Тіл – тұтастық туы

6 октября 2016
0
7358

«Біз Тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып, осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз.

Біз бірегей және халық бірлігінің осы кезге дейін еш жерде қайталанбаған моделін қалыптастырудамыз. Бізді, біріншіден, ортақ үйіміз – Қазақстанға деген ортақ сүйіспеншілік біріктіреді. Екіншіден, біздің ежелгі жеріміз бен тілдерді дамыту тарихына қатысты қоғамдық келісіміміз. Үшіншіден, мемлекетіміз бен оның азаматтарының бүгінгі күніміз бен еңселі ертеңімізге түбегейлі сеніміміз. Біздің Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің негізі, міне, осы. Дүниеде Тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар! Мемлекеттік тіл енді ұлттық саясаттың діңгегі болуы тиіс!»

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев

Иә, тіл қашанда болмасын, мемлекеттің – ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл де жанды нәрсе сияқты, қалыптасады, дамиды, өркендейді, өседі немесе құлдырайды, кемиді, өшеді, жойылады. Тіл – ұлттың тірегі. Ол – жан дүниеңді ашып көрсететін мөлдір айнаң. Осы айна бетіндегі тоталитарлық жүйе түсірген дақты кетіріп, дидарымызды анық көруге ұмтылғалы да біраз жыл болды.

Қазақстан халқы Тәуелсіздік жылдары қаншалықты қиыншылықты бастан кешірсе де, биік парасат пен ұстамдылық көрсетіп, ішкі алауыздық пен ұлтаралық тартыс туғызатын тауқыметтерге жол берген жоқ. Небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңару жолына түскен біздің Отанымыз – Қазақстан бүкіл әлемдік қауымдастықтағы өз орны, өз беделі бар абыройлы мемлекетке айналды.

Қазақстан жерін мекен еткен барлық этнос өкілдері татулығының, бірлігінің сыры – қазақ халқының кең пейілі, қонақжай, табиғи болмысында, бітімгершілік жаратылысында. Сол себепті елімізде тұратын барша этнос өкілдері қазақ ұлтының дамуына мүдделі болуы керек.Оның басты белгісі ретінде қазақтың тілін үйренуі қажет. Өйткені қай кезде болмасын, ана тілі мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір қазақстандықтың тілдік белгісі бойынша құқығын қорғай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар туғызуды жүктейді. Елімізде бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізу және Конституциямызбен жүктелген міндеттерді орындау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен мақұлданған Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасына сәйкес «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Аталмыш бағдарламаны әзірлеудің көкейкестілігі қоғамдағы тіл проблемаларын шешу жөнінде кезек күттірмейтін шаралар қолдану процесіне мемлекеттік қолдаудың қажеттілігімен айқындалады. Ал тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың факторы болып табылады. Бағдарламаны қабылдау аталмыш факторға негізделеді. Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев айтқандай: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы».

Бағдарлама қазіргі тіл саясатын іске асырудың алғашқы кезеңінде нақты іс-шараларды жүзеге асыруды көздейтін негізгі бағыттар мен мақсаттарға қол жеткізу, міндеттерді шешу жолдарын белгілеп берді.

Дағдарыстан жаңа даму жолына бет түзеген Қазақстанның, оның мемлекеттік құрылысының алдында тұрған міндеттері күрделі, ауқымды әрі алуан түрлі. Солардың ішіндегі ең бір өзектісі, рухани-тарихи маңызымен ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиесі мен болашағы үшін орны ерекше проблема – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыру, оны еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету, Қазақстанды мекендейтін барша ұлыстардың тілдерін дамыту. Мемлекеттік бағдарлама айқындап берген міндеттердің бірі – осы тілдерді, оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту. Аталмыш міндетті іске асыру бағытында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арнап облыстық тіл фестивалін өткізу дәстүрге айналды. 2004 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан тіл фестивалі аясында «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Кел, балалар, оқылық», «Атадан қалған асыл сөз», «Мәнерлеп сөйлеу – мәдениеттілік мәйегі», «Қазақ тілі – қазақстандықтар тілі», «Дала даналықтары» атты байқаулар, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Абай, Пушкин, Жұбан, Мұқағали оқулары, «Тілдарын» олимпиадалары өткізілді. Қазақтан басқа ұлыс өкілдерінің қатысуымен өткен «Біздің көше», «Жүзі бөлек – жүрегі бір, тілі бөлек – тілегі бір», «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқаулар облыстық теледидар арқылы халыққа кеңінен насихатталды. Биылғы 12 рет оздырылған облыстық тіл фестивалі аясында «Абай оқулары», «О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы», «Тіл шебері – 2016» атты үш тілді меңгергендердің олимпиадасы, «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл – парасат», «Кел, балалар, оқылық», «Тазша бала» байқаулары өткізілді. Аталмыш байқаулар жыл сайынғы науқандық жұмыстар емес, барша жастардың, бүлдіршіндердің жыл сайын сайлана кірісетін сынына, сағына күтетін мерекесіне айналды. Талаптанып барып, танымал атанып, республикалық байқауларда облысымыздың мерейін асырған жастарымыз да бар.

