Жолшылар болашаққа көз тігеді

6 июля 2017
0
1979

90-жылдардың дағдарысы бұрынғы Орал өзен-кеме жолдары шаруашылығын қатты күйретіп кетті. Осындай сын кезеңінде көмекке көлік және коммуникациялар министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдар келді: 1996 жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын Орал су жолдары Республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының құрылуымен жағдай жөнге келе бастады. Артынан облыстық және қалалық әкімдіктердің, БҚО кәсіпкерлік пен индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауымен, аймақтың мекемелеріне ақылы қызмет көрсету арқылы күшейе түсті.

Мемлекет қолдауымен

Жақында бірталай қайта құрулардан соң кәсіпорын ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі  Көлік комитетінің «Қазақстан су жолдары» РМҚК Орал филиалы болып аталатын болды. Дағдарыс жағдайында оралдық жолшылардың жұмыс тәжірибесі нені ұқтырды?

Қазақстан су бассейндерінің жол-сапар шаруашылықтарын мемлекет тарапынан қолдаудың дұрыстығын Жайықтағы 2011 жылғы кеме жүру ісі дәлелдеді.

Аймақ үшін бұл өте күрделі жыл болды. Көктемгі алапат су тасқынынан кейін Шағанның төменгі бөлігіндегі көптеген елді мекендер мен саяжайлар су астында қалды. Жайықтың жағдайы да қыл үстінде еді: 12 сәуірде тәулік ішінде өзеннің деңгейі 1 м 48 см-ге көтерілді, тағы бір тәуліктен соң 99 см-ге көтерілді…

Әрине, Жайықтың гидрологиялық тұрғыдан өте күрделі өзен екенін де ескеру керек. Ол қалқымалы заттарға бай, ағысы қатты, арнасын жиі өзгертетін өзен, ал түп жағы жоғары сорғыштығымен ерекшеленеді. Бұған арнасынан тасыған суды қосыңыз…

Тез өзгеретін, экстремалдық жағдайда жолшылар ұятқа қалдырмады: мемлекеттік қолдау өз нәтижесін берді. 2011 жылдың кеме жүргізу ісіне мемлекеттің қаржысы арқасында  тиянақты дайындалды: 7 кемеге орташа және 15 кемеге қалыпты жөндеу жүргізілді, кеме жүру жолдарындағы белгілердің тең жартысын өз күштерімен дайындады. Олардың жалпы саны 850, оның ішінде 180 жағалау бойында, 670 су бетінде қалқымалы болды. Жайықтың Рубежкадан Индерге дейінгі 623 шақырым бөлігіне қызмет ету үшін барлық жағдай жасалды.

Мемлекеттік тапсырысты жолшылар табысты орындады. Судың тайызданған 12 бөлігінде 180 мың текше метр көлемінде түбін тереңдету жұмыстары, 5200 тонна көлемінде түбін тазарту жұмыстары атқарылды, жобалық-ізденіс жұмыстары 120 шақырымдай учаскесінде жүргізілді. Рубежкадан Индерге дейінгі Жайықтың бөлігінде бригадалық үлгідегі 457 жобаның 7 аялдамалық теплоходтар қызмет көрсетті.

Су астын тереңдету жұмыстары «УР-8» балшық сорғыш кемесімен және «ПК-1» жүзбелі көтергіш кранның көмегімен, түп тазалау жұмыстары «СДК-2» суға кеткен ағаштарды көтергіш кран көмегімен жүргізілді. Жолшылар Жайықтың Учужный яр тұсындағы кеме жүру жолдарын тазалауға ерекше көңіл бөлді. Учужный шығанағындағы саяжай иелері бір ай бойына ол жұмыстарға куәгер болды. Өткен ғасырдың 50-60 жж. батып кеткен кеме сынықтары мен өзге де металл құрылымдарды судан көтеру оңайға түспеді.

