Уақыттың талабымен

7 декабря 2017
0
1840

Биылғы жылдың қыркүйегінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жаңа құрылымдық бөлімше – «Рухани жаңғыру» институты пайда болды. Институттың құрылуы Елбасының көктемдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты бағдарлама аясында екені анық. Институт ұжымының алдына қойылған мақсаттар қатарында ең алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарындағы ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-ағарту жұмыстары.
Жаңа бөлім туралы ережеде айтылғандай, зерттеу жұмыстары сондай-ақ «Мәңгілік ел» мен бес институционалдық реформалар шеңберінде де жүргізілмек. Профессорлық-оқытушылық құрамнан өзге барлық жұмыстарға студенттер, магистранттар, докторанттар да белсенді қатыстырылады.

– Қоғамдық сана – күрделі де нәзік материя, – дейді жаңа оқу орнының ғылыми қызметкері, М. Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы Т.Т. Шайхиев. – Және оның жаңғыртылуы мығым ғылыми іргетассыз, гуманитарлық ғылымдар саласындағы – философия, тарих, филология, құқық салаларындағы терең зерттеу мен сараптамасыз, халықтың салт-дәстүрлерін толықтай білмей тұру мүмкін емес. Бізге осы жұмыстар жүктелген. Тағы бір қосарым, «Рухани жаңғыру» институты университетіміздің ректоры Иманғалиев Асхат Сәлімұлының жеке бастамасымен құрылды.

– Тұрар Төлегенұлы, ұзақ жылдарға есептелген көп қырлы жұмыстың нақты мақсаты қандай?

– Зерттеулер барысында, біз жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар, БАҚ үшін «Рухани жаңғыру» мен басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша теориялық және әдістемелік негіздер мен ұсынымдар жасайтын боламыз. Және осы үрдісті университетіміздегі оқу және тәрбие жұмысына біртіндеп енгізетін боламыз.

Жақында кіріскелі отырған жобамыздың бірі – жаттықтыратын семинар. Тұрғындармен, жалпы әлеуметпен жұмыс жасайтын шенеуніктерге, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне, журналистерге арналған семинар барысында тыңдаушылар философия, ел тарихы, салт-дәстүрлер мен құндылықтар, дінтану курстары бойынша білімдерін тереңдете алады.

Біздің мамандар ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізетін конкурсқа гранттық қаржыландыру үшін он ғылыми жоба дайындады. Конкурс 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Ол қандай жобалар екені қызықты шығар. Олардың біреуі студенттер арасындағы қоғамдық сананы жаңғырту мәселесіне қатысты пікірін білуге бағытталған социологиялық зерттеуге қатысты. Ол зерттеулер арқылы жастардың осы бағдарламаны іске асыру үшін қандай әдістер мен жолдар ұсынатындығын анықтайды.

Екінші маңызды да келешегі зор жоба болашақ педагогтар үшін, яғни біздің студенттеріміз үшін өлкетану пәнінен сабақ берудің ғылыми-теориялық негіздерін жасауға бағытталған. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірде патриотизм деген туған жеріңді сүюден басталады деп айтқан болатын, сол сияқты студенттер де мектептер мен басқа оқу орындарына барып білім беру алдында өздері туып-өскен, жұмыс жасайтын жерлерінің тарихын, географиясын, мәдениетін білуі керек. Онсыз олар өскелең ұрпақты өз Отаны – Қазақстанның нағыз патриоттары етіп тәрбиелей алмайды.

– Институт жаңа ғана пайда болса да, алдағы жарты жылға тығыз жұмыс кестесі құрылған. Мысалы, сол жұмыстардың бір пункті ретінде «Қазақстанның киелі жерлері» картасына атлас құрастыру тұр. Тұрар Төлегенұлы, бұл не екенін түсіндіріп бересіз бе?

