Бизнеске жолдама

5 октября 2017
0
2575

Облыстың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан ең ірі аудандардың бірі Зелёнов ауданында кәсіпкерлікке ден қойғандар саны артып келеді. Аудан облыс орталығына жақын орналасқан, Ресей Федерациясының үш облысымен шекаралас, осы жағдайлардың өзі бизнесті дамытуға септігін тигізеді. Жуырда өз болашақтарын Жамбыл ауылымен байланыстырып отырған екі тұрғынмен кездесудің сәті түсті – олар Сергей Теплоухов пен Александр Горбунов. Жап-жас болмаса да олардың құлшынысы қызығарлықтай. Олардың тәжірибесі мен дағдылары кіріскелі тұрған істеріне тек пайдасын ғана тигізері сөзсіз.
Олар өздері көршілес Октябрь ауылынан.

– Ағаш өңдеу – Сергей Николаевич екеумізге жақсы таныс іс, – деді жасамыстау кәсіпкер. – Соңғы жылдары біз осы іспен шұғылданып келеміз. Көбінесе, діңгек, тақтайлар, оның ішінде кесілген тақтайларды жасап жүрдік. Негізгі тұтынушыларымыз жергілікті тұрғындар еді. Материалдар тұрғын жайлар, шаруашылық құрылыстарын тұрғызуға, оларды жөндеуге қолданылатын.

Осылай жалғаса да берер ме еді, кім білсін, достар істерін нығайтуға кіріспесе. Бизнес өз мүмкіндіктеріңізді аша түсуге көмектеседі. Бір кездері С.Н. Теплоухов бір коммерциялық ұжымда жүргізуші болып қызмет еткен еді, бірақ белгілі бір уақыттан кейін оны жалақы көлемі қанағаттандырмайтын болды.

– Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы біз сәйкесінше дайындықтан өтуге Мичурин ауылында ұйымдастырылған «Bastau Бизнес» курстары көмектесетінін білдік, – дейді Сергей Николаевич. – Оқу барысында тағы бір маңызды оқиға болды – Жамбыл ауылынан болашақ өндірістік базамызға қажетті бір жарым гектар жерді алдық. Біздің Октябрь ауылында бос орындар жоқ болса да, Жамбыл ауылы бізден бар-жоғы үш шақырым жерде орналасқан және жаңа цех асфальтталған жол бойында орналасқан болғандықтан біз көп қайғырмадық. Әсіресе, ауданымызда жер қатынастары жөніндегі мәселелермен айналысатын Қайрат Асылбекұлы Төлегеновке алғысымыз шексіз. Сол кісінің арқасында учаскені тез де еш қиындықсыз рәсімдедік.

Курстарда оқып жүргенде Сергей Николаевич тыңдаушылар арасында ең жасы үлкені болды, сол курстарда бизнес жүргізудің бастамаларын, қиындықтарды қалай жеңу керектігін, тағы басқа маңызды нәрселерге үйретті.

Мені қызықтырғаны ісіміздің келешегі еді – жаңа іс бастаған октябрьлық кәсіпкерлер бар мүмкіндіктерін аша ала ма? Олардың бұл мәселеде тіптен күмәндары жоқ екен.

Олардың ауылдары мен жақын елді мекендерде, соның ішінде Мичурин ауылында да құрылыс қарқынды жүруде. Ол ауылдардың қалаға жақын орналасуы көп тұрғындарды, әсіресе оралмандарды қызықтырады. Және де мемлекеттің қолдауымен ауылдағы кәсіпкерлік даму үстінде. Менің сұхбаттастарым сенімді, олардың өнімдеріне сұраныс әрқашан болады.

– Бұған дейін, – деп бөлісті олар, – біздер ағаштың терек, үйеңкі, шаған, қараағаш сияқты түрлерімен жұмыс жасадық. Жамбылдағы өндіріс іске қосылғанда көлем өсе түсетіні сөзсіз, сондықтан көршілес Ресеймен де іскерлік байланысты күшейте түсу керек. Ол жақтан бізде өспейтін немесе аз ғана өсетін емен, қарағай, тағы да басқа ағаштарды жеткізуді қолға алмақпыз. Алайда одан бұрын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету керек бұл өнідірісті. Әзірге бізде тек бірнеше жыл бұрын өз қаржымызға алынған екі ағаш кескіш бар.


«Үшінші бағыт жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған».

