Мемлекеттік тілді білу – мемлекеттілікті күшейту
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – қазақстандықтарды бәскеге қабілеттілікке бастайтын негізгі құжат. Аталмыш реформа халық арасында кеңінен қолдау тауып отыр, бұл құжатта атап көрсетілгендей, бәсекеге қабілеттіліктің бірден-бір белгісі кез келген мемлекеттің тілі, ал қазақ елінің асыл мұраты – Мәңгілік Ел идеясы болса, мәңгілік елдің мәңгілік тілі – қазақ тілі. Сондықтан, биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тәуелсіздіктің негізгі құндылығы – тіліміздің тұғырын бүгінгіден де биіктете түсуге тиіспіз.
Мемлекеттік тіл тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты, яғни бабалардан аманат болып келе жатқан күмбезді тілімізді саф күйінде келер ұрпаққа жеткізу біздің заманымыздың үлесінде. Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені, тіл мәселесі өте маңызды мәселе, біріншіден, тіл – өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны, екіншіден, барлық қазақ-стандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Олай болса, мемлекеттік тілді білу – әр жанұяның, әр ұжымның негізгі мақсаты, біз тіл арқылы ғана ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.
Қазіргі таңдағы біздің міндетіміз – мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, қоғамымыздың жетекші салаларындағы тілдік қолданысты арттыру. Бұл мәселені шешу жолдары «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» айқын көрсетілген. Бағдарламаны жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады. Біріншісі – мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің басты факторы ретінде нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, сондай-ақ соңғы мақсат – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту.
Қазіргі кезде Қазақстан дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Ашық демократиялық қоғам орнатып, әлемдік кеңістікке кіру үстінде. Қазақстанның даму жолы бүгінгі күні посткеңестік елдердің көпшілігіне үлгі-өнеге боларлық. Мұндай жетістіктерге қол жеткізуде көптеген даму стратегиялары белгіленіп, сол стратегияларды жүзеге асыруды басымдықтармен жіктеп, оның жүзеге асырылуын Елбасымыз қатаң қадағалап, жылма-жылғы халыққа Жолдауында дүйім жұртқа мәлімдеп отыр. Сондықтан, басты нысананың бірі – мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің, ұлттық тіліміздің даму үрдісін үдету, мерейін асқақтату, толыққанды өз қызметін атқара алатын, еркін өмір сүре алатын жанды, өшпес жүйе ретінде орнықтыру.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік… біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Бұл орайда біз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызуымыз қажет» – деп атап көрсеткені әрқайсымыздың күнделікті жұмысымыздың асыл арқауына айналуы керек. Мен қазақ тілінің жанашыры, тәжірибелі маман ретінде қазіргі таңда мемлекеттік тілге толыққанды көшу үшін және қазақ тілінің беделін одан әрі нығайту үшін, ең алдымен, мемлекеттік тілді оқытудың мазмұны мен сапасына көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Өйткені, анамыздың сүтімен бойға даритын тілдің әр адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы орны ерекше. Бүгінгі қоғамның да алдымызға қойып отырған басты талаптарының бірі – өз ойы мен пікірін өз ана тілінде еркін жеткізе алатын, сол арқылы кез келген ортаға тез бейімделе білетін, сөйлеу тілі қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Осы міндеттерді облысымызда жүзеге асырып, сан ұлт пен ұлысты мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастырып отырған облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілдің тұғырын биіктету жолында біраз игі істерді жүзеге асырып келеді.
Солардың бірі – ана тілімізді меңгеруге құлшыныс білдірген 660 отандасымызды тегін курспен қамтыды. Жылдан-жылға курс тыңдаушыларының саны артуда, өйткені, мемлекеттік тілді қызмет дәрежесіне сай тиісті деңгейде білу, құжат дайындау, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу – уақыт талабы.
Басқарманың мемлекеттік тапсырыс аясындағы жоспары бойынша мемлекеттік тілмен қатар, жаһанға жол ашатын ағылшын тілінде оқып, үйренуге толық мүмкіндік жасалған. Жылма-жыл бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген деңгейлер бойынша мыңдаған тыңдаушыны оқытып, тиісті сертификаттарын табыстап келеді, биылдың өзінде 665 адам ағылшын тілін меңгеріп шықты.
Басқарманың жыл бойы атқарған жұмысы әр жылы дәстүрлі тілдер фестивалімен қорытындыланып отырады. Еліміздің күнтізбесінде 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері мерекесі ретінде белгіленген. Осыған орай, меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде бұл мереке тек ресми шара ретінде емес, халықтық мейрам ретінде аталып өтеді. Биылғы жылы да тіл фестивалі аясында басқарма мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», мекемелердегі іс жүргізуші мамандардың біліктілік дәрежелерін анықтау мақсатында «Үздік аудармашы», мектеп оқушылары арасында мақал-мәтел, көркемсөз оқу шеберлерін шыңдай түсуге бағытталған және жас буынның мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында«Тазша бала», сондай-ақ, мемлекеттік тілді бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты насихаттап жүрген тілшілер қауымы арасында «Тіл мен тілші» байқаулары мен жыл бойы оздырылған өзге де шаралар тіл фестивалімен қорытындыланып, жыл үздіктері марапатталады.
Тіл – қатынастың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені, ана тілінің өмір сүру кеңістігін тілді сақтау, ал тілді сақтау ел тұтастығын сақтау.
Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі. Тіл – ұлттың төлқұжаты, мемлекеттің тұғыры. Сол болашақтың берік іргетасын бүгін қалауымыз қажет. Осы қағидатты ұстанып отырған құзырлы орган – облыстық тілдерді дамыту басқармасының ауқымды істері өз жалғасын таба беретін болады, өйткені тіл білу бәсекеге қабілетті бүгінгі заман адамының міндеті. Ендеше, ұлттар мен ұлыстарды топтастырушы күш – мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып отырған тілді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтетін тілдер мерекесіне ат салысайық.
Г. Альжанова,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының
ономастикалық жұмыстар және көрнекі
ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы