Жоғары сапа стандарттары

29 июня 2017
0
1618

Біз үшін үйреншікті емес FUNKE-КАЗАХСТАН деген атауына кәсіпорын директоры Абложай Леонид Иосифовичпен әңгімеміз негізінен Қазақстан мен оның экономикасы туралы өрбіді. Себебі Орал қаласындағы Актюбинская көшесінде орналасқан кәсіпорын сол экономиканың бір бөлшегі болып табылады.

– Біз Қазақстан нарығында 2009 жылы мамыр айында пайда болдық, – деп бастады әңгімесін Леонид Иосифович. – Содан бері өзімізді үйіміздегідей жайлы сезінудеміз. Өндірістік қызметкерлер құрамы да сәйкесінше оқытылған жергілікті тұрғындардан құралған. Іс жүзінде біздер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындаймыз, жұмыссыздықты қысқартуға әсер етеміз, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы деңгейін көтереміз. Дүниеге баланың келгені сияқты біз де тоғыз ай толғаттық: барлық рұқсат қағаздары мен өзімізді қазақстандық кәсіпорын деп атауға мүмкіндік беретін басқа да құжаттарды рәсімдеу үшін осыншама уақыт кетті. Бұл дұрыс та шығар, себебі басқасын есептемегенде біз шығаратын тегіс пішінді және де басқа жылу алмастырғыштар жоғары қысымды жүйелер болып табылады. Сондықтан да бәріне қосымша ТЖМ, техникалық бақылау және басқа да инстанциялардан өтуге тура келді. Көрші елдерге, мысалы, Қырғызстанға, өнім шығаратындықтан 2015 жылы Кедендік Кеңестің сертификатын да алдық.

FUNKE-КАЗАХСТАН өз жұмысын Германияның Гронау қаласында орналасқан ірі әлемдік FUNKE Warmcaustacher Apparatebau CmbH  корпорациясының брендімен және технологиясымен жүргізеді. Алғашында Л.И. Абложай мырзаға республикамыздан болашақ кәсіпорынға ыңғайлы орын табуды тапсырған кезде, ол Қазақстанның батыс аймағын – Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе қалаларын түгел шарлап, Жайық бойына орналасқан көне қала Орал ыңғайлы деген тоқтамға келген. Бұл шешімге директордың бұрын Оралда тұрып, осында оқып, жұмыс жасап, Ресейге қоныс аударғаны ғана әсер еткен жоқ. Бұл қалада қажетті бөлшектерді, мысалы, жылу алмастырғышқа қажет блок немесе түйреуіштерді дайындау үшін тапсырыс беретін өндіруші кәсіпорындар орналасқан еді. Ресей шекарасына, АҚ-ның орталық кеңсесі орналасқан Мәскеуге жақын орналасуы да әсер етті.

– Менің білуімше, отандық бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың бірін пайдаланғансыз. Ол қаржы қандай мақсатқа жұмсалып еді?

– Иә, дәл солай, – деді сұхбаттасушым. – 2013 жылға дейін кәсіпорнымыз Желаев ауданында өндірістік қажетінше орындарды жалға алып тұрған болатын. Уақыт өте келе шығарылатын өнім көлемі артқан сайын ол жер бізге таршылық ете бастады. Аумақтық «Даму» қорынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдікпен несиелендіру мүмкіндігі туралы біліп, Сбербанк арқылы отыз үш миллион теңге қаражатқа қол жеткіздік. Бірақ бізге жалпы керегі қырық жеті миллион болғандықтан, біздің шетелдік акционерлеріміз жетпеген бөлігін берді. Бұл қаржының барлығы да бұрынғы «Уральскпромстрой» тресінің өндірістік базасын сатып алу мен жөндеуге жұмсалды. Енді міне, – дейді ол қолымен терезені нұсқап, – бұл жердің қожайыны өзіміз, ешкімге де жалға алғанымыз үшін ақша төлемейміз. Алған несие үшін ай сайын төлем жасаймыз. Бүгінгі таңға FUNKE-КАЗАХСТАНның Сбербанкке бар-жоғы он үш миллион теңге бережағы қалды.

Маған FUNKE-КАЗАХСТАН туралы жарнама буклетін ұсынды. Онда «FUNKE компаниясы 2400 шаршы метрге дейін жоғары сапалы жылу алмастырғыштарды әзірлеу және өндірумен айналысатын әлемдегі жетекші компаниялардың бірі болып табылады. Біз өндірістің кез келген саласында барлық дерлік жағдайда қолдануға термодинамикалық тұрғыдан оңтайландырылған қондырғылар ұсынамыз.

