Ас атасы

6 июля 2017
0
3303

Біз онсыз өмірімізді елестете алмайтын тағам болса, ол – нан. Таңғы не түскі, не кешкі ас болсын, нансыз астың дәмі келмейтіндей… Атам заманнан қалыптасқан дүние бұл. Нан өнімдері әмбебап болып келеді – қарның ашса тойдырады, түрлеріне қарай тіпті рахатқа да бөлей алады, үлпілдеген, тәтті, орамасы бар, қытырлаған қабықшасы бар, үстіне себілген тәттілерімен, түрлі-түрлі болып адамды қызықтырады. Қане, асығыңдар! Хала, ширатпа нан, рогаликтер, ірімшік қосылғаны ма, қандайы керек! Қалаштар, орамалар, багеттер мен ромашкалар!
Бұның сыртында кім тұр деп ойлайсыздар? Бұл компанияның құрылтайшысы Хамзат Исаев мырза. Ол адамда «теңіздің» түрлі түсті «тастары» да бар екенін бәрі біле бермейді…

Рет-ретімен баяндайық. Біз №1 астық-сүт комбинатындамыз. Бұрындары ол осындай нөмірлі нан зауыты болатын. Оралдықтардың есінде, ол сол бұрынғы орнында, өнімдерінің сапасы мен маңызы да өзгеріссіз қалды. Нан комбинаты жанындағы шағын ғана дүкеннен қалалықтар жаңа пісірілген ыстық нан алады, бұл 1965 жылдан бері қалыптасқан дәстүр. Ұжымның үздіксіз еңбегінің арқасында бұл дәстүр өзгермеді. Алайда Кеңес тарап, зауыт иелері ауысқан кезеңдерде қиын да болды. Үйлеспеген шаруа Хамзат Хатуевич Исаев іс басына келгенде жөнге келе бастады. Ғимараттарды қалпына келтіріп, жабдықтарды жаңалап, нан және кондитер өнімдерін өндіру басталды.

Өнім шығару 2002 жылдан басталды. Сол кезден бері тек өнім түрі көбейіп, тұтынушылар саны артуда. Бүгінгі сатып алушы талғампаз, бір-екі түрлі өніммен олардың талаптарына сай келу мүмкін емес. Комбинаттан ақ нан, бородинский, украиналық, дворяндық, таба нан түрлерін ұсынады. Түрік батоны, жүзім қосылған батон, майқоспа тоқаш, курага, повидло мен қойылтылған сүт қосылған орамалар сияқты тізімді жалғастыра беруге болады… Бір сөзбен айтқанда, кунжут себілген қалашты немесе мак қосылған рогалик сатып алудан өзіңді тежеу мүмкін емес. Комбинат өнімдері тағам өндірушілер көрмелерінің дипломдарымен марапатталған: «Сапалы өнім» 2012, 2013, 2015 жылдары. Клиенттер қатарында  денсаулық сақтау мекемелері, мемлекеттік, мектепке дейінгі және орта білім беретін мекемелер, шағын дүкендер мен жеке кәсіпкерлер бар.

Біз директордың өндіріс бойынша орынбасары Вячеслав Филипповпен сөйлестік. «Хамзат Хатуевич ғимараттарды сатып алған кезде негізгі қорлар мен өндірістің жаңа өмірі басталды. Жабдықтар сатып алуға несие алдық, қазір бізде отандық жабдықтармен қатар, түрік, итальяндық және ресейлік жабдықтар бар. Нан пісіруге арналған ескі пешіміз әлі жұмыс жасап тұр, бірақ оны пайдалансақ, қуат көп жұмсалады, – деп түсіндірді Вячеслав Юрьевич. – Нан пісіру оңай жұмыс емес, пісіру цехында негізінен ерлер жұмыс жасайды, ал кондитерлік, пірәндік цехтарында әйелдер жасайды. Нан өндірісінде өтілі бар қызметкерлер өздерінің бай тәжірибесімен бөліседі. Құрметке бөленген Тагирова Марэт Исаевна – нан-бөлке цехының бригадирі, Григорьева Галина Алексеевна – кондитерлік цехтың бастығы, Сатарова Вера Алексеевна – технолог, Ирина Доронина – қамыр илеуші және тағы басқалар. Ұжым құрамында үш жүздей адам қызмет етеді, барлығында да жұмыс жетерлік».

«Вячеслав Юрьевич, сіз несие туралы айтып едіңіз ғой», – деп қаржы мәселесіне қайта ойыстым. Себебі ҚР Үкіметінің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы жоспарындағы «Шағын және орта бизнесті қолдау» бөлімінде айналмалы қаржыны толықтыруға берілген несиелердің үстемеақысын белгілі бір мөлшерде субсидиялауды қамтамасыз ету қарастырылғанын білетін едім. Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қаржылық көмек көрсетудің қосымша тетіктері де бар болатын. Осы құжаттардың барлығы да кәсіпкерлердің бастамасын іс жүзінде қолдайды.

«Дәл солай, – деп басын изеді ол. – «Даму» аймақтық кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен «Нұрбанк» арқылы несие ресімдедік. 15% орнына 6-7% төлеудің айырмасы бар ғой, келісесіз бе? Комбинат банктің қызметін жиі қолданады, соның есебінен жабдықтар аламыз, айналымдағы құралдар – ұн мен өзге қажетті шикізаттарды, өнімімізді таситын арнайы машиналар сатып аламыз. Бұл мемлекет тұрғысынан көрсетіліп отырған керемет көмек пен қолдау. Жаңа сүт цехының құрылысын аяқтадық. Қазір өнім көп болғандықтан, өз автопаркіміз бар».

