«ПАП №1» ЖШС: батыл беталыс

21 сентября 2017
0
2054

2018 жылы Оралдың көне кәсіпорындарының бірі «№1 жолаушы автокөлік кәсіпорны» ЖШС-не 60 жыл толады. Нарықтық қатынастар мен әлемдік дағдарыстың қиын кезеңінде кәсіпорын табысты дамып келеді. 2012 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аймақтық бөлімшесінің көмегімен серіктестік өз автобус паркін жаңартты.

Нарық жағдайына ауысу

«ПАП №1» АҚ 1958 жылы 1 маусымда таксомоторлы парк ретінде құрылды. Алғашында «Жедел жәрдем» аумағында орын тепкен кәсіпорын 1974 жылдан бастап Еуразия даңғылындағы қазіргі орнына көшті.

Сол кезден бері жолаушыларды жеңіл көлікпен тасымалдайтын таксомоторлық паркі техникалық та, құрылымдық та тұрғыдан көптеген өзгерістерге ұшырады. Мотор және шанақ цехы жөндеуден өтті, диагностика және техникалық бақылау қосындары, автокөлік жуу орны т.б. нысандар салынды.

1993 жылы 29 желтоқсанда кәсіпорын жекешелендіру нәтижесінде ашық типтегі акционерлік қоғам ретінде қалыптасты, ал 2007 жылы қала тұрғындарын автобуспен тасымалдауды бастаған жолаушы автокөлік кәсіпорны ретінде қайта құрылды.

Нарыққа көшу қиындығына қарамастан «ПАП №1» ЖШС өз бәсекелестікке қабілеттілігін сақтап қана қоймай, одан сайын нығайта түсті. Себебі жолаушыларды тасымалдау бойынша сапалы қызмет көрсету үшін мүмкіндіктері молынан еді – автомашиналарды жөндеп, оларға техникалық қызмет көрсететін өндірістік цехтары мен учаскелері, диспетчерлік қызметі, қауіпсіздік қызметі, дәрігерлік пункті, әрине, жоғары білікті мамандар шоғырланған ұйымшыл ұжымы бар еді.

Жолаушыларға – жайлылық, кәсіпорынға – даму

2012 жылдың маусымында «ПАП №1» ЖШС-де айтулы оқиға болды – еуропалық стандарттарға сай белорустық «МАЗ» өндірісінен шыққан 10 заманауи автобус сатып алынды.

Бұл техника «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау» бағдарламасы аясында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несиеге алынды. Автобустар «БЖК-2020» бағдарламасымен «Сбербанк России» АҚ берген қаржыға алынды. Сол кездегі бір автобустың құны 20 миллион теңгеге бағаланған болатын, сондықтан да мемлекеттің қолдауынсыз «ПАП №1» ЖШС сияқты ірі тасымалдаушы да жаңа автобустар сатып ала алмас еді.

Кәсіпорын 14% мөлшерлемемен несие алды, оның 7% «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялап отырды. «МАЗ-Қазақстан» сауда үйінің директоры Андрей Власенко қазақстандық әріптестермен серіктестікті жоғары бағалады. Орал жаңа «МАЗдарды» Астанадан кейін-ақ алдыра бастады.

Ол автобустардың ең басты артықшылықтарының бірі – сыйымдылығы – 120 адамға дейін. «Мерседес» маркалы қозғалтқышпен, аялдамаларға жаймен тоқтауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған беріліс қорабымен (шапшаңдық қорабы) жабдықталған. Тағы бір жаңалығы – мүгедек арбасына мінген адам өздігімен автобусқа міне алатындай арнайы басқышы бар. Автобуста арбаны орналастыратын жиналмалы орындар бар. Сонымен қатар бұл көліктер арбалы мүгедектердің мінуін жеңілдету үшін 25 градусқа дейін еңкейе алады.


«Бәсекелестік саласындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мемлекеттен түрлі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезекке тұрады. Бірде-бір дамыған елде компаниялардың банкроттығы саланың ыдырауына немесе жұмысшыларын босата отырып, кәсіпорынның тоқтауына алып келмейді. Тиімсіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестициялар әкелетін жаңа меншік иелері келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті рәсімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс».

2015 жылғы 30 қарашадағы «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ
НАҚТЫ АХУАЛДА: ӨСІМ, РЕФОРМАЛАР, ДАМУ»
атты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан


«МАЗдар» қалалық 35-маршрутта өздерін жақсы көрсетті. Бүгінде «ПАП №1» ЖШС тоғыз қалалық және үш саяжайлық маршруттарда қызмет көрсетеді.

Саян Нұрмұханбетов басшылық ететін кәсіпорында әлемдік автобустар өндірісін мұқият бақылап отырады, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту жолында үнемі жұмыстанып отырады, өз қызметкерлерінің сырт келбеті мен денсаулығына көңіл бөледі. «№1 Жолаушы автокөлік кәсіпорны» ЖШС-нің барлық автобустары JPS-навигаторлармен жабдықталған, «Надежда» фабрикасына жаңа жилеттерге тапсырыс берілді. Жолға шығар алдында күнбе-күн жүргізушілер медициналық тексерістен өтеді. Медициналық пунктте қажет құралдар мен жабдықтардың бәрі бар. Медициналық тексеріс өткізуге мемлекеттік лицензиясы бар.

Автобустар парктен шықпас бұрын бақылау-өткізу пунктінде мұқият тексерістен өтеді. Тәжірибелі механиктердің назарынан кез келген аз-мұз техникалық ақау тыс қалмайды. Диспетчерлер автобустың толық жабдығын береді, маршрут сызбасы, қозғалыс уақыты, билеттік құжаттамасын береді. Ауа райына байланысты жол-сапар қағазына «Көктайғақ», «Қар» немесе «Тұман» деген белгі қойылады. Жолаушының әр наразылығы тексеріледі, егер де дұрыс деп табылса, жолаушы тасымалдау ережелерін бұзушыға сәйкесінше шара қолданылады.

– Біздің кәсіпорын келесі жылы 60 жылдық мерейтойына жетеді, – дейді Саян Нұрмұханбетов. – Осы мерзім ішінде жүргізушілердің бірнеше буыны ауысты – олардың көбісі