Мызғымас байланыс

14 декабря 2017
0
3597

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында заманауи қазақстандық мәдениеттің қайсысын әлемдік деңгейге шығару керектігін анықтап берді. Ұлттық мәдениеттің ең үздік шығармалары шетелге таныстырылуы қажет деп атап өтті Президент. Тізімде: әдебиет, сурет, музыкалық шығармалар, ғылыми жаңалықтар мен т.б.  «2017 жыл шешуші болуы керек: мәдениет саласында әлемге нені көрсететінімізді нақтылап алуымыз керек. Бұл бірегей бағдарламаны 5-7 жылда іске асыруға болады. Мың жылдық тарихымызда біздің мәдениетіміз алғаш рет барлық құрлықта барлық басты тілдерде естіле бастайды», – деді Елбасы.

Біріккен Араб Әмірліктерінде жыл сайын қолөнер шеберлерінің дәстүрлі көрмесі өтіп тұрады. Біздің елімізден делегаттар қатарында бұл жолы екі батысқазақстандық суретші-декоратор Тоқжан Бибиева мен Салтанат Куспаева да болды. Олардың жұмыстары облыс көлемінде ғана емес, республикаға да танымал. Таңдамалы туындылары ЭКСПО-2017 көрмесінде де қойылған болатын. Олардың қолынан шыққан сәндік композициялар шетелдіктердің қызығушылығын тудырып, сатып алушылар көп болды. Астанада қыздар шекара асып келген қонақтар жиі баратын галерея ұйымдастырды.

Олардың шеберханасы Орал қаласында орналасқан. Шеберханада желім, ағаш пен тері иісі арылмайды. Қабырғаларында ұлттық нақышта стильденген паннолар мен суреттер бар.

Бұл сұлулықтың артында қаншама еңбек тұрғанын бірі білсе, бірі білмейді. «Текемет» шығармашылық тандемі бірнеше жылдан бері жұмыс жасайды. Салтанат пен Тоқжан БҚМУ-да танысты, екеуі де суретші-декоратор мамандығын алып шықты. Сол кезден бері араларынан қыл өтпестей – шығармашылықта да, өмірде де.

Екі суретшінің де тарихқа деген қызығушылығы ерекше, барлық жұмыстары тарихпен үндестік тапқан. Әр жұмыстарында уақыт ізі бар, көрерменді ойландырар энергетикалық код жасырылғандай.

Облыс пен республика деңгейінде суретшілер арасында қыздар өте танымал. Көптеген республикалық және халықаралық көрмелерде олар өздерін көрсете білді. Кәсіби мамандар пікірінше, олардың жұмыстарында тек дизайнерлік ерекшелік ғана емес, өзгеше көркемдік сезім де бар.

– Соңғы туындылардың бірі – «Рух берген» панносы ЭКСПО көрмесінде ерекше назар аудартты өзіне. Сатып алушы да табылды, жуық арада бұл композиция шетелге аттанады.

– Композиция көп қырлы, қазақ халқының көп ғасырлық тарихын бейнелейді. Қақ ортасынан бәрінің үнсіз куәгері Күлтегіннің қасиетті тасы орын алған. Алдыңғы планда – тамырын ғасырлар тереңінен алған қасиетті Бәйтерек. Ұлы даланың бар күші мен қайсар рухын өзіне жиып алып, бұтақтарын алыс болашаққа жайып, уақыт пен кеңістікті біріктіріп, олардың бірлігі мен өзара байланысын көрсетіп тұрғандай әсер береді. Көрінбейтін жауларға найзасын кезеген алтын адам бейнесі Ұлы далаға өз құқықтарын мәлімдеген сарбаздар рухын білдіреді. Адал серік болып табылатын ат образы көшпенділікті бейнелейді. Шиыршықталған мүйізді арқар байлық пен билікті бейнелейді. Ежелгі қала мен күрделі шытырмандар сұлбасы ежелгі қалашықтардағы археологиялық қазбалар мен ежелгі материалдық мәдениеттің сипатындай, – деп түсіндірді Тоқжан.

Өз жұмыстарының біздің мәдениетке ұқсамайтын өзге халық өкілдерін елітетіне шеберлер мақтанады. Өзге халықтың өкілдері бұл туындыларға шындап қызығады, дала тұрғындарының пәлсапасын түсіндіріп беруді сұрайды.

