Отансүйгіштіктің қайнар көзі

6 октября 2016
0
3573

Патриоттық сезім, Отанға деген ыстық сезім қашан, қалай пайда болады? Ең алдымен, туған үйіңнен, өз аулаң мен тұратын көшеңнен, өлкеңнен бастау алады… Дәл осы жерде қылаң берген сезім, соңынан азаматтың өз еліне деген махаббатына айналып, өміріне негізі болады, дейді Экология және балалар мен жасөспірімдер туризмінің облыстық орталығы жанындағы музей жетекшісі Гүлбағира Атаниязова.

Музейге кірген бетте, ең бірінші рет кіріп тұрған балалар сияқты, мен де алдымен табиғат аясындағы туристер демалысын бейнелеген көрініске қарай беттедім. Өзен жағасында тігілген шатыр жанында тауға шығуға арналған құрал-сайман жатыр, бірталай оқиғалардың куəгері болған күрте ілініп тұр, етік, гитара жəне тағы басқа да жорық жабдықтары бар. Ең бастысы – шытырлап жанған алауда пісіп жатқан балық сорпасының иiсі келетіндей мұрынға. Бұл көрініс қала сыртына шығып демалуға итермелегендей болды мені…

Келесі экспозицияда қазақ халқының мəдениеті мен тұрмысы көрініс тапқан: ағаштан шебер ойылған домбыра, қобыз, ыдыстар мен басқа аспаптар көздің жауын алады. Оларға қараған сайын еріксіз құлағыңа Құрманғазы мен Дəулеткерейдің, Дина Нұрпейісованың күйлерінің əуені келгендей болады.

Өткен ғасырлар сырын сақтаған түрлі құмыра-құмандар сынықтары, Жайық өңірінен табылған ескі қала орнының суреттерінен көз алу мүмкін емес. Сыры ұшқан ағаш шаңғы, байпаққа жіппен байланатын жəне үнемі жанына қисайып кететін “Ақша қар” конькилері? Фотосуреттер басып шығаратын фотоұлғайтқыш… Смартфон бетін түртіп қалып, фотоға түсіретін қазіргі балаларға бұның бəрі таңсық болып көрінетіні сөзсіз… Бұл біздің өткеніміз, өскелең ұрпақтың қызығушылығын тудыратын тарихымыз. Жылдар өте келе жастарымыздың да өздеріне қымбат еске алатын естеліктері жинақталады.

«Екі үлкен залдан тұратын біздің музейіміз мазмұны, тарихы, хронологиясы, құндылығы мен экспонаттарының қайталанбастығы жағынан мемлекеттік музейлерден кем түспейді. 1995 жылы туристік саланың ардагері Галина Скворцова негізін қалаған. Бүгінгі таңда республикамызда балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталықтарының саны 35 болса, оның 14-і Батыс Қазақстан облысында, ал 2010 жылға дейін олардың саны 21 болса, 14-і бізде болатын, – дейді Гүлбағира Ерсайынқызы. – Қазір ғой еліміздің «Мәңгілік Ел» стратегиясына байланысты бұл қозғалыс пен балалар туризмін дамытуға көптеп көңіл бөлінуде. Өңірімізде бұл іс көптеген бағыт – табиғаттану, экология, туризм, өлкетану, музей ісін жүргізу – бойынша қолға алынғандықтан жаңа тынысы ашылғандай. Үйірмелерге қатысатын балаларымыздың қызығушылығы одан əрі еселеніп, көптеген жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүр, – деді ол тəрбиеленушілері жинаған көптеген кубоктарын меңзеп. – Көтермелеу сыйлықтары ретінде жеңімпаздар мен белсенділер Бурабайға демалысқа жіберіледі. Онда да жарыссыз күн жоқ, онда да жеңімпаздар қатарында.

«Евразия» туристік-сауықтыру орталығында, «Самал», «Бивуакта» да көптеп демалады. Айтпақшы, сочилік туристік бюросы Ақтау, Атырау қалаларындағы балаларға «Евразиядағы» демалыстарын ұйымдастырады, ол өте беделді орталық болып саналады.

Көктемде №37 орта мектеп базасында тəжірибелік семинар ұйымдастырылды. Ол семинарда орта білім беретін оқу орындары қабырғасынан музей бөлмелерін ашу мəселесі көтерілген болатын, тамызда ол жұмыстар туралы есеп тыңдалды, нəтижелері бар. Алайда ұстаздар қауымынан көбірек ынта-ықылас күтеміз, себебі қазақ халқының тамыр тарихы тереңде. Отансүйгіштік үйден, өз көшеңнен, мектеп тарихынан, мектеп кімнің атында, сол адамның есімінен басталады. Себебі ол есімді мектепке тектен-тек беріп қоймайды, оның артында тұлға, оның жетістіктері тұрады. Осы мектепте оқып, өз үлесін танытқан спортшылар, Алтын белгі иегерлері, бірегей ұстаздар, қаланың маңызды адамдары – бұлардың бəрі біздің мемлекетіміздің тəуелсіздік тарихы, оның мақтанышы мен маңызы».

– Музейде бастау алған сəттен бастап туризмнің бүгінгі күнге дейінгі тарихы жинақталған: жаяу, тауға, сумен саяхаттап шыққан алғашқы туристердің есептері бар. Үйірмелік жұмыстың ардагері, өз жолын тапқан педагог Роза Абдушева туралы материалдар, қазіргі күндері БҚО «Ақ-Жайық» туризм ассоциациясы президенті болып табылатын Нина Пустобаеваның 150 экскурсиялық зерттеулері, міне ақпараттың көзі қайда жатыр, тек қана интернетке жүгініп қажеті не? – деп нық басып айтты Гүлбағира Ерсайынқызы.

Қазақстанда туризмнің негізін қалаған Сейітжаппар Адамбаевқа (ол кісіге БЖТмЭОО аумағында ескерткіш те бар), КСРО жəне ҚазКСР-нің еңбегі сіңген ағартушысы Төкен Жездібаевқа арналған стендтер де дайындалған.

Туризмнің дамуына мəскеулік академик, ең беделді «Алтын компас» марапатына ие болған, облысымызға төрт рет келген Александр Остапец-Свечниковтың əдістемелік зерттеулерімен, кітаптарымен танысуға болады.


«Қазақстан – 2050» Стратегиясы осынау мəңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері жəне жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мəңгілік Ел» боламыз. Тəуелсіздік алғаннан кейін не бір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өттік. Бүгін Қазақстанды бүкіл əлем танып отыр. Қазақстан таяудағы жылдар ішінде əлемдік бəсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіруі тиіс. Бұл дегеніміз – бəсекеге төтеп беру. Əлемдік бəсекеге төтеп берудің басты шарты – күшті рух пен білім».

Нұрсұлтан Назарбаев


Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Германия елдерінің қалаларымен арадағы əріптестік, халықаралық қатынастар туралы да көп жазылған. Жəне бұл жай ел көріп бару емес, жарыстар. Мысалы, біздің орталық қабырғасында өткен өрт қауіпсіздігіне арналған шараларды атап көрсетуге болады.

«Соғыс тақырыбын да назардан тыс қалдыруға болмас, – деп Г.Е. Атаниязова бізді «Соғыс балалары» деп аталатын экспозицияға қарай жетеледі. – Біздің балалар батыр қалаларды да аралады, олардың қатарында көптеген қазақстандық оғландар қаза болған Ржев қаласы да бар, ардагерлермен кездесіп, хаттар мен құнды жəдігерлерді елге жеткізді.

«Пионерия бұрышында» «Еңбек адамының қатарында күреске əрқашан дайынбыз!» деген ұран естілгендей, – деп күлімсіреді ол, есіне балалық шағы түскендей. – Қазір бұл жасұландықтар қозғалысы, олар – біздің болашағымыз, олар жаңа технологияларды игеріп, инновацияларды өмірімізге əлі енгізеді, ел болашағын құрады.