Жыл бойына оздырылған шаралардың нәтижесі ретінде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, ағымдағы жылғы 22 қыркүйек күні Қазақ драма театрында өткен «Тіл – тұтастық туы» атты Тіл фестиваліне облыс басшысы Көлгінов Алтай Сейдірұлы қатысып, жұртшылыққа қазақ қазақ болғалы бірге жасап, ананың сүтімен, атаның күшімен, ұлан-ғайыр даланың бар сұлулық нәрімен ұлтымыздың жанына, қанына сіңген қасиеті, оны өзгелерден ерекшелеп халық қылған, ел еткен, барша қазақстандықтарды татулықтың туы астына ұйытқан ұлы тіліміз туралы жүрек жарды тілегін арнады. Сондай-ақ облысымызда бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге ат салысып, ана тіліміздің абыройын өсіруге елеулі үлес қосып жүрген тіл жанашырларын марапаттады. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасы» белгілі айтыскер ақын, облыстық тілдерді дамыту басқармасының негізін қалаушы тіл жанашыры Қыдырниязова Шолпан Батырқызына, тіл жанашырлары Қуатов Өтепқали Керейұлына, Қуатов Базарғали Сәниұлына, Бақтығали Тілегенұлына, ақын Мұштанова Дариға Ғазезқызына, Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар комитетінің «Құрмет грамотасы» БҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Г. Бисенғалиеваға табысталса, облысымызда тіл саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау мен жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ат салысып жүрген Н. Рахманов, Н. Текебаев, Ә. Дүйісмағамбетова, Н. Павлычева, И. Самойлова, И. Жилик, М. Нәріков, Ш. Шахиналар облыс әкімдігінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Қазіргі жаһандану заманында, кез келген елде тұлғалық ұлттың тіліне, мәдениетіне, парасаттылығына сүйенбей, халыққа жайлы азаматтық қоғамды қалыптастырмай, гүлденген ұлттық мемлекеттің іргетасын қалау мүмкін емес.

Дүниежүзінде егемен мемлекет болған елдердің барлығында басқа этнос өкілдері мемлекет құрушы байырғы ұлт төңірегіне топтасып – біртұтас халық болып, бір тілде сөйлеп, болашаққа сенімді түрде аяқ басып келеді.

Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті нығайту арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп дамыған Қазақстан туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын! Жүрегімізде Ұлы Отан – Мәңгілік Елге деген махаббат оты маздасын! Баянды болашаққа бірге қадам басайық! Ырысымыз тасып, айбынымыз аса берсін!

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар, Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болады. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білген жөн!..» деп, Қазақстан халқын қазақ тілінің төңірегіне ұйысып, біртұтас ел болуға шақырған аталы сөзі кешегі би-шешен, хан-батыр, алаш айбоздарының өзекжарды өсиетімен сабақтасып жатыр. Бұны Тәуелсіз қазақ еліне, барша қазақстандыққа ортақ ұстаным, бағыт пен озық ой, парасатты пайым деп түсіну қажет. «Отанды сүю – иманнан» дейді қасиетті хадисте. Ал біздің Отанымыздың тілі – Қазақ тілі! Демек, Отанды сүю дегеніңіз оның тілін де сүю деген сөз.

Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асарымыз хақ.

Г. Бисенғалиева,
БҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы
Ярослав Куликтің фотосуреттері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top