Хан тоғайы

23 ноября 2017
0
4136

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау әрі арттыра түсу. Ол жұмыстардың бір бағыты киелі орындар картасын жасау болса, енді бірі «Туған жер».  Бұл өз туған өлкеңді, оның тарихы мен табиғатын тануға бағытталған экспедициялар мен экскурсиялар. Осындай танысуға тұрарлық нысанның бірі – Хан тоғайы.

Күз мезгілінде орманға бара қалсаңыз, ағаштардың көркіне көзіңіз тоймайды, түрлі пішіндегі мерекелік көйлек киген сұлуларды көргендей боласыз. Салтанатты түрде жазды шығарып салып тұрғандай… Жарқыраған сары, лимон, шие түстес, қою қызыл – бұл жерге тап болғандардың көзін қуантар небір түрлі түстер бар. Ал кейбір ағаштар мен бұталар жазды қимағандай көпке дейін жасыл түстерін бермейді. Осындай айтып тауыса алмас көркем суретті сіз Орал қаласы маңындағы Хан тоғайынан көре аласыз.

200 жылдан астам уақыт оралдықтардың сүйікті демалыс орнына айналған жер Хан тоғайы аталып кеткен. Қаланың Татар ауылы аталып кеткен шетінен бастау алатын орман алқабына осы атау нық бекіген. Жайық пен Шаған өзендерінің қосылар тұсындағы 400 гектардай орынды алып жатырған бұл орман алқабы бірегей болып табылады, сондықтан да мемлекет қорғауында.

Хан тоғайының тарихы ғасырлар қойнауынан басталады. Ал атауы Оралдан бірталай алыс жерде, Жайық пен Еділдің арасында орын алған оқиғаларға байланысты туындаған.

Ресей императоры Павел І Кіші жүздің сұлтаны Бөкейге 1801 жылы Еділ мен Жайық арасында өзіне бағынышты рулармен көшіп-қонуға рұқсат берді. 1801 жылдың 11 наурызында Павел І рұқсатын беру туралы рескрипт-жарлыққа қол қойды, ал 12 наурызда сарайішілік төңкеріс кезінде қаза табады. Іс жүзінде Бөкей хандығы құрылады.

Патша үкіметі Ішкі Бөкей ордасына сыйластықпен қарады. Орынборлық басшылыққа Бөкей сұлтанды хан тағына отырғызу бойынша ерекше салтанат ұйымдастыру тапсырылды. Бұл көптеген қонақ жиылатын, пушкалардан оқ атылатын сән-салтанатқа толы шара болуы тиіс еді. Сонда да өзінше билікке қол жеткізген хан да императорға бағынышты екендігін де көрсету қажет еді. Таңдау Орал қаласы маңындағы осы тоғайға түсіпті.

1812 жылдың 7 шілдесінде көптеген қонақтардың алдында Бөкей сұлтан хан тағына отырды.

Салтанатты шара өз жайымен өтіп жатты. Бөкейді хан сайлап, бекіту туралы императордың жарлығы оқылды, одан соң ханның өзі Құран Кәрімді ұстап, ант берді, иығына бұлғын ішік жабылып, қылыш сыйланды.

Салтанатты шара өткізу үшін тоғайда аппақ хан ордасы тігіліп, оның айналасына дастархан жайылды, жиылған қонақтар айрықша оқиғаны салтанатпен атап өтті. Тарихи құжаттарда келтірілген мәліметтерде шара соңында пушкалардан 12 рет оқ атылып, салтанатты музыканың сүйемелдеуімен мылтықтан үш рет жүгірте оқ атылды. Ал 1824 жылдың 26 маусымында өзінің озық та білімді көзқарасымен танылған Жәңгір сұлтанды да дәстүр бойынша ақ киізге көтеріп, хан сайлады.

Жылнамашылардың жазбасы бойынша бұл той үшін 20 пұт ақбидай наны, 20 пұт тұз, 90 бас қой, 2 пұт шекер, 20 фунт кофе, 20 шелек қарапайым шарап, 12 штоф түрлі арақтар, 40 шелек бал, 40 шелек сыра және басқа сусындар дайындалған.

