Нық қадаммен алға басқан

3 августа 2017
0
2453

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Әсел Сұлтанғалиеваның кәсіпкерлігінің негізгі бағыты – таза қазақи тұрмыстық заттар шығару болып табылады: көрпелер, тұмарлар, қазіргі кезде сұранысқа ие бола бастаған дала сұлуларына тән қыз жасауы. Мәдениет пен салт-дәстүрлерді дәріптеуге жұмыс жасап тұрған кафенің таңдаулы да соны түрдегі интерьері де қызмет етуде: әр жерде көшпенділер өмірін сипаттайтын бейнелер, ою-өрнектер, VIP-залдағы азиялық саналатын аласа жер үстел де қонақжайлылықтың белгісіндей.

Әсел Асқарқызы өз ісін ашу туралы ешқашан ойланбаған да еді. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінен жоғары педагогикалық білім алған соң мектепте биология пәнінен он жеті жыл дәріс берді. Бұрынғы оқушылары мен әріптестері арасында ол туралы тек жақсы әсер қалған: білікті де өнегелі маман, ой-өрісі кең, жасаған ісіне бар жанын сала кірісетін адам ретінде сақталған. Ол қазір де жаңа ісіне білек сыбана кірісетін, өз халқының мәдени мұрасынан әркез бір ерекшелік тауып,  оны іске асырғанша асығып жүреді.

«Соңғы жылдары өз ісімді бастамас бұрын колледжде сабақ бергем, сағаттар аз болатын, содан үйде отырып-ақ тіге бастадым. Тігін ісі маған баяғыдан ұнайтын, – деп еске алды ол. – Көрпе немесе перделерге арналған ламбрекен тігем де, оған ою-өрнек қондырсам – бұйым құлпырып шыға келеді, жарқын да қымбаттау көрінетін сияқты. Сөйтіп тапсырыстар ала бастадым. Тігінмен табыс табу туралы ой әлсін-әлсін келгенмен, бұл іспен тыңғылықты айналысам деп ойламаппын.


«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы (одан әрі – Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген. Бағдарлама 2014 жылға дейінгі Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру механизмдерінің бірі болып табылады.

Бағдарламаның мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы


Ауылда барлығы бір-бірімен таныс, жаңалықтар тез тарайды, – деп жалғастырды ол. – Сөйтіп ауылдастар менің әуестігім туралы біліп алды. Аудандық мәслихаттың депутаты Әселхан Мұхамбетші маған келіп, немен айналысатынымды көріп, қолдау көрсетіп, аудан әкімінің қабылдауына шақырды. Әрине, біз жаңалықтарға қанық, білімді адамдармыз ғой, елімізде не болып жатқанынан, халықтың тұрмысынан хабардармыз ғой. Теледидардан азаматтарымыздың шағын бизнеске жасаған қадамдары мен оларға көрсетіліп жатқан мемлекеттің қолдауы туралы естіп-біліп жүрміз. Сондықтан Шыңғырлау ауданы әкімі А.С. Халелов тігін ісімен айналысатын бірнеше адамдарды жинап, өзіндік өндіріс туралы сөз қозғағанда өз жұмысым туралы ойлануға түрткі болды. «Сіздер өз үйлеріңізде отырып, әркім өзінше қолөнермен айналысып жүрсіңіздер. Сіздер туралы, өнеріңіз туралы кім біліп жатыр? Тек жақын-жегжатыңыз бен көрші-көлемдерініңіз ғана. Сіздердің әрқайсыңыздың үлкен әлеуетіңіз бар, идеяларыңыз көп, бірақ толықтай оларды іске асыру үшін бірде шикізат, бірде қажетті жабдық, бірде жұмыс қолы жетіспей жатады, – деді Алдияр Сансызбайұлы. – «Өз сорпаларыңда өздерің қайнап» жүре бересіздер ме, жетпейтінді қалай жеткіземін деп? Қаржыларыңыз жетіспейтіні түсінікті. Ал туған-туыстарыңыз жетпейтін қаржыны бере алады ма? Белгісіз. Үкімет тарапынан қазақстандықтардың өз бизнестерін дамытулары үшін барлық мүмкіндікті туғызып отыр. Бай-бақуатты адамдар көп болса, еліміз де бай бола түспек. Қазір жеңілдікпен несие алып, кәсіпкерлікпен айналысуға керемет мүмкіндік бар. Мүмкін, сіздер күш біріктіріп, тігін ательесін ұйымдастырып, жұмыс орындарын ашарсыздар? Ойланып, шешім қабылдаңыздар». Біздер әкімдіктен ойға батып шықтық, әкімнің айтқанын жасағымыз келіп тұрса да, мүмкін қолымыздан келмей қалса деген қорқыныш та болды», – деп бөлісті Әсел Асқарқызы.

Бұл арада бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Президентінің Халыққа жолдауы туралы, жеке кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы, ҚР Үкіметінің дағдарысқа қарсы шаралары туралы кеңінен жарияланып жатты.