Алғашқы туристер балалар үйлері, пионерлер үйлері тəрбиеленушілері қатарынан шыққан, – деп əңгімесін айшықтай түсті Гүлбағира Ерсайынқызы. – 1967 жылы «Əкелер даңқы жолдарымен» қозғалысы аясында бізге талай атақты адамдар келген, мысалы, сонау Алматыдан ат терлетіп келген тұңғыш қазақ генералы Шəкір Жексенбаев, Əмина Сүлейменова, Кеңес Одағының батыры Мəншүк Мəметованың анасы, халық ақыны Мариям Хакімжанова. Ал одан да бұрынырақ, яғни 921 жылы Еуропадан Азияға бет алған араб саяхатшысы және жазушысы Ахмад ибн Фадлан, одан соң Рычков, Паллас, Жәңгір ханның бірінші кеңесшісі Карелин сияқты орыс ғалымдары да болды. 120 елді аралап, жер шарын айналып шыққан Әліби Жангелдин. Жер шарын айналушылардың жаңа буыны жерлестеріміз ағайынды Синельниктер – Сергей мен Александр. Отансүйгіштік сезімін туризм мен өлкетанусыз елестету қиын, бұл ең негізгісі – бару, көру, салыстыру».

Өлкетанушы Сырым батырдың ұрпағы, атақты альпинист Мақсот Жұмаев туралы айтқанда даусынан жылылық лебі сезіледі. Теректінің ен даласында өскен ұл әлемнің 14 сегізмыңдық шыңдарын бағындырды, оның 12-іне ол оттегін қолданусыз шықты. Дәстүрлі «Жайық толқыны» экспедициясы, «Менің Отаным – Қазақстан» байқауы туралы да әңгімеледі, онда «Ғасырлар тоғысында», «Сөнбес жұлдыздар», «Ұлттық салт-дәстүрлер» т.б. бағыттар бойынша сайысады.

БЖТмЭОО 15 жыл бойына екі айда бір рет «Соқпақ-Тропинка» журналын шығарады. Соңғы кезде әр шығарылымы түрлі тақырыптарға: әскери-патриоттық, экологиялық, музейтануға арналып жарық көруде.

«Хрустальды шоқыр» байқауы туралы облысымызда білмейтін адам аз шығар, ол жылына 2 рет өткізіліп, баспасөз беттерінде жарияланып отырады. Ол байқауға туған өлкесіне деген ілтипатты көрсетуге, отансүйгіш балалар тәрбиелеуге ниетті мектептер, балабақшалар, музейлер мен өзге де мекемелер де қатыса алады. Басты марапат, БЖТмЭОО директоры Виктор Фоминнің сөзімен айтқанда, Жайық өзенінің, балалық пен тазалықтың символы болып табылатын «Хрустальды шоқыр».

«Барлығы да өзімізге байланысты. Алысқа барып қажеті не, мысал ретінде алғашында ұстаз, соңынан директор болып жасаған шыңғырлаулық Қиыс Жубаншалиевті келтірсек болады. Оның оқушыларымен бірге талай жорықтарға шығып, оларға берген тәрбиесінің мәні ерекше. Бұл тізімге Александр Панченконы да қосыңыз, оның жазбалары бойынша диссертация қорғауға болады, – деп жалғастырды сөзін экскурсия саласының тәжірибелі қызметкері Г.Е. Атаниязова. – Бүгінгі таңда қаланың 48 мектебінің 10-нда ғана музей бар. Біздер Нижний Новгород қаласында болғанда, олардың әр класы пән бойынша, яғни орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия бойынша рәсімделген мектептерінде болдық. Біздерге неге солай жасамасқа? Кабинеттің төрт қабырғасы, дәліз, холлдар бар – оларды пайдалануға болады ғой, оқушыларды да сол іске біріктіріңдер, олардың фантазиясы ұшқыр, үгіт-насихат жұмыстарына аз-мұз қаражат жұмсап-ақ жасауға болатын шаруалар ғой бұл.

Үйірме жұмыстарына да балаларды көптеп тарту керек, олардың қызығушылығын тудырып, арттыру жұмыстарына көңіл бөлген жөн. Туристік қозғалыс – патриоттық тәрбиеге жәрдемдеседі, сонымен қатар ұлт денсаулығын қолдауға да үлесі мол. «Мәңгілік Ел» актінде айтылғандай табиғат пен қоршаған ортаға, ресурстар қорына ұқыпты қарап, тарихи және мәдени мұраларымызды сақтасақ, ақыл парасатты дамытуға асықсақ – нұр үстіне нұр болар еді.

Автор: Наталья Жукова
Суретке түсірген Ярослав Кулик
Аударған Лунара Табылды

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top