Бұл екі тарихи оқиға тоғайдың Хан тоғайы аталуына себепші болды, әйтсе де Бөкей де, Жәңгір де бұл жерге ол оқиғалардан соң келмеген. 1891 жылы оралдық казактар болашақ император, цесаревич Николай ІІ Орал казак әскерінің Ресей патшасына 300 жылдық қызметін Орал қаласында атап өту кезінде де сол тоғайда қарсылады. Хан тоғайы тақ мұрагері цесаревич Николайға ұнап, тоғай атын соның құрметіне өзгертсе де, Цесаревич тоғайы деген атау халық арасына тарала қоймады.

Кеңес уақытында тоғайға Максим Горький аты берілді, бірақ оған да халық үйренбеді. Оралдықтар тоғайды әр кезде де Хан тоғайы деп атады. Жалпы, сол кездері Оралға келген кез келген әйгілі адамды сол тоғайға апару салты қалыптасқан. Бұл жерде Пушкин, Даль, Короленко болған.

ХХ ғасыр басында патша билігімен күрескен революционерлер осы жерде өздерінің құпия маевкаларын өткізген. 1918 жылы Оралды қорғау кезінде тоғайда кескілескен ұрыстар да өтті.

Шаған өзені жағасында «Отқа оранған Орал» жұмыс атауымен көркем фильм түсірілді. Түсіру жұмыстары 1974 жылы аяқталды. Ұрыс бейнелері Хан тоғайында түсірілді. Мәжит Бегалиннің «Дала екпіндері» фильмі бүкіл-одақтық кинопрокатқа енбеді. Оны алғаш рет 2002 жылы қазақстандық арналардан режиссердің 80 жылдық мерейтойына орай көрсетілді.

Кеңес үкіметі кезінде де Хан тоғайы қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналды. Ол жерлерде концерттер ұйымдастырылып, оркестр ойнайтын. Қазіргі кезде де қыс мезгілінде қалалықтарға арналған шаңғы ізі салынып, жазда саңырауқұлақ пен жидек терушілер, жай ғана таза ауаға шыққандар сол жерге қарай ұмтылады.

Оралдық фотографтардың да таңдаулы жұмыс орындарының біріне айналған, себебі бұл жердің табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Хан тоғайынан сирек кездесетін өсімдіктер мен құстарды да көруге болады.

Хан тоғайының флорасында өсімдіктер 200-500-деп саналады. Өзен алқабындағы орманда құстардың да небір түрлері – шұбар шымшық, құнақ, сарышымшық, ементұмсық, қара тоқылдақ, шиқылдақ, қарапайым қараторғай, қарапайым көкшіл шымшық, орман көгершіні – дыркептер кездеседі. Әсіресе дыркептер (көгершін түрі) ерекше қызығушылық тудырады, себебі біздің аймақта бұл түр өте сирек кездеседі.

Флора мен фаунаның бұл керемет байлығын табиғи да, мәдени де, тарихи да тұрғыдан мұра деп қарап сақтауға міндеттіміз. Табиғаттың бұл баға жетпес сыйын біз келешек ұрпақ үшін еліміздің ерекше мақтанышы, құнды байлығы ретінде сақтап, жеткізуіміз керек.

Біздің әрқайсысымыз да табиғаттың ажырамас бөлігіміз. Біз көктемнің бірінші белгісі болып табылатын алғашқы тамшыдан бастап, қаланы ертегі әлеміне айналдыратын аппақ қарға қарағанда, жерге алтын кілем жайғандай болатын сары жапырақ жайылған кезді тамашалағанды ұнатамыз. Осы әдемі әлемді балаларымызға жеткізу міндетіміз, олар да осы көріністерді қаз-қалпында тамашалай алса, керемет емес пе?.. Әлем олар үшін де пәк те таза болуы керек.

Асылжан Мырзаболатова,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің
экскурсоводының сөзінен жазып алған Е. Чуриков
Суреттерді түсірген Ярослав Кулик

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top