Рамазан айы құтты болсын!

23 апреля 2020
0
1149

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы сәуірдің 24-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын! Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын! Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.

Рамазан – рақым айы! Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла Тағала Өз мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.Рамазан – жақсылық айы. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады».
Рамазан айы – мейірім айы, отбасымызға, жора-жолдастарымызға, көрші-көлемге, ауылдастарымызға қол ұшын беріп, мейірімді болуға шақырамын!

Алла Тағала ниетімізді қабыл етсін, бауырларым!

Құрметпен,
Орал қалалық Тәжіден Батырұлы
атындағы мешітінің бас имамы
Руслан қажы Сұлтанов

Обсуждение закрыто.

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top