FUNKE компаниясы әр тапсырыс берушінің талаптарына сай жеке дара тіл табады, сапаның жоғары стандарттарына сай келеді, жоғары деңгейлі кәсіпорындарды сипаттайтын икемділік пен білікті кеңес беру сияқты қасиеттерге ие» – делінген.

– Ия, – деді Леонид Иосифович, менің оқып отырғанымды растағандай кейіпте. – Бізде 60 пайыздай, нақты айтсақ, 59 пайызы қазақстандық мазмұнда болса да, барлығы дерлік неміс сапасына сай. Себебі біз еуропалық стандарттар бойынша жұмыс жасаймыз. Өз тұтынушыларымызға жылу алмастырғыштардың бірнеше түрін ұсынамыз: тегіс пішінді (бөлшектенетін және қосақталған), құбыртысты… Шағын жылу алмастырғыштар – тегіс пішінді – негізінен тұрғын үй-коммуналдық саласына арналған: ауруханалар, мектептер, балабақшалар, сауда және ойын-сауық орталықтары… Құбыртысты жылу алмастырғыштар көбіне-көп үлкен орынжайларды жылытуға қолданылады.


Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді…

Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу болашаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.

Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес…

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына жолдауынан. 2015 жылғы 30 қараша


FUNKE-КАЗАХСТАН маркалы өнімді республикамыздың көптеген аймақтарында өте жақсы біледі, әсіресе, Астанада. Сегіз жыл ішінде екі жарым миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, сатылды. Соның екі миллиарды Астанаға тиесілі! Тұтынушылар түрлі-түрлі: тұрғын жайлар, әкімшілік мекемелер, ауруханалар, балабақшалар, мектептер, ЖОО… Батыс Қазақстанда да көптеген өнім тұтынылады.

Леонид Иосифовичтің айтуынша, қатаң бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Нарықта FUNKE-КАЗАХСТАН-нан басқа Швеция, Дания, Түркия және тіпті Қытай елдерінің осындай тауар өндіретін кәсіпорындары бірнеше жылдан бері жұмыс жасайды. Соңғысы былай жасайды. Егер ол несие бөліп, құрылыс жүргізетін болса, әдетте, Қазақстанға өз мамандарын, материалдарын, жабдықтарын әкеледі.

– Дағдарыс кәсіпорныңызға әсер етті ме?

– Әрине, – деген жауап алдым. – Дағдарыстан, әлемдегі көмірсутегі шикізатына бағалардың құлдырауынан Қазақстан шет қала алмады. Осының бәрі біздің өнімімізге сұраныстың 30 пайызға төмендеуіне әкеліп соқты. Әсіресе соңғы екі жылда бұл ерекше байқалды. Негізінен, тұрғын үй-коммуналдық саласында. Тіпті кейде қызметкерлердің жұмыс уақытын қысқартуға да тура келді. Алайда мамандарымызды жоғалтпай, өзімізде сақтап қалуға тырысудамыз – бағалы кадрларды жоғалтсақ, жаңаларын дайындауға көп уақыт пен қаржы керек болатыны сөзсіз!

Абложай Леонид Иосифовичтің жұмыс кабинетінде алғыс хаттар, дипломдар, грамоталардың түр-түрі бар. Олар аумақтық және республикалық деңгейде.

– Бізді ұмытпайтын жер-гілікті билік өкілдеріне, облыстық кәсіпкерлер палатасына ризамыз, – деп бөлісті кейіпкеріміз. – Түрлі конкурстарға, форумдарға, көрмелерге қатысуға шақыруды ұмытпайды. Біз үшін бұл өзіміз туралы айтуға, тауарымызды, өзімізді көрсетуге тағы бір мүмкіндік. Кейде олар нақты көмек те көрсетіп тұрады. Қарашығанақ мұнай-газ конденсатты, көршілес Атыраудың көмірсутегі кен орындарын игеруші шетелдік компаниялардың біздің тауарымызды айналып өтіп, дәл сондай өнімді шетелден алдыратын кездері де болған. Сәйкесінше мемлекеттік құрылымдар араласқан соң, біздер қазір тендерлерге де қатысып жүрміз. Оның нәтижесі де жоқ емес.

FUNKE-КАЗАХСТАН кәсіпорнының ұжымы керемет күндерді бастан өткізіп жатпаса да, алға жоспар құруды тоқтатқан емес. Осылайша, кәсіпорын аумағында жақын арада жылу алмастырғыштарды жөндеу және қызмет көрсету бойынша сервис қызметі орналасқан үлкен заманауи модуль пайда болады. Сонымен қатар – өндірілетін өнімнің құрамындағы қазақстандық өнім үлесін молайту үшін тағы да бірнеше бөлшектердің өндірілуін жолға қоймақ.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top