Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!

12 мая 2016
0
13997

Уақыттың есте қалар белгісі ол – тарих. Мемлекеттің барлық тарихы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен Отан қорғаушылардың жоғары рухын, батылдығын, ерлігін, жауапкершілігін қалыптастыру табысты шешумен байланысты.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз» деп атап көрсеткен болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыстың өрт шарпымаған шаңырақ кем де кем. Бүгінде өсіп-өніп жатқан біздер бұрынғы батыр бабаларымыз бен кешегі майдангерлерден өсіп отырған ұрпақпыз. Қанша жылдар өтсе де дүмпуі дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысының қасіреті баршамыздың жүрегімізде. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен қазақтың қайсар ұл-қыздары от пен оқтың ортасында жүріп, Отанымызға Жеңіс сыйлады.

Ұлы Жеңіс күні – барша халықтың жеңісі. Жыл сайын 9 мамыр күні баршамыз Жайықтың жағалауында орналасқан мәңгілік алау басына, жауынгерлердің тас мүсінге айналған бейнелеріне гүл шоғын қойып, ерлікпен қаза тапқан батыр ерлерімізді еске алып рухына тағзым етеміз.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы жыл сайын патриоттық тәрбие беру үрдісінде Самара облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырған «Соғыс туралы оқимыз» атты халықаралық акцияға қатысады.

Жас оқырмандарға аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіре отыруымыз қажет. Жеңістің қасиетін, ата бабаларымыздың ерлігін ешкім, ешқашан ұмытпақ емес.

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,
Арулар аз болды ма атқа қонған.
Ерліктің қос қанаты деп білемін, Аяулы Әлия мен Мәншүгімді,

– деп әнге қосып жырлаған, аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған, қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен аруларымызды, аналарымызды Отан қорғаудағы жасампаздық ерлігін өскелең жас ұрпақ білуі тиіс. Осы орайда, Ұлы Жеңіс күніне орай ақпараттық-библиографиялық бөлім қызметкерлері «Отан үшін от кешкен ару қыздар» атты библиоквест өткізді.

Библиоквесттің мақсаты – балалардың ақпараттық сауаттылығын дамыту, кітапхана мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қажетті ақпаратты дер кезінде таба білуге үйрету. Мерекелік шараға №30 ЖОББМ (кітапханашысы А.Жоламанова ) мен №1 ЖОББМ 6-8 сынып оқушылары қатысты. Бөлім қызметкері Г.Бек-Әлі библиоквесттың мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, екінші дүниежүзілік соғыста арын жалау етіп, жанын алау етіп, ақ сүт берген анасын, ақ самал өскен даласын қорғаған, Шығыс халықтарының қыздарынан Батыр атағын алған екі-ақ қазақ қыздары Мәншүк пен Әлия туралы, партизан радист қыз Нұрғаным Байсейітова, қанатты қыз Хиуаз Доспанова туралы мағлұмат берді.

Бұл үлкен атаулы күнге байланысты өткізілген библиоквесттің шарты бойынша оқырмандар екі топқа бөлініп «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия», «Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия», «Жеңіс», «Жеңімпаздар», «Мәңгілік маздаған қыршын ғұмыр» (А.Мәметова, Т.Әліпқали), «Жайықтың жарық жұлдыздары» (А.Нәріков), «Аңызға айналған арулар» (Ұ.Қауыс, Ғ.Байдербес), «Арулар отты жылдарда», «Қанатты қыз Хиуаз», «Әлия» атты кітаптарды пайдалана отырып, сұраққа жауап беріп, тапсырмалар орындады.

«Отан үшін от кешкен ару қыздар» атты слайд көрсетіліп, «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты кітап көрмесімен танысты.

Сондай-ақ кіші абонемент бөлімінде №1 ЖОББМ-тің 1 сынып оқушыларымен «Жеңістің жарқын күнін жыр етеміз» атты мерекелік шара ұйымдастырылып, кітапханашы М.Мусина жас бүлдіршіндерге Ұлы Отан соғысының 2 мәрте Қенес Одағының батыры, ұшқыш Талғат Бигельдинов туралы Сұлтан Қалиұлының «Барлау» әңгімесінен, ересек балалар абонементінің кітапханашысы А.Досқалиева №37 ЖОББМ-тің 7 сынып оқушыларымен Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» атты кітабынан үзінді оқыды.

Кеш барысында кітапханашылар оқырмандарға тарихтан біраз мағлұмат беріп, жас оқырмандарды өткеннен сабақ алып, бүгінгі күннің қадірін білуге шақырғандай болды.

Біз Отан қорғау жолында жанын құрбан еткен боздақтардың қандыбалақ шайқастағы ерлігін, майдангерлер хаттарын көркем шығармалардан, соғыс туралы кинолардан көріп өстік. Болашақ өмір, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерліктері ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батыр ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас ие мәңгілік тағзым етеміз.

Айман Ниязова,
Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар
және жасөспірімдер кітапханасының библиографы
Ярослав Куликтің сүреттері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top