10 тонналық «СДК-2» суға кеткен ағаштарды көтергіш кран мен 5 тонналық «ПК-1» жүзбелі көтергіш кранның арқасында, «Батыр» буксир-итермеші мен «СБП-3901» алаңқайлы баржаның көмегімен ғана Учужный яр кеме жолы батып кеткен кеме сынықтары мен өзге де металл құрылымдардан тазаланды.

Орал қалалық әкімдігі мен саяжайшылардың қалалық қоғамының қолдауымен ақылы түрде Учужный шығанағы да тереңдетілді, ал БҚО әкімдігінің ұйымдастырушылық қолдауы арқасында Орал өңірінің кәсіп-орындары шаруашылығындағы Жайықтың өзге де бөліктері тереңдетілді.  Одан кейінгі жылдары бұл жұмыс тоқтатылған емес.

Негізінен өзен учаскелерінің түбін тазалау жұмыстары «Флот» ЖШС мен өзге де кемелер иелерінің жүк және жолаушы тасымалдауларын іске асыратын бөліктерінде жүргізілді. Сондай-ақ жыл сайын «Зенит» зауытында құрастырылған шекара қызметіне арналған күзет кемелерін Атырауға дейін жеткізуге де осы жолшылар атсалысады.


Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
2017 жылғы 31 қаңтар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:
жаһандық бәсекеге қабілеттілік»


Флоттың жаңаруы

Флоттың жағдайы жолшылардың мазасын кетірген мәселенің бірі еді. 30-40 жыл пайдалануда болған ол көптен бері ауыстыруды қажет етеді.

1996-2001 жылдары аралығында Орал су жолдары кәсіп-орнының директоры болған Александр Колобов сонау 2009 жылы осы жолдар авторымен болған әңгімеде республикалық деңгейдегі органдарда республикалық мемлекеттік су жолдары кәсіпорындарындағы флоттың жаңалануы мен модернизациясына жеткілікті қаржы мен көңіл бөлінетіндігін атап өткен-ді. Бұл жоспарлардың іске асуына жол-сапар флотын құруда үлкен тәжірибесі бар ресейлік кеме құрастыру зауыттарымен және кеме жөндеу мекемелерімен таныстықтары көмектесіп еді.

Міне, нәтиже: Орал су жолдары кәсіпорны үшін Пермь қаласында «Батыр» буксир-итермеші мен 945 тонналық «СБП-3901» алаңқайлы баржасы, ал Түмен қаласында қойыртпақта сағатына 1600 текше метр, топырақта сағатына 200 текше метр өнімділігі бар балшық сорғыш құрастырылды. Бұндай техникалық жабдықтау түп тазалау мен тереңдету жұмыстарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Негізі аялдамалық теплоходтарды да ауыстыру жоспарда бар.

Жайықты құтқару үшін
(Жайықтың жаңа тынысы)

Техникалық флотты Жайық бойы мен оның бассейнінде экологиялық шараларды іске асыру барысында да қолдануға болады.

Мысалы, 1988 жылдың тамызында №11 жүзбелі көтергіш краны (аға электромеханик Александр Ермолаев) мен «Алдан» теплоходы Приуральный аудандық балық инспекциясының өтінішімен Жайықтың төменгі ағысындағы Рубежканы тазалауға қатысты, содан соң ол жерде балық қайта пайда болды.

– Бұл жұмыстарды жалғастыра беру керек! Тек қана ескі арналар мен шығанақтар ғана емес, Жайықтың өзге де арналары, мысалы, Ембулатовка, Быковкалар да тазалауды қажет етеді, – дейді Орал өзен-кеме жолдары шаруашылығының пайдалану бөлімінің бастығы болып көп жылдар қызмет атқарған Николай Струков. Орал су жолдары кәсіпорнының құрылуымен ол жол-сапар шаруашылығы бөлімінің бастығы болып қызмет атқаруда.

– Біздер, жолшылар, Жайық өңірінің басқа да тұрғындары секілді өзеніміздің экологиялық жағдайына алаңдаймыз, бар білгеніміз бен тәжірибемізді Жай-ықты құтқару үшін қолдануға дайынбыз, – дейді Струков.

