Сыр еседі сыңғырынан сырғаның

4 апреля 2019
0
2111

Қазақтың зергерлік өнері ежелгі дәстүрлердің сабақтастығы мен көрші халықтар мәдениетінің өзара ықпалы арқылы қалыптасқан. Үй кәсібіне негізделген ұлттық қолөнердің басқа түрлеріне қарағанда, зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар.

Қазақ зергерлері көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп отырған.Олар алдын ала арнайы дайындықтан өтетін, белгілі бір құрал-саймандарды ғана қолданатын. Зергерлердің соғатын заттарының түрлері өте көп болған. Оған әйелдердің әшекейлері, киім-кешекке тағатын түрлі сәндік бұйымдары, ас-су жабдықтары, киіз үйдің ағаш сүйегіндегі ою-өрнек, жиһаздық заттар, ағаш ыдыс-аяқ, тері торсық, музыкалық аспаптар, қару-жарақтар, ат-тұрман әбзелдері және тағы басқалар жатады. Бұларды әсемдеу үшін көбіне алтынды, әсіресе, күмісті молырақ қолданған. Зергерлер металдың өңін ашу шеберлігін жете білген. Күміс бұйымдарды асыл тастардан (лағыл, сапфир, зүбіржат, гауһар, ақық) және агат, хризопраз, інжу, маржан, жақұттан көз қондыру арқылы да әсемдей түскен. Түрлі түсті шыныларды және тағы басқа әсем рең беретін заттарды да кәдеге асырған.

Зергерлердің көп жасаған бұйымдарының қатарына әйелдерге арналған әшекейлер жатады. Әшекейлердің бұл түрі тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан кез келген әлеуметтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әр түрлі әшекейлер иемденуге, тағуға тырысқан.

Қазақ әйелінің өмірінде зергерлік әшекейлердің үлкен мәні болды. Оларда адамның сұлулыққа деген мәңгі құштарлығы, бақытты өмірге деген үміті, табиғаттың бәле-жала мен қырсықтан құтқаратын ғажайып күшіне деген сенім жырланды. Дәл осы себепті қазақ қыздары әшекейді дүниеге келгеннен бастап о дүниеге аттанғанша жасы мен әлеуметтік жағдайына қарай тағатын болған.

Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі, 180 жылдық тарихы бар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жаухар жәдігерлері» атты зал бар. Міне, осы залдан қыздың көркіне көрік беретін әшекейлердің түр-түрлерін тамашалауға болады. Бұл әшекейлер күмістен жасалған, ХІХ ғасырдың жәдігерлері.

Музейдің «Жаухар жәдігерлері» залында тұрмысқа шықпаған қыздардың, аналарымыздың, ақ жаулықты әжелеріміздің күміс әшекей бұйымдары көрсетілген. Атап айтсақ, сырға – қыз-келіншектер аса ұнататын әсемдік бұйымының бірі. Үнемі тағып жүретін әшекейдің бірі болған.

Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ, яки жолаушы үй ішін көзімен шолып, ілулі тұрған сырғаны көрсе, «бұл үйдің бой жетіп келе жатқан не бой жетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен» деген ой түйген. Мұның аяғы кейде құдалыққа ұласып жататын.

Қызға құда түскенде, оны біздің болашақ келініміз деп өздеріне меншіктеудің белгісі ретінде оның құлағына сырға тағу, моншақ тағу рәсімін өткізген. Содан кейін ол қызды сырғалы қыз деп атаған.

Бірнеше бөлік асыл тастардан, топсалы шынжыр арқылы тағылатын мойын әшекейі – алқа. Алқаны жас-өспірім және бойжеткен қыздар, жас келіншектер таққан.

Мойынға салатын зергерлік әшекей бұйымның тағы бір түрі – тұмарларды да музей экспозициясынан кездестіруге болады. Тұмар тек әшекей ретінде ғана емес, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан, көз тиюден сақтайды деген наным-сенімге қатысты тағылған.Тұмар көбінесе үшбұрыш, төртбұрыш етіп жасалады, ішіне молданың қағазға жазған дұғасы, ұлутас, үкі қауырсыны, сондай-ақ, киелі деп есептелетін заттар салынды.

Қазақ әйелдерінің өңір әшекейлері әртүрлі болады. Кеудеге тағатын әшекейлердің ең бастысы – өңіржиек. Музейдің осы залынан әйелдердің өңіржиектерін көруге болады. Олар көлеміне қарай ажыратылады. Негізгі өңіржиектің мағынасы ұрпақтың көбеюі, өсіп-өркендеуіндегі ананың орны және қауіп-қатерден сақтану сияқты жайларды білдіреді.

Бойжеткен қыздар тағатын бақыттың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісі саналатын құстұмсық жүзіктер де экспозициядан орын алған. Бұл жүзікті бойжеткендер тақты.

«Жаухар жәдігерлері» залында ерекше назар аударарлық әшекейдің бірі – құдағи жүзік. Сый-құрметтің белгісі саналатын бұндай құдағи жүзіктердің пішініне қарай әр түрлері осы залға қойылған. Ол басқа жүзіктерге ұқсамайды. Жүзік екі саусаққа қатар киілетін екі шеңберден тұрады. Құдағи жүзікті қалыңдықтың анасы құдағиына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартатын.

Қазақ әйелдерінің шашына тағатын шашбау, шолпы, шаштеңгелер ерекше көз тартады. Мұндай әшекей бұйымдардың әйелдер үшін тәрбиелік мәні зор болған. Мәселен, шолпының салмағынан шаш ұзын болып өседі деп тақкан. Қазақтардың ежелгі наным-сенімі бойынша, бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектесед. Қыздың жүріс-тұрысы арқылы мінезін аңғарып отырған. Анасы қашанда қызына «қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа сені әдепсіз қыз дейді», – деп тәрбиелеп отырған екен. Ал шашбау өрілген бұрымның ұшына бекітеді. Шашбауды күмістен қақтап жасайды. Бұрындары қазақтар «шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады», – деп сенген. Шаштеңгені қыздарға мезгілсіз жүрмеуі үшін тағып қояды. Өйткені, кешкілік оның сыңғыры қыз баланың әлі далада қыдырып жүргенін жан-жағындағыларға хабарлап тұрған.

Ұзату тойы киімінің басты деталі – сәукеле. Еркектің күшіне бағынатынын, қыз дәурені аяқталып, әйел өмірінің екінші кезеңіне өтетінін білдіреді. Ол бас киім ғана емес, қазақ сән-салтанатының, салт-дәстүрінің мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу, маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс.

Кез келген қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, оларға бейнеленген ою-өрнектері олардың әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі. Олай болса, сұлулықтың нышаны болған ұлттық әшекейлеріміз халқымыздың сарқылмас қазынасы, бай мұрасы болып, халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста ғасырдан ғасырға жалғаса берері анық.

Асыл Ыкыласбекова,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top