған», «Отыз жетінші өлшемді бар ма?», «Таусылып қалды ма? Қандай өкінішті»… Бұл Бадиғажамалдың пойызда келе жатып, қызығушылар табылатынын біліп, чемоданнан бірнеше жұбын шығарғанда естігені.

Әлемдік атағы бар итальяндық Dolce and Cabbanа сән үйінің әдемілігіне көз тоймайтын тоқылған аяқ киімдер коллекциясы бар екені белгілі. Аяқ киім мен тоқылған әйелдер сөмкесінен тұратын жиынтыққа өзге де қолдан жасалған аксессуарлар кіреді.

Тоқылған аяқ киімдер соңғы кезде танымал бола бастады, әсіресе климаты ыстық елдерде. Біздің Қазақстан да ол үдерістен тыс қалмады. Мұндай аяқ киім өте ыңғайлы, жеңіл, сұңғақ аяққа қонымды тұратын аппақ немесе басқа түсті әдемі тоқылған етіктерден кім бас тартады. Олар түрлі атлас ленталармен, жиектемелермен, моншақтармен әшекейленеді, ал страздары барлары тіптен «ханшайымның етіктері» болып шыға келеді.

«Бұндай ерекшелігі бар аяқ киімді дайындау қалай ойыңызға келді?» деп сұрадым мен Бадиғажамалдан Батыс Қазақстанның ең үздік тауарлары көрмесінде әлеуетті сатып алушылар оны қоршап алып, аяқ киімдерін киіп қарай бастағанда.

Керекті мөлшерін таба алмаған біреулер кейіннен хабарласып, өздеріне шақ «жүрдек етіктерге» тапсырыс беру үшін телефон нөмірін жазып алып жатты. Неге «жүрдек» деп атадым? Себебі ол негізінен аласа тақамен немесе тегіс табанды, ауа өткізіп тұрады, өте жеңіл. Сатып алушылар азайғанда ол өзінің кәсібі туралы әңгімелеп берді.

Тоқуды жасөспірім кезінде үйренді. Анасы бірде: «Жаңа шұлық кигің келсе – өзің тоқып ал, менің уақытым жоқ, сендер бесеусіңдер» деді. Бадиғажамалдың басқа шарасы қалмады, бес инені алып тоқыды. Анасының тоқығанына қарап отырғаннан көрі өзің тоқыған қиын екеніне көз жеткізді. Үйлеспеген жерлерінде жылап-жылап алып, шұлық та, қолғап та, мойын орағыш та тоқыды. Сосын біраз уақыт бұл туралы ұмытып та кетті. Сатушы, товаровед болып та, құрылыс алаңында да жұмыс жасады, аудандық жұмыспен қамту орталығына қызметке барып көрді. Ол отбасымен Зеленов ауданы Переметный ауылында тұратын.


Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.
Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.
Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына жолдауынан. 2017 жылғы 31 қаңтар


Қайта құру кезеңінде ол өзінің балалық шағын еске түсірді. Ілмегін, бес инесін алып шығып, жіптер сатып алып, кофталар, свитерлер, белдемшелер тоқып, сата бастады. «Содан тоқылған аяқ киімді көріп, байқап көргім келді. Теріден тігілген аяқ киімнен аяқ терлейді, шаршайды, – деп түсіндірді ол. – Аяқ киімнің табанын қайдан алуға болатынын іздей бастадым. Интернетке кіріп, білетін адамдардан сұрастырып, қызыма, өзіме, немереме қажет мөлшерлі табандарға тапсырыс бердім. Алғашқы жұпты тоқып болғанша қиналғанмын, суреті әдемі шықпады әлде бөлшегі қисық болды. Екіншісі – әбден жақсы шықты. Өзіме, жақындарыма тоқып сыйладым, аяққа тәпішке (шәрке) сияқты ыңғайлы болып шықты. Сол кезде сатуға неге шығармаймын деген ой келді. Тағы да табандарға тапсырыс беріп, дизайн туралы ойлай бастадым».