Міндеттерді кеңітеміз!

Бірақ мәселе тек осы қажетті жұмыстарда ғана емес. Қазақ-станда мемлекеттік кәсіпорындардың болуы – кеме жүру ісін Жайықта, Ертісте, Іледе бұрынғы түсінігінде қайта жаңғырту…

Бұл кәсіпорындар мемлекет тарапынан қаржыландырылып, аяқтарында нық тұр деуге болады. Ал кішігірім жеке кеме компаниялары техникалық, кадрлық, қаржылық тұрғыда көптеген қиындықтарға тап болуда.

Жолшыларға жүк және жолаушы тасымалдарын жасауға рұқсат беру қажет. Әрине, бұл жан-жақты келісуді қажет етеді, әсіресе, ұйымдастырушылық-заңды тұрғыда, бірақ кемемен жүру шаруашылығын басқа жолмен жандандыру мүмкін емес.

Александр Колобов бұл мәселелерді республикалық деңгейде талай рет көтеріп те жүр, оның айтуынша, көлік министрлігі сияқты кейбір жауапты тұлғалар арасынан, түсіністік те тапқан. Айта кетерлігі, ол БҚО кәсіпкерлік пен индустриалдық-инновациялық даму басқармасымен орнатылған байланысты ақпараттық тұрғыда бағалы деп санайды.

Тағы бір ыңғайсыздық туғызып отырған мәселені шешіп алу қажет.

Ол өзен арнасының түбін тереңдету жұмыстары кезінде алынған топырақты жұмсау мәселесі. Су арнасынан алынған құм-қиыршықты топырақ не жағаға тасымалдануы, не көптеген клиенттерге сатылуы керек. Бірақ, бұлай жасауға болмайды, нормативтік құжаттармен тыйым салынған. Тамырымен суға батқан ағаштар да сол проблемаларға тіреліп тұр. Олар жағалауда жиналып қойылады, ал шындығында бөлшектеніп, бұрынғыдай тұрғындар мен ұйымдарға сатуға болады емес пе? Бұл өз кезегінде сап-сау орманның заңсыз оталуын да азайтар еді.

Су тасқыны кезінде жағалауға жинақталған топырақ пен ағаш қалдықтары қайтадан өзенге ағып, кеме жолдарына тағы да кедергі туғызады.

Егер мемлекеттің үлкен қаржылық қолдауымен, БҚО мен Орал қаласының атқарушы билік өкілдері тарапынан ұйымдастырушылық қолдауымен су жолдары мекемелерінің міндеттері кеңейтілсе, бұл өз кезегінде аймақтың жүк және жолаушы тасымалы мәселесіндегі сұранысын қанағаттандырып, құм-қиыршықты топырақты шаруашылыққа пайдалы жерлерде қолдануға мүмкіндік берер еді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаларды іске асыру бойынша 100 нақты қадамының» 65-қадамында Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникациялық ағымға интеграциялануы туралы айтылған. 90-жылдар басында Жайық пен Каспий арқылы астығымызды Иранға тасымалдау мәселесі қарастырылып еді. Осындай жобалар жуық арада мүмкін болып жатса, таң қалмаңыз. Сондықтан да, оралдық жолшылар жұмысына шынымен көп нәрсе тәуелді.

Бүгінде Орал филиалының басшылығы экипаждардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша шаралар алып жатыр, әкімшілік ғимарат салу туралы мәселе қозғалуда. Кәсіпорын Жайықтың үстімен Чапаев ауылы тұсында салынатын автомобиль көпірі құрылысына қатыспақшы. Жолшылардың болашақтан үміті зор. Олар тек Жайықтың кеме жүру жағдайын қамтамасыз етіп қана қоймай, бірегей де стратегиялық жағынан өте маңызды өзенімізді қалпына келтіру ісіне атсалысуға дайын.

Автордың суреттері
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top