«Жұмыспен қамту – жол картасы 2020»
мемлекеттік бағдарламасы


Бұл мақсатта «Ясень» ЖК мемлекеттік қолдауды пайдаланып, кем дегенде он миллион теңгеге несие алмақшы. Несие негізінде жылжымайтын мүлікті кепілдеме ретінде қойғанда беріледі. Ауылдық жерлерде бұл мәселеге келгенде қиындықтар болып жататыны белгілі. Сондықтан Октябрь ауылынан шыққан кәсіпкерлер осындай істерде сенімді делдалдың рөлін атқарып, қаржылық міндеттемелердің бір бөлігін өзіне алып жүрген «Даму» аумақтық қорына үміт артып отыр. Биыл алынбақшы қаржыға олар ағаш өңдеу цехының құрылысын жүргізіп, арнайы техникаларды алуды жоспарлап отыр.

– Ол бізге өте қажет! – дейді жігіттер. – Үлкен бөренелерді қолмен аунату қиындау. Шағындау арнайы трактор тиеп-түсіру жұмыстарын механикаландырар еді.

Өндіріс іске қосылған кезде бұл жерде он-он бес адам, мүмкін одан да көбірек адам жұмыс жасайды. Бизнес әріптестердің ойынша, жұмысшы тапшылығы болмайды, Октябрь мен жақын арадағы елді мекендерде жұмыссыз жүргендер көп, одан қалса аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік қызметі де көмек қолын созуға дайын.

– Біз болашақта тақтайлар мен діңгектер өндірумен шектеліп қалмаймыз, – деп жоспарларымен бөлісті Александр Горбунов. – Өнім ассортиментін кеңейте береміз. Мысалы құрылыста ағаш жаңқасы да жылытқыш материал ретінде көп қолданылады. Олардан евробрикет деп аталатын арзан да экологиялық таза отын түрін жасауға да болады. Тіпті жаңқаны ауыл шаруашылық жерлерін жабындауға да қолданылады. Болашаққа жоспарымызда жазып қойғанымыздай, географиялық тұрғыдан жақын орналасқан Ресейдің орасан нарығын да назардан тыс қалдырмауымыз керек, – деп қорытты ол.

Зеленов ауданында жаңа «Bastau Бизнес» оқыту жобасы іске асырылуда. Биылғы жылдың сәуірінен бастап курстан кәсіпкерлікке бас бұрған ауыл тұрғындарының бірнеше тобы өтті. Бұның барлығы халықты «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалып жатыр. Облыс ішінен Зеленов ауданы бес пилоттық аудан қатарына енді. «Bastau Бизнес» – жаңа форматтағы жоба, оны дайындау кезінде бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардың қателіктері мен жетіспеушіліктері есепке алынды. Бастамашыл кәсіпкерлердің сабақтары тек ғимарат ішінде ғана емес, өндіріс орындарында да, яғни жылыжайлар мен егістікте де өткізіледі. Сабақтар теориялық материалды меңгеруге жеңіл болатындай пікірталас немесе ойын түрінде өткізіледі.

Курстардың алғашқы бітірушілері бизнес-жоспарларын облыс орталығында комиссия алдында табыспен қорғап шықты. Өз ойларын іске асыруға қажетті жеңілдікпен берілетін қаражатты алу-алмауы осы комиссияға байланысты. Комиссия назарына ұсынылған жобалардың көпшілігі ауыл шаруашылығына қатысты: мал бордақылау, тазартылмаған күнбағыс майын өндіру, демалыс пен туризмді ұйымдастыру, ассенизатор қызметі бойынша жобалар.

Кейбір жобалар қаржыландырылып та үлгерді. Мысалы, олардың он бірі – мал бордақылау бойынша – «Ауыл шаруашылығын қолдауды қаржыландыру қоры» АҚ желісімен жалпы сомасы отыз екі миллион теңгеден астам несие алды.

БҚО кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында айтқандай, «Bastau Бизнес» бітірушілері жобаларын қорғаған соң өздерімен өздері қалып қоймайды. Оқуды тәмамдап, жеңілдікпен қаражат алған соң да бір жыл бойына оларға кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімінің кеңесшілері қолдау көрсетіп, бағыттап отырады.

Ал курс тыңдаушыларының өздері «Bastau Бизнестегі» оқу олар үшін ақысыз екендігін атап көрсетеді. Оқу мерзімі бойына олар мемлекеттен стипендия да алып отырады.

Ал ауданда «Bastau Бизнес» курстарына кезекті тыңдаушылардың тобын жинақтауда. Бар-жоғы биылғы қарашаға дейін болашақ кәсіпкерлердің алты легін қабылдау жоспарланған.

Суреттер «Ясень» ЖК-дан алынды
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top