– Сол картаға енгізілуге ұсынылған облысымыздың киелі орындары анықталды: республикалық деңгейдегі алты нысан және аумақтық дәрежедегі алпыс тоғыз нысан. Алайда біздің облыстың аумағында өте танымал емес тарихи жерлер де жеткілікті. Ең көп дегенде ол жерлер туралы жақын арадағы екі-үш ауылдың тұрғындары ғана біледі, қасиетті санап, осы жерде жерленгендерді құрметтейді, ал облысты айтпағанда, көрші ауданда да бұл жер туралы ештеңе білмейді. Көбіне солай болады. Қазақтар үшін қымбат, қасиетті орындардың көбі Кеңестік дәуірдегі атеизм уақытында ұмыт болды. Енді бәрін қалпына келтіретін уақыт келді.

Осындай «ұмытшақтықтың» бір мысалын келтірейін.

Сырым ауданында Жамбыл ауылы маңында Тойлақ атты мекен бар. Жергілікті халық бұл жерде жоңғарлардың басқыншылығына алғашқылардың бірі болып қарсы тұра білген Тойлақ батыр жерленген дейді. Аңыз бойынша Тойлақ батыр «Қыз Жібек» халық эпосындағы басты кейіпкерлердің бірі Бекежанның әкесі екен. Аймақтың киелі орындарының картасына атлас жасақтамас бұрын осы және өзге де киелі орындар бойынша көп жұмыс күтіп тұр.

Қазіргі кезде институт қызметкерлері мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш мектеп оқушылары үшін өлкетану бойынша бағдарламалар құрастыру жағынан ұсынымдар дайындауды аяқтап келеді. Ең бастысы, бұл бағдарламаның кімге дайындалатынын ескерсек, оқу материалдары түсінікті, қол жетімді және жеңіл сіңірілетін болғанын қалаймыз. Кей шет елдердің тәжірибесін қолдана отырып, балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдері өз сабақтарында жас өрендермен туған өлке, оның тарихы мен табиғаты туралы комикс тәріздес құралдарды белсенді пайдаланады. Суреттер білімді меңгеру тиімділігін арттырады. Алда – сәйкесінше баспа өнімдерін даярлау жұмысы тұр.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаттарының бірі – қазақ алфавитін латын графикасына ауыстыру. Институт ұжымының жоспарларында бұл мәселе қаншалықты орын алады?

– Бізде қазақ жазбалары тарихына арналған арнайы курс бар. Қазақстанда 1929 жылдан бастап араб жазуы, ал 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиі қолданылып, содан кейінгі едәуір уақыт бойы кириллицаны пайдаланғанымыз белгілі. Бұл түсінікті де еді, біз үлкен бір елде өмір сүрдік қой… Осының барлығын оқытушылар студенттерге жеткізеді, жастар 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен өтуі тиіс латын әліпбиіне көшу немесе қайтып оралу туралы білуі керек.

– Тұрар Төлегенұлы, мендегі мәлімет бойынша, жаңадан құрылған оқу орнында оқу жоспарынан өзге медиажоспар да бар екен. Сол туралы айтып беріңізші.

– Иә, бізде мұндай да жоспарлау түрі бар. Және де ол жоспарлар ай сайын жаңартылып тұрады. Ол жоспарда қай қызметкер қандай да бір газетте немесе телевизиялық хабарда қай мақаласымен немесе сұхбатпен шығатыны көрсетіледі. Жоспар университет ректоратымен бекітіледі, сондықтан бұл жоспардың орындалуы туралы есепті де солар талап етеді.

– Сонда қазіргі біздің сұхбатымыз жоспардан тыс болғаны ма?

– Солай болып тұр, – деп күлімсіреді Тұрар Төлегенұлы. – Бірақ кез келген жағдайда есепке алынады, яғни оң әсер етеді. Жұмысымыздың осы бағыты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардың халық арасында қолайлы да түсінікті түрде кеңінен насихатталуын көздейді.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top