Өмірі ғибратқа толы

27 октября 2016
0
3595

Мұхтар Есболатовты білетін Оралдық балғындардың бірнеше буыны əке болып та үлгерді. Қызыл жұлдыз ордені иегері, жергілікті соғысқа қатысушысы болған əскери дайындық мұғалімі берген сабақтары ол балалардың есінде өмір бақи қалады.

1985 жылғы əскери билеттегі жас жігіттің суретіне үңілдім. Қарапайым ашық жүзді, пəк көзқарасты, жай ғана сенім ұялататын ауыл баласы қарап тұр ол суреттен. Ешбір қулық та, тəкəппарлық та жоқ, батырлар дəл осындайлардан шығады. Аз ғана уақыт өткен соң Ауғанстанда өмірін қатерге тігіп, өзі жаралы болса да оқ астынан бөлімшесін алып шығарын кім білген ол кезде. Ерлігі мен айбыны үшін оны «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттады. Бірақ Мұхтар Жоламанұлы бұл туралы, жалпы соғыс туралы əңгімелегенді ұнатпайды. Мен де түсіністікпен қарап, қазбаламадым…

Ол Шыңғырлау ауданында туып-өсті. Мектеп бітірісімен тракторшы болып жұмысқа тұрды. Одан соң Кеңес армиясына шақырылды, сол кезде əскери қақтығыстарға қатысуға тура келді. «…Өзіңнің азаматтық жəне отансүйгіштік борышыңды өтеп, идеялық табандылықтың, əскери шеберліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің, интернационалдық борышқа адалдықтың үлкен мектебінен өткен өз əскери бөліміңнен кетіп барасың. Қайсарлық пен жанқиярлық көрсетіп ауған халқына жаңа өмір құруға тайсалмай көмек еттің. Отанға жақсы қызмет еткенің үшін алғыс айтамыз. Қандай жолды таңдасаң да, сен əрдайым кəсіби шеберлігің жəне азаматтық ұстанымың арқасында өзгелерге үлгі боласың» – бұл №85615 əскери бөлімінің командирі Макаровтың қолы қойылған алғыс хаттан үзінді.

Ол осы сөздерді өмір бойы жадында сақтап, адал қызмет етіп келеді. Əскерден соң құрылыста жүргізуші, жұмысшы, Орал арматура зауытының құю цехында қалып құрушы жəне металл жонушы болып жұмыс жасады. Одан соң мектепке дене тəрбиесі мұғалімі болып орналасты, педагогикалық институтты бітірісімен алғашқы əскери дайындық сабағынан тəлім бере бастады. АƏД – бұл оның айқын жолы, бұл жолда жиырма жылдай жұмыс жасады. Бүгінгі таңда қалалық білім бөлімінің оқу-өндірістік комбинатында директордың міндетін атқаруда.

Осы жылдар бойы мектепте АƏД сабағымен қатар балаларды түрлі жарыстар мен слеттарға дайындады. Жасөспірімдер арасында «Қайсар» жазғы шатырлы лагері ерекше орын алады. Онда Мұхтар Жоламанұлы директордың тəрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасайды. «Сендердің əрқайсыңда ерліктің ұшқыны бар. Нағыз жігіт болып шыққысы келетіндер алға бір қадам жасаңдар!» дейді өз сабағында бес баланың əкесі. Шынығып, ату ісіне үйреніп, тауға өрмелеу жəне ер азаматтың өміріндегі түрлі жағдайларға дайындалу үшін барлық жасөспірім алға басады. Нысананы көздеп атуды, автоматты бұзып-құрауды үйреніп, футбол ойнап, əскери тəртіппен өмір сүреді. Жəне де жасөспірімдерге бұл ұнайды, лагерден кеткілері жоқ. Əскери жетекші тəрбиеленушілерінен қандай да бір істі талап етпес бұрын, алдымен өзі көрсетеді. Аға сержант «Менің айтқанымды істе» деп емес, «Мен сияқты істе» деп үйретеді. Сондықтан да балалар жетістікке жетеді. «Батырлар, боз кілемге!» эстафетасында немесе саптық дайындық, бетпе-бет ұрысты үйренетін қайсарлықтардың əскери далалық жиындарында патриоттық əндер конкурстарын өткізеді, жергілікті соғыс қатысушыларымен, дінтанушылармен, православ жəне мұсылман дінбасыларымен кездесулер өткізеді. Лагерден соң көптеген балалар əскери училищелерге түсуге ниеттенеді.


Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Татулықты – тұрақтылықтың және тұрақтылықты – дамудың тұғыры еттік.  Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді  тұмардай сақтай білсек еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрқайсың өздеріңе жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білулерің керек.

Бабалардың тасқа басқан өсиеттерін іске асырып, Мәңгілік Ел болуға бет бұрдық.  Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын жас ұрпақтың алғашқы легі сендер боласыңдар! Түмен күнге жететін тәуелсіз ұрпақтың көші сендермен басталады.

Нұрсұлтан Назарбаев


Алтыншы жыл қатарынан №22 ЖОББМ-де «Жас интернационалист» клубы жұмыс жасайды. Клубтың ашылуына Мұхтар Жоламанұлы бастама болып, Ауғанстан ардагерлерінің облыстық кеңесінің төрағасы Олег Пимонов қолдау көрсетті. Тəрбиеленушілердің көпшілігі спартакиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр: Бекболат Дəрібаев, Бағдат Батырұлы, Марлан Зейнуллиев, Жаналы Сабырахманов жəне басқалар. Əскери жетекшінің өзінде де жастарды патриоттық тəрбиелеу ісіндегі еңбегі үшін алғыс хаттар мен грамоталар саны аз емес, оның қатарында ҚР қорғаныс министрлігі атынан да алынғандары бар.

«Ауғанстандағы соғыста 27 батыс қазақстандық қаза тапты, 28-ші болып, бірақ Шешенстанда қаза тапқан Николай Майданов – Кеңес Одағының Батыры жəне Ресей Батыры; екінші атақ оған қазасынан кейін берілді. Біздер өз Отанымыздың мүддесін қорғадық, ол туралы біз ешқашан ұмытпауымыз керек, балаларымыз бен немерелерімізге қандай болашақ қалдыратынымыз туралы ойлауымыз қажет. Бұл туралы барлық саналы адам толғануы тиіс, – дейді Мұхтар Жоламанұлы. – 1984 жылы мен мына бір сөздерді оқып едім «Бүгін кешегіден жақсы, ал ертең бүгінгіден де жақсы болады», бұл сөздер менің ұраныма айналды. Мүмкін соғыстағы экстремалды жағдайларда өзгелер шыдай алмай жатқанда маған күш берген сияқты, əлі күнге дейін тонуста ұстайды.

Барлығы да өз қолымызда. Жаман не жақсы бала туылмайды, жай ғана оларды уақытында бағыттап отырса болғаны. Отанын қолына қару алып қорғаған адам ғана емес, өз ісін адал атқарған адам да патриот. Мысалы, ағаш отырғызып, өндірісте еңбектеніп, білімін келесі ұрпаққа жалғастырып, қоғамдық өмірге белсене араласып, өз əрекетінің нəтижесін болжап, болашаққа қарай алатын адам да патриот. Себебі болашақ бүгінгіден құралады, ал бүгінгі – өткеннің нəтижесі, артыңа қарай алу да, өзге елдерге қарай алуды да білу керек.

Сирияда қазір не болып жатыр? Балалары мен қарияларын ерткен босқындар Еуропаға пана іздеп, өздерін күтпейтін жаққа бағыт алды. Соғыс – күйреу, оқ алдында кім тұрғанын таңдамайды. Снаряд күнәсіз адамдарға тиеді деген сөз бар, бұған жол беруге болмайды.

Іріткі салу үшін басқа да қисынсыз əдістер қолданылады: секталар, жалған дін, түрлі қозғалыстар мен ағымдар. Бұл мəселені біз өзіміз жетік біліп, өскелең ұрпаққа түсіндіре алуымыз қажет. Кез келген дəстүрді, мерекені қайталап керегі жоқ, бізде керемет мейрамдарымыз бар: Наурыз – көктемгі ай мен күн теңелуі, табиғаттың жаңару мерекесі, Құрбан айт – барлық мұқтаж жандарға көмектесуге арналған, 1 мамыр – бірлік пен келісім күні. Осылардың арасында кейбір жастарымыз білместікпен атап өтіп жүрген Хэллоуиннің қажеті қанша?

Қазақстан – өте бай ел, біздің жерімізде Менделеев кестесінің барлық элементтері бар, оған кейбіреулер көздерін тігіп те жүр. Біздің көршіміз жақсы – Ресей және ТМД-ның өзге де елдері, арадағы достығымыз бен келісімімізді одан əрі нығайта түсуіміз керек. Қазақ айтқан ғой, үй таңдама, көрші таңда деп.

Оралдың орналасу орны да ыңғайлы. Ол үш өзен арнасында – Жайық, Шаған, Деркөл ортасында, Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан. Əрқайсымыз, балаларымыз да өз елімен, өз халқымен мақтануы қажет. Біздің мақсат-мүддеміз бір – елдің одан əрі дамуы мен экономиканың көтерілуіне, нығайып, гүлденуіне бар күш-жігерімізді жұмсап еңбектену!»

Наталья Жукова
Аударған Лунара Табылды
Фотосуреттер М. Есболатовтың альбомынан алынған

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top