«Интернетте модельдердің суреті болмады ма?» – деп сұрадым. «Модельдер бар ғой, бірақ оларды қалай көшіріп аласың? Ешкім тегін үйретпейді, мастер-класс өткізбейді. Бәрі бірдей тоқылмайды, себебі адамдардың талғамы әр түрлі. Біреуге ашық түстісі, біреуге қара түстісі керек. Біреулерге биік тақамен, әшекейі бар, кештерге киіп баратындай немесе күнделікті киетін қарапайым керек болады, – деп жалғастырды Бадиғажамал Хабдрашитқызы. – Нюанстары көп қой».

«Маған ең қызықтысы – аяқ киім шығару үшін қаржыңыз болды ма?» –  деп жаңа іс бастаған кәсіпкерлер үшін маңызды сұрақ қойдым.

«Жоқ, – деп күрсінді ол, – ақша жағы қиындау болды. Аудандық әкімдікке барып, жоспарларымды егжей-тегжейлі айтып бердім, не керек, не жетпей тұр деген сияқты… Жергілікті билік түсіністікпен қарап, бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс жасайтынын айтты, олардың бірі «Қазақстан-2020», осы құжаттардың арқасында өз ісіңді бастау жеңілірек. Нәтижесінде мен төмен мөлшерлемемен несие алдым.

Сол қаржыға свитерлер, кардигандар, балалар мен ересектерге түрлі көйлектер тоқитын машина сатып алдым, ал аяқ киімді ілмекпен тоқимыз. Жіптердің сапалы жүннен, мақтадан жасалған түрлері қолданылады. Тапсырыс көп: Орал, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана және Ресей қалаларынан да бар.

Жақында Бадиғажамал 1,9 миллион теңгенің грантын ұтып алды, Алматыға қосымша жабдықтар алуға жолға шықты. Германиядан 3 класты «Brother» тоқыма машинасына тапсырыс берді, жуық арада пальто тоқуды қолға алмақ, және де кесте төгетін машинаға тапсырыс берді, өнімдерін ұлттық ою-өрнекпен әрлемек, қазір ұлттық нақыштағы заттар сәнге айналды ғой. Жіптерді белдіктер мен ҮС-3 төрт түстілігіне тоқу процесінде берілген түстерді автоматты режимде қайта орауға арналған қондырғы сатып алды.

Өнім түрлері өте көп, жоғарыда айтылғандардан өзге бас киімдер, мойын орағыштар, колготкалар, лосиналар, қол сөмкелері де бар. Жиынтықтар да сұранысқа ие, мысалы, көйлек плюс қалпақ немесе көйлек пен сөмке. Жалпы алғанда шеберіміз киім, аяқ киім, бас киім және басқа аксессуарлардан тұратын кез келген жиынтықты тоқып бере алады, сол кезде әр бойжеткен сән журналының бетінен түскендей сұлу қызға айналады.

Бадиғажамал Хабдрашитқызының айтуынша, мемлекеттік қолдау болмаса, ол ойындағы арманын іске асырып, өз хоббиін бизнеске айналдырып, табыс таба алмас еді, және оның айтуы дұрыс та. Бұрындары өмір сүрген бір данышпан  «Өз хоббиіңізді жұмысыңызға айналдырсаңыз, бұдан соң бір де бір күн жұмыс жасамайсыз» деген екен.

«Облыстық әкімдікке, кәсіпкерлік бөліміне қабылдауға жазылып қойдым, «Даму» бизнесті дамыту қорына кеңес алуға барып қайтпақпын. Себебі тағы айналмалы қаржыны толықтыру қажет, мүмкін, оң шешімі табылып қалар, – деп бөлісті «Тұрман» ЖК-нің жетекшісі. – Облыс орталығынан, Алматы қаласынан бутиктер ашсам деген ойым бар, менің өнімдерімді алыс шетелге дейін алып кетуде. Өз брендімді әйгілі етіп, дефиле өткізсем деп едім. Міне менің мақсатым осындай өршіл».

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top