– «Дала рухы» деп аталатын композиция көп көрерменді таңғалдырды. Оған қазақтардың жануарлардың тотемдік күшіне, табиғаттың қуаты мен адам мен жаһанның үзілмес байланысына деген ежелгі нанымдарымен байланысты екенін түсіндіруге тура келеді. Көшпенділер мәдениеті бағзыдан әлемді қабылдау, адам мен табиғаттың үндесіп, әрекеттесетін орталық әлемнің аруақтар әлемімен үзілмес байланысы және ғажайып бастаудың үш тұғырына негізделген. Тотемдік символдар қазақтың стильденген, шифрланған ою өнерінде орын тапқан, олардың алуан түрлілігі, нәзіктігі, композициялық мінсіздігі нағыз өнерге айналды. Құлынды биенің суреті рухани бастауды, зор ниетті, отбасы бақытын бейнелейді. Ежелгі көшпенділер үшін жылқы ерекше күш символы еді. Қазақ оюларында ол «ат құлақ», «тұяқ» өрнектері түрінде кездеседі. Түйе де бұл жерде біріктіруші бастау, ақыл мен ұлылықты білдіреді. Ою өнерінде бұл тотем «түйе табан» өрнегі түрінде кездеседі. Бұл паннолар сериясында ежелгі тотемдік символика ізгі тілектер мен ежелгі көшпенділер көзқарасын түсіндіретін пәлсапа ретінде көрсетілген.

Әр халықта адамды көз тиюден, жаман көзқарастан сақтайтын өз бұйымдары болады. Қазақтарда ол тұмар деп аталады, деп түсіндіруге тура келді көрмені тамашалаушыларға. Ол – космогоникалық символдар, дұғалар мен баталардың энергиясын жинақтайтын киелі тұмар.

Терімен әрленген цилиндр түріндегі бойтұмарға құран сүрелері, баталар мен дұғалар салынған. Паннолардың бірінде орталық орында үш бөліктен тұратын зергерлік бұйым – омыраушаның суреті бар. Омыраушаның жоғарғы бөлігі – шаңырақтың бейнесі бар үшбұрыш, ортаңғысы – дөңгелек бойтұмар, төменгісі – сәндік салпыншақтардан тұрады. Қазақтарда күміс бойтұмарлар – өте қымбат түрде сәнделген зергерлік бұйымдар кеңінен таралған.

Композицияның орталық бөлігінің үш бұрышты формасы ежелгі сақтайтын функцияны атқарады, жоғарғы күштермен байланыс және жердегі нық тұруды бейнелейді. Ол табиғи терімен көркемделіп, өзінің қанық түсімен және жалатылған алтынмен көзге түседі. Композицияның төменгі бөлігінде орталық тұста көз бейнесіндегі сәндік элемент бар. Бұл элемент иесін сұқ көзден қорғау мақсатында пайдаланылған. Төменгі бөлікте теңдей ілінген бес салпыншақ ерекше әсемдік пен нәзіктік беріп тұр. Дәстүрлі зергерлік бұйымдардағы күміс салпыншақтар сыңғыры жындарды жақындатпайды деген сенім болған.

– Өз ежелгі дәстүрлерін мұқият сақтап, оларды заманауи батысшыл көзқарастарымен үйлестіре алатын халықты әлемнің басқа жерінен кездестіру қиын дейді Қазақстанда ұзақ жылдар тұрған шетелдіктер, – дейді біздің қыздар. – Алдымен ойланып қаласың, ал сосын түсіне бастайсың: расымен де, өзге менталитет өкілдері үшін қызық болып көрінетін көптеген ерекшеліктеріміз бар.

Мысалға, қазіргі заманауи үйлердің көбінде сәнді жиһаз, қымбат тұрмыстық техникамен қатар, жерге төселетін оюлы, көрпешелер жиналып тұрады, әжелеріміз ұлттық қамзолдарын киіп, оюлы, мұражайдан алғандай білезіктерін тағып жүреді. Мұндай отбасыларда бірлік пен махаббат билік құрғандай, үйде екі-үш тіл қатар естілуі мүмкін, ал отбасы мүшелері поп музыканы да, домбыраны да қатар тыңдайды. Үлкенді сыйлай білу ұлтымызға деген құрметті қалыптастырады. Біздің өмір салтымыз өзгелер үшін өте қызық. Олар соны түсінгісі келіп, дәстүрлеріміз бен салттарымызды қызыға зерттейді, көп нәрсеге таңғалғандарын жасыра алмайды.

Береке дегеніміз тек байлық пен молшылық қана емес, отбасындағы жайлылық, санамызда алғыс қана жатталып, өмірің толыққанды болатынын білдіреді. Картиналардың бірі дәл осылай аталады.

Стильденген түйенің мүсіні сол өмірдің толықтығын, шаңырақ астын бақытқа толтырған біріктіргіш күшті сипаттайды. Бәрі де өз нәтижесін, жемісін береді, ал отбасылық құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғаса береді. Бесік тербеткен ана – шартсыз да шексіз махаббат белгісіндей, бақыт пен жарқын келешекке деген үкілі үміттей. Киіз үйдің әсемделген жабдықтары, әшекейлі сандықтар байлық пен молшылықты білдіреді. Жоғарыға ұмтылған жолақтар жолыңызға жарық түсірген жол төсеміндей. Ақ жол, осындай тілек бар халқымызда, мәңгілік ел болатын ұзақ жолымызда ұрпақтар сабақтастығы мен отбасының бірлігін сақтау үшін табысты болайық деген тілек. Мәңгілік аспанды көмкерген алтын шаңырақ іспеттес күн отбасындағы қасиетті байланыстар, өзара сыйластық пен жауапкершілікті білдіреді.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top