Біраз уақыт өткен соң, Әсел Асқарқызын аудан әкімі шақырып, қараусыз қалған ғимарат туралы, оны қалыпқа келтіріп, тиімді қолдануға болатынын айтты. Ол кезде Әсел ханымның үйінде есту қабілеті мен сөйлеу қабілеті бұзылған бойжеткен жұмыс жасап жүр еді: машинкамен тігіп, бұйымдарды әсемдеуге, көрмелерді жасақтауға көмектесіп жүрді. Сұлтанғалиевтердің пәтерінде орналасқан шағын кәсіпорынды кеңейтуге қаржы қажет етті. Сол кезде Әсел үш миллион теңгені несиеге ресімдеп, нақты қадамға көшті.

«Ұсынылған ғимарат мүшкіл халде еді. Жертөлесін тазалап, жөндеу жұмыстарынан соң, газ өткізіп, шағын тігін цехын аштық. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы ресімделген несиеге жүн түтетін білдек пен табиғи мамықтан жасалған жастықтарды тазалап, қалпына келтіретін құрылғы сатып алынды, әрқайсысы миллионнан астам тұрады, – деп түсіндірді шығындар барысын Әсел. – Ауылда көпшілігі қаз бен тауық өсіреді. Сондықтан біз тек ескі жастықтарды тазалап қана қоймай, жаңаларын да жасаймыз. Табиғи жүнді жуып-тазалап, түткен соң дәстүрлі қазақи

бұйымдар жасауға пайдаланамыз. Алғашында 320 шаршы метрлік ғимаратты жалға алып тұрсам, кейіннен оны сатып алып, ұлттық нақышта безендірілген 120 орындық кафе аштық. Бізге бағыт беріп, қолдау білдірген Алдияр Сансызбай-ұлына алғысым шексіз, бүгінгі таңда ол Бөрлі ауданының әкімі болып қызмет атқаруда. Сондай-ақ қаржылық көмегі үшін «Даму» қорына да рахмет. Олардың көмегінсіз менің ойларым іске аспас еді. Одан өзге әкім көрмелерге қатысуға көмектесіп, бұйымдарды жеткізуге көлік те бөліп тұрды. Ілкіде үш адам жұмыс жасаған болса, қазір ательеде бес адам жұмыспен қамтылған, дизайнеріміз де бар».


Президент Нұрсұлтан Назарбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауылшаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді…», – деді Елбасы.


Құрамына «Марфуға» тігін цехы мен «Әйгерім» кафесі кіретін «Султангалиева А.А.» ЖК-да түрлі көрмелер мен конкурстарда, олардың арасында халықаралық деңгейдегілері де бар, өз ата-бабасының қайталанбас мәдениетін лайықты көрсеткені мен БҚО-да шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлестері үшін берілген алғысхаттар мен марапатаулары бар. Тігін цехына нағашы әжесінің атын бергені тегіннен-тегін емес. Тоғыз баланы бағып-өсіріп, аяқтандырған Марфуға әже қыздарына да өзі білетін тігін ісін үйретті. Бұл отбасында төсек-орын мен тұрмыстық заттарды тігіп-дайындайтын тек Әсел ғана емес, оның әпкелері де – бірі Ақтөбеде, бірі Ақсайда осы салада жұмыс жасауда, ал біздің кейіпкеріміз Шыңғырлау ауданында. Тігін цехының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі қатысып, кәсіпкерге ақ жол тіледі. Әселге аудандық Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры, самбодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионы болған жолдасы да қолдау көрсетті. Отбасында әркім өз ісімен айналысады: ұлдары өнерге жаны жақын, суретті жақсы салады, дизайнер немесе архитектор болғысы келеді, ал қыздары бокспен әуестенеді.

Өндірілген тауарлары аудан тұрғындары арасында, Астанадан және өзге де қалалардан түскен тапсырыспен таратылады. Сондай-ақ Орынбор мен Ресей Федерациясының өзге де жақын орналасқан елді мекендеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері арасында да сұраныс жоғары.

«Көрпелерді бір-екіден ала-тын адам аз қазір, – деп түсіндір-ді Әсел Асқарқызы. – Негізінен көтерме түрде, тіпті жинақтама түрінде: бірнеше көрпе, төсекше көрпелер, жастықтар, атлас жабын түрінде жақсы сатылады. Қалыңдық жасауы немесе тойға арналған сый топтамасы жүз елу мың теңге шамасында тұрады. Күнделікті қолданысқа арналған қарапайым түрлері де бар, олар арзанырақ».

Қазіргі таңда Әсел Асқарқызы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінде шетелдік туристердің қазақстандық бұйымдарына  назарын аударып, біздің  мәдениетімізбен таныстыруда.

Фото: А. Сұлтанғалиеваның жеке альбомынан
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top