Өткінші емес құндылықтар

23 ноября 2017
0
2582

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау бойынша мемлекеттік инспекциясы үшін расында да бағдарламалық болды. Әсіресе, халықтың тарихи жадына, мәдени идеологиялық салаға қатысты бөлігі. Мәңгілік құндылықтардың қатарында материалдық, табиғи, адами ресурстардан өзге Мемлекет басшысы ұлттық рухты атады. Осы құндылықсыз жаһандық әлемдегі бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу бойынша стратегиялық мәселелерді тиімді шешу мүмкін емес. Бүгін облысымыздағы киелі орындар туралы облыстық инспекциясының жетекшісі Талғат Талапұлы Жүсіпқалиев айтып береді.

– Үстіміздегі жылдың маусымынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске аса бастады, – деді инспекция жетекшісі Т.Т. Жүсіпқалиев, – біз де бірден бұл маңызды іске белсене кірістік. Бүгінгі таңда көп жұмыс жасалды. Бәрінен бұрын «Қазақстанның киелі орындары» жобасы туралы айтып отырмын. Осыған байланысты «Қазақстанның сакралды картасы» атты киелі жерлері белгіленген арнайы картасы жасақталмақ.

– Талғат Талапұлы, біздің не туралы айтып отырғанымызды барлық оқырман бірдей түсіне қояр ма екен. Киелі нысандар дегеніміз не?

– Киелі орындар қатарына қазақ халқы ерекше құрметтейтін табиғат ландшафты, мәдени мұра ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ тарихи және саяси маңызға ие халық үшін маңызды орындарды жатқызамыз. Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың пікірінше киелі жерлер ұлттың бірегейлігі мен нығаюының құралы болып табылады, республика аумағында киелі орындардың бірыңғай желісін құру ұлттық бірегейліктің негізін қалаушы элемент болып табылады.

«Сакралды картаға» республикалық және облыстық деңгейдегі нысандар енеді.Республикалық дәрежедегі нысандардың жалпы саны жүз болса, соның алтауы – Батыс Қазақстан облысынан. Осындай екі нысан бойынша құжаттар мен негіздеме Астанадағы «Сакралды Қазақстан» орталығына жіберілді, жуырда ғана оларға республикалық статус берілгендігі белгілі болды. Бұлар Орал қаласының маңында, халық арасында Ысқырық тау аталып кеткен аумақта орналасқан орта ғасырлық Жайық қалашығы, Бөкей ордасы ауылында орналасқан Жәңгір хан тарихи музей кешені. Бүгінгі таңда облысымызда орналасқан тағы төрт киелі орынның тізімге енгізілуі үшін жұмыстар жүргізілуде. Олардың бірі – Теректі ауданындағы Тақсай қорған кешені. Алтын Ханшайым немесе скиф ханшайымы сол жерден табылған болатын. Оның қалпына келтірілген мүсіні облыстық тарихи-өлкетану музейінде қойылған, ал Тақсай ауылы маңындағы оның жерленген орны мемлекет қорғауына алынбақшы.

Жұмағазы Хазіреттің жерленген орны – қазақтардың пір тұтып, зиярат ететін тағы бір киелі орны. Облыс орталығынан Жымпитыға бағыт алған жолдың 80-ші шақырымында орналасқан кесенеге жан-жақтан дұға етуге адамдар жиналады, тіпті алыс жерлерден де, түнеуге де келіп жатады.

Жәнібек ауданындағы әйгілі қазақ ақыны, философ, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың қабірі. Ол «Алаш» партиясының белсенді мүшесі болған. Кеңестік дәуірде революциялық идеяларға қарсы Алаш Орда буржуазиялық-ұлтшыл партияның қайраткерлерінің бірі болып танылды. Оның шығармашылық мұрасын оқуға тыйым салынды. Тек Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасырда ғана қазақтың даңқты ұлы ақталып шықты. Енді оның философиялық еңбектері мен кітаптары бәріне қол жетімді. 1921 жылы қаскөйлердің қолынан қаза тапқан ұлы жерлесіміздің мәңгілік мекені «Қазақстанның сакралды картасынан» орын тапса, Ғұмар Қараштың халық арасына оралуына қарай жасалған қадам болар еді.

Және соңғы алтыншы нысан – Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылы, нақтырақ айтқанда кезінде Алаш Орда үкіметінің Батыс қанатының басты штабына айналған ғимарат.

– Сіз айтып шыққан осы нысандардың жоғары жақтан қолдау тауып, халықтың киелі орындарына айналуы қаншалықты мүмкін нәрсе?

– Мүмкіншілік өте жоғары. Тамыздың соңында бізге ҚР Ұлттық музейінің жанынан құрылған «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары келген болатын, сол жерлерде көргендері оларға қатты әсер етті. Олар тек біздің жұмысымыздың нәтижелерімен танысып қана қоймай, батысқазақстандықтар үшін қымбат рухани орындар орналасқан аудандарға барып қайтты.

– Талғат Талапұлы, астаналық ғалымдардың келген мақсаты тек республикалық дәрежедегі киелі орындарды анықтау болды ма, әлде олардың қызығушылығы кеңірек пе еді?

– Тамыздың соңы мен қыркүйектің басындағы бес күн ішінде біз олармен бірге облыстың тоғыз ауданын аралап шықтық, жалпы алғанда, екі мың жарым шақырымды артқа тастадық. Әрине, олар жуырда республикалық дәрежеге ие болатын тек сол алты нысанды көру үшін келген жоқ. Еліміз бен аймағымыздың тарихында айшықты із қалдырған әйгілі адамдардың өмірі мен шығармашылығына қатысты немесе табиғат ландшафтыларының ескерткіші болып табылатын ондаған орындар зерттелді. Астанадағы Ұлттық комиссияның қарауына жіберілетін аймақтық киелі жерлер тізіміне облыстың әр ауданында орналасқан алпыс тоғыз нысан енді. Ал мемлекеттік деңгейді алсақ, сакралды картаға барлығы 500 аймақтық нысан енеді.

– Осы категориядағы екі-үш нысан туралы айтып берсеңіз.

– Мысалы, Ақжайық ауданында Жаманқұдық ауылы маңында Керік мазары бар. Алыстан көрінетін күмбезді кесене өңделмеген кірпіштен тұрғызылған. Дала төсінде бірнеше ғасыр тұрса да, жақсы сақталған. Базаршоландық Ақнәжім ақсақалдың айтуынша, бір дәулетті бай өзінің Керік есімді әйелінің құрметіне тұрғызған екен бұл кесенені. Құрылыс кезінде жылқы қылы мен бие сүті қолданылған екен.

Ал Бөрлі ауданында Ақбұлақ ауылдық округі өзінің Ұзақ өмір аталатын бұлағымен әйгілі. Ол бұлақтан бастау алған жылғалар қыраттарды жағалай ағады. Бұл жерлерде ши, күреңот, құрақты қамыс көптеп кездеседі. Бұлақ көзін қазақтар емдік қасиетке ие деп есептейді.

– «Қазақстанның сакралды картасына» енуге мүмкіндігі бар нысандар Орал қаласында бар ма?

– Әрине. Мысалы, Жайық пен Шаған аралығындағы Хан тоғайын айтуға болады. 113 гектар жерді алып жатқан бұл мекен – қазақ хандарын ақ киізге салып көтеру салтанатын өткерген жер. Және де бұл жерде қазақ билеушілері мен батыр-билері казак атамандарымен келіссөздер жүргізген. Хан тоғайында Александр Пушкин, Владимир Даль, Владимир Короленко сияқты орыс әдебиеті мен мәдениетінің әйгілі өкілдері де болып көрген.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағын да «Сакралды картаға» енгізуге үміткер ретінде айтуға болады. Оған аз да емес, көп те емес 180 жыл толған, тарихы тереңде жатыр. Оралдықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны.

– Талғат Талапұлы, кішкене алға жүгіріп, «Қазақстанның сакралды картасы» шықты деп көрсек, сонда – сіздің инспекцияңыз бен сіз бағынатын облыстық мәдениет басқармасының жұмысы аяқтала ма?

– Әрине, жоқ! – деп күлді сұхбаттасымыз. – Керісінше, біздің жұмысымыздың екінші тынысы ашылады. Сонда біз халықтың пір тұтып, сыйынатын нысандары болып табылатын, қалай болса да халық тарихын есте сақтау көздері болып табылатын киелі орындарды насихаттауға кірісеміз. Монографиялар, кітаптар, жолбасшы кітапшалар шығара бастаймыз. Сондай-ақ жаңа туристік маршруттар құрастырып, қонақтарды орналастыру инфрақұрылымын жасау бойынша жұмыстар күтіп тұр.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top