«Қаладан өзге жерлерде өнімдеріңіз сатыла ма?» «Аудан орталықтарына: Ақсай, Тасқала, Жаңақала, Жымпитыға жеткіземіз. Нан және кондитерлік өнімдерімізді Ақтау, Атырау, Ақтөбеге де жібереміз, сонымен қатар ресейліктер де алып кетеді; алатын кісі көп, тек тиеп үлгереміз. Сұраныс үлкен. Печенье, кепкен тоқаштар, пірәндік шығаратын желілер жұмыс жасап тұр. Вафли шығаратын екі желі іске қосылған».

Айта кету керек, кілегейлі және шоколадты салмасы бар оралдық вафли үлкен сұранысқа ие. Бұрын оларды кондитер фабрикасында, соңынан «Шаныбек» дайындайтын. Оны да Хамзат Хатуевич сатып алып, жабдықтарын нан комбинатына орналастырды. Кондитерлік цехымыз кеңіп, онда вафлидан өзге шоколадты үгіндісі бар сұлы печеньесін, шишкалар немесе «Қойылтылған сүт қосылған жаңғақтар», салмасы бар пірәндіктер, «Фантазия» печеньесін жасайды… Тәттілігі тіл үйіріп, бірінен бірі өтеді, дәмін татып көрмеу мүмкін емес. Мармелад, «Қанттағы арахис» дражесі, сүтті шербет, «Жүзім қосылған теңіз тастары» дражесі, «Тузик» ирисі… Иә, нан комбинаты тәттілерді де шығарады.

– Қазір қай бағытта жұмыстанып жатырсыздар және болашаққа жоспарларыңыз қандай?

– Қазіргі таңда өндірісті кеңітумен және жаңғыртумен айналысып жатырмыз. Директор жаңа жабдық іздеуге іссапарға кеткен. Облыстық  әкімдігінің қолдауымен шағын дүкендер ашып жатырмыз. Ауданы шағын – 24 шаршы метрлік, дүкен сөрелері мен кондиционерлер, яғни ыңғайлы сатылым мен қызмет көрсету үшін қажеттің барлығына орын жетеді. 17 дүкеніміз дайын, олардың «Юбилейная», «Урал» дүкені аялдамаларындағы, «Энергетик» жатақханасы, №3 орта мектеп пен орталық базар жанындағылары ашылды. Алты шағын дүкен қажетті қызметтермен қарастырылып келісу жағдайында, – дейді Вячеслав Юрьевич. Кондитерлік және нан өнімдерінен өзге ол дүкендерде сүт өнімдері де сатылатын болады. Ерекше көңіл аударатын нәрсе, сатылу бағасы – өндіруші бағасымен. Бізде жалпы қол жетімді бағалар. Дәмі керемет бірінші сұрыпты бір қалаш нан – 70 теңге. Жұмысымыз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы мен өзге де мемлекеттік бағдарламаларға сай жүргізіледі. Ол бағдарламада жаңа бизнес бастамаларды қолдау мен дамыту туралы айтылған.

Біз нан-сүт комбинаты жанындағы дүкенге кіріп-шықтық, ішкі көрінісі өзгерген. Әсіресе, нан өнімдері орналасқан бұрыш көз тартады: төбешік қамыс бумалармен жабылған, құдды бір ауыл үйлерінің төбесі секілді, кепкен тоқаш тізбелері ілініп тұр, сөрелер бидай бумаларымен көмкерілген. Экзотика. Сатушы қыздар тек тұтынушыларға тауарды сатып үлгеріп тұр. Осындай шақта есіңе «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал түседі. Сөз реті келгенде, байлық пен жан-дүние кеңдігі туралы айтсақ. Комбинат түрлі мекемелерге: мешітке, шіркеуге, лицей мен өзге де мекемелерге қайырымдылық көмек көрсетеді.

«Тұрмысы төмен тұрғындар мен отбасылар да назардан тыс қалмақ емес. Шағын дүкендерді іске қосып алған соң, әкімдік ұсынған тізімге сәйкес, нан және сүт өнімдеріне жеңілдіктер ұсынбақпыз, – деп бөлісті жаңалығымен Вячеслав Юрьевич сөз соңында. – Біздің компания мүдделі тұлғаларды әріптестікке шақырады, серіктестік желіні кеңітуге және жеткізудің тиімді шарттарын қарастыруға дайын. Сенімді әріптестік, серіктестік сенім бизнесте табыстың кепілі, ал №1 нан-сүт комбинаты – аймақтағы сенімді тауар өндіруші және серіктес».


ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖЕТЕКШІ КҮШІ – КӘСІПКЕРЛІКТІ – ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ

Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс.

Біз адамға ол үшін мемлекет барлық проблемаларын шешіп беруін күтпей, өзін бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек.

Іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен.

Ол үшін төмендегідей шаралар қажет:

– шағын және орта бизнестің бірлестіктер мен кооперацияларға ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау мен көтермелеудің жүйесін жасау;

– жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң  реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту.

«Қазақстан-2050» стратегиясы:
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»


Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top