Мемлекеттік тілді меңгеру – азаматтық парыз

29 сентября 2016
0
15196

Бүгінгі таңда басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік тілде оқыту өзектілігін жоғалтқан жоқ. Елбасымыздың «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» Қазақстан халқының тілдерін дамытуда көрсетілген үш негізгі мақсаттағы стратегиясының бірі – «Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту» өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілде оқытудың мақсат, міндеттерімен үйлесіп отыр.
Әр мәдениетті азамат үшін өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін білу парыз. Халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, рухани байлығын білу – адамда халыққа деген құрмет сезімін оятады.

Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолданылуы – ұлтты біріктіруге жетелейтін фактор екені баршамызға мәлім. Бұл жөнінде Елбасы 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген болатын. Түсінгенге бұл мемлекеттік тілдің баянды болашағына деген сенімді нықтай түскен әрі бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілдің миссиясын мөрлеп берген сөз. Мұны осы бағыттағы жұмыстарға жасалған жаңа серпін деуге де келеді. Біз тіл мәселесінде ақырын жүріп, анық басып келе жатқан елміз. Бұл көздеген мұратқа, белгіленген межеге жетудің дұрыс жолы екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Тіл – тәрбие діңгегі, тіл білім – ғылымды игеру көзі, тіл – ұлттың жаны. Мемлекеттік тіліміз – мемлекеттің нышаны. Бір мемлекетте бір мемлекеттік тіл өмір сүруі рухани тұтастыққа қол жеткізеді. Ал рухани тұтастықтың апарар шегі – шын мәніндегі үлкен алтын әріптермен жазылатын – ТӘУЕЛСІЗДІК.

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Елбасымыз 2005 жылғы халыққа Жолдауында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» – деп атап көрсеткен болатын. Демек, мемлекетіміздің Ата заңын сыйлайтын әрбір азамат ұлтына, тегіне қарамай, қазақша үйренуге міндетті. Осы ұстаным біздің темірқазығымыз болуы тиіс.

Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн болар. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақ-стандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жеткізіліп келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында мемлекеттік тілге қатысты ойларын білдірді. Елбасымыз өз Жолдауында: «Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды. Бұл Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі, біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады. Ол үшін бәрін де жасап жатырмыз» – деп атап көрсеткен болатын.

Қоғамда, әсіресе, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен ұйымдар қоғамның жан-жақты салаларында оңтайлы әлеуметтік лингвистикалық кеңістікке қол жеткізу үшін жаңа қадамдар жасалуда. Басты мақсат – тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізу. Осы мақсатта біздің облысымызда да ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Мемлекеттік тілді оқып-үйрену, еркін әрі тегін меңгеру үшін барлық материалдық-техникалық жағдайлар жасалды. Жыл сайын облыс тұрғындарына тегін мемлекеттік тілді оқу курстары ұйымдастырылып келеді. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар санының жыл санап ұлғаюы – осындай жүйелі жұмыстардың жемісі.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының іс-шаралар жоспарында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлыс өкілдерін анықтап, қолдау көрсету, ынталандыру шаралары да қамтылған. Солардың бірі – мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлыстар арасында өткізілетін дәстүрлі «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы. Ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясында өткен аталмыш байқауға Орал қаласы мен облыс аудандарынан 18 үміткер қатысып, бақ сынасты. Оларды күткен сын да оңай болған жоқ. Байқау барысында өздерін таныстыру арқылы ауызша сөйлеу шеберліктерін танытса, өнер көрсету, берілген жазбаша тапсырмаларды орындау арқылы қазақ тіліндегі сауаттылығы, қазақтың тілін ғана емес қазақ өнерін де меңгеру деңгейлері сыналды. Барлық сыннан сүрінбей өткен Бөкейордасы ауданы Жәңгірхан орта мектебінің оқытушысы Шарафутдинов Нысанбек бас жүлдеге ие болса, қалған жүлделі 1, 2, 3-орындарды Зеленов ауданы Чеботарев мектебінің қызметкері Лагун Маргарита, Теректі ауданы Подстепный мектебінің мұғалімі Оразымбетова Рано және Орал қаласының №8 «Сказка» балабақшасының мұғалімі Самойлюк Надеждалар  бөлісті. «Өз тілім тірлігім үшін, мемлекеттік тіл – бірлігім үшін» – деп ұққан үміткерлер үшін аталмыш байқаудың маңызы зор еді.

Өз сөзінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «…Қазақстанның жастары мынаны білуі тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар – өз функцияларыңды қажетті деңгейге жүзеге асыру үшін мемлекеттік тілді үйрену керек» – деген болатын. Тіл адамның толыққанды жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасауына, ақпарат алмасуға, бала тәрбиелеп, зияткерлік мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндік береді. Тіл маңызды коммуникативтік қызмет атқара отырып, сонымен бірге, адамның өз ойын, ниет-пиғылы мен көңіл-күйін білдіріп, ішкі әлемін көрсетеді, білімін жетілдіруге, адам санасының деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік тіл арқылы қоғам мүшелері, жеке тұлға мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас жасалады. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру әр қазақстандық үшін Отан алдындағы парыз.

Г. Бисенғалиева,
БҚО тілдерді дамыту
басқармасының бөлім басшысы
Ярослав Куликтің фотосуреттері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top