Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

22 сентября 2016
0
77719

«Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан».

Нұрсұлтан Назарбаев


Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының жиырма бесінші жылына қадам басып отыр.

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Қазақ елінің еркіндігі, тәуелсіздігі үшін тарихта ерекше орын алатын көтерілістер: Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы, Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер болды. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, қынадай қырылған 1930-1933, ел тізгінін ұстаған азаматтардан 1938 жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жақан далада өмір сүруі, тарих бетінен ұлт болып жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды батырлар сол ел қорғауды ұран еткен, сол үшін құрбан болып, ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері алтын әріппен тарихта қалды.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Ән-ұранымен айбатты.

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.

Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 25 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр.Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.

Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ұлы мақсаттарға жетелейтін – «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Барша қазақстандық бұл идеяны үлкен қуанышпен қабылдады.

«Мәңгілік Ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан белгілі. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Елбасымыз Тоныкөк бабамыздың өсиетін тілге тиек ете келіп: «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр»,– деген болатын. Ұшар басында алып самұрығы қанат қаққан «Қазақ елі» монументі – бабаларымыздың «Мәңгілік ел орнату» идеясына қойылған ескерткіш белгі. Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл алаң – еліміздің басты алаңы. Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының ұғымын, оның мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі.

Осы орайда Хамза Есенжанов атындағы ОБЖК-сы 1 қыркүйек күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне, Ата заңымыз Қазақстан Республикасы конституциясы күніне және білім күніне орай, жасөспірімдер оқу залында Лена Мақсотқызы «Мәңгілік ел – болашақтың жарқын жолы» атты танымдылық сағатын өткізді. Шараға Сервис және жаңа технологиялар колледжінің 2 курс студенттері мен ұстаздары қатысты. Бұл шараның мақсаты жас ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру жолдары туралы түсіндіру, патриоттық сезім ұялатып, әр азаматтың еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға тәрбиелеу.

Қазақ халқының бір ерекшелігі – ұлттық тәрбиеге үлкен мән беруінде. Ежелгі ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы өз ұрпағын күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы сырнай үнімен, ғашықтық жырымен, асқақтата салған әнімен, мақал-мәтел, шешендік сөз, жаңылтпаш, айтыс-өлеңдерімен тәрбиелеп келгені шындық. Өйткені, бүкіл саят-санасы, әдет-ғұрпын ертегі, аңыздар, жыр – термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, барлығы да айналып келіп тәрбиеге келіп тірелген.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, ата-бабаларымыз Отан түйінінің белін қайыстырар алапат ойды жалғыз ауыз сөзге сыйдырыпты. «Малым –жанымның, жаным-арымның садағасы» деген қағиданы ана сүтімен бойға дарытқан қазақ үшін ары жанынан жоғары тұрған. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасының дәрежесін арттыру бағытында отбасы күніне орай Орал қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Жігерлі жастар» қоғамдық бірлестігі және Хамза Есенжанов атындағы ОБЖК-ның ұйымдастыруымен Мейірім Болатқызы «Мемлекет, отбасы және ана» атты ашық пікір алаңын өткізді. Кешке арнайы шақырылған қонақтар әйелдерге арналған оңалту және бейімдеу орталығының заңгері Макулов мырза, Дін істері басқармасының маманы Наурыз Ибатұлы бүгінгі қазақ қоғамындағы отбасы бейнесі, бала тәрбиесі, отау құрған жас шаңырақ төңірегінде ой қозғады. Шараға қатысқан Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университет студенттері мен №1 индустриалды колледж студенттері кеш қонақтарына қазақы тәрбие, азаматтық неке мен қазақ отбасындағы типтік проблемалар туралы сұрақтар қойып, пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ шараға өңіріміздегі «мерейлі отбасы» деп атауға әбден лайық, мерейі үстем Мұлхайдаровтар отбасы, дәстүрлі дініміздегі тәлім-тәрбиемен өнерді ұштастырып ұрпақ тәрбиелеп отырған «берекелі отбасы» Сариевтер әулеті, отбасы деген әдемі атаудың есігін ашып, жас та болса көпшілікке үлгі бола білген Мықи әулеті кеш қонақтарының қатарында болды. Шара соңында аталған отбасыларға мерекелік сый-сияпат көрсетіліп, алғыс хаттар табысталды.

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Айман Ниязова,
Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар
және жасөспірімдер кітапханасының библиографы
Автордың суреттері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top