Күмбірлеген домбыраның сазды үні
Қоғамның гүлденуі, халықтың жақсы өмір сүруі – адамгершілік қасиеттерге, ұлтжандылыққа байланысты. Осындай ізгі қасиеттердің барлығы ізгілік пен имандылық, отансүйгіштік деген тәрбиеден бастау алады. «Тәрбие төрт түрлі болады: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлу тәрбиесі, құлық тәрбиесі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұрпаққа қандай бағытта болсын тәрбие беру оңай іс емес және ол – бүгінгі таңда кітапханашылардың еншісіндегі ұлы мақсаттардың бірі. Қазақстандық патриотизм рухын отандастарымыздың санасына сіңіру – қазіргі заманда күн тәртібіндегі алдыңғы орында тұрған мәселелердің бірі. Әрбір азамат өз елінің жетістігін біліп, оның алған асуына үнемі көз жеткізіп, оған қуанып, көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатып отыру керек. Әйтпесе, жалған ұран мен жалаң үндеулерден патриоттық сезім оянбайды. Сондықтан, әсіресе, жастар арасында Отанымызға деген шынайы патриоттық сезімді ояту, елін сүюге баулу – маңыздылығы аса зор іс.
Бүгінде, ақпараттық-технологиялық ғасырдың жоғары дамыған қарқынына қарамастан кітаптың адам өміріндегі алатын орны, мәртебесі жоғары болып қала беретіні сөзсіз. Өйткені кітап – адамзат өмірінің құнды мұрасы, алтын қазынасы, ғұмыр шежіресі екені анық. Халқымыздың рухани байлығын арттырып, ой-өрісін кеңейтіп дамытатын мәдени саланың бірі – кітапхана болып табылады. Ендеше кітапхананы мәдениет пен өнердің, ғылым мен білімнің, әдебиет пен тарихтың киелі ордасы деп айту әбден орынды. Кітап сол кітапхананың жиһазы мен баға жетпес мүлкі десек, сол кітаптың адамдарға беретін пайдасы өте көп. Адамдар кітап арқылы өзін-өзі тәрбиелейді, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Сонымен қатар ол өзінің сөздік қорын байытып, ойлау қабілетін арттырады, олардың сана-сезімі дамиды. Қазір елімізде жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру, кітапты насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында кітап оқу шаралары кеңінен насихатталып, соның нәтижесінде кітап оқитын оқырмандарымыз жылдан-жылға көбеюде. Олар кітапханада өткізілетін барлық іс-шараларға атсалысып, белсенділік танытуда. Әр жаңа оқу жылына арналған кітапхананың жылдық жоспарында қазіргі заман талабына сай мектеп оқушылары мен студенттердің ойын ұшқырлайтын кітапханалық танымдық сабақтар, мерекелік іс-шаралар, кездесу кештері, дөңгелек үстелдер, әртүрлі тақырыптарда көрмелер ұйымдастыру жоспарланып және олар жүзеге асырылып отырады.
Кітапханадағы өнер саласындағы әдебиеттер бөлімінде арнайы өнер және мәдениет саласына арналған баспа басылымдары мен электронды ақпараттық ресурстары жинақталған. Өнер туындылары – адамзатты қуаныш пен ләззатқа бөлейді, рухани жағынан байытып, эстетикалық тәрбие береді. Сондай эстетикалық тәрбие құралдарының бірі музыка екені баршамызға белгілі. Халық музыкасының асқан шеберлері – әнші, күйші, жыршы, жырау, ақындар ертеден-ақ ел арасында зор әлеуметтік қызмет атқарды. Қазақ десе домбыра, домбыра десе қазақ, ал күй десе қазақ та, домбыра да еске түседі. Шынымен-ақ қазақ пен күй деген сөз – бір ұғым. Өйткені, күй қазақтың ішкі жан-дүниесінің, арман-мүддесінің, болмысының сыры. Үні. Дауысы. Күй – мыңдаған ұлт, ұлыстардың ішінде тек қазаққа ғана тән өнер, қасиет. Халықтың айтар сөзі мен әні де дәрменсіздік танытқан кезде айтарын күймен жеткізген. Қазақ халқы атадан балаға жеткен күй өнерін көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынаға айналдырды. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, түрленіп жеткен. Халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған асыл қазынасы.
Биыл күй тарихында ерекше атаулы жыл. Ұлттық музыка өнері аспанында жарық жұлдыздай жарқырап өткен сегіз қырлы, бір сырлы талантты, дара жерлесіміз, күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл толып отыр. 24 мамыр күні өнер бөлімінің ұйымдастыруымен «Күмбірлеген домбыраның сазды үні» атты музыкалық кеш әйгілі күйші, қазақ музыка мәдениетінің аса көрнекті қайраткері, Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісованың 155 жылдық мерей-тойына арналды. Шараның мақсаты: өскелең ұрпақтың эстетикалық қызығушылықтарын арттыру, дүниетанымдарын кеңейту, музыка әлемінің, соның ішінде күй өнерінің құдіретін түсіндіру, өнер адамын құрметтеуге тәрбиелеу. Шарада өңіріміздің құрметті ақсақал ардагерлері Ұ.Жұмашев, Б.Оракаев, Ж.Зариповтар қонақта болды. Сонымен қатар Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенттері тартылды. Күйші анамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат берілді. Шараны анасы жағынан күйшінің жиен немересі болып келетін Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенті Қайырғалиев Ақниет өзі жүргізді. Шара барысында Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл», «Байжұма», «Жеңіс», «Науайы», «Той-бастар», «Әсемқоңыр» т.б. күйлерін кеш қонақтары орындап берді. «Бұл-бұл күйші» атты кітап көрмесі жасақталып «Муза» клубының белсенді мүшесі Орынова Елнұр таныстырып өтті. Күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Басқосу өте әсерлі, қызықты өтті.
Нұрзила Сабирова,
Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар
және жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы
Ярослав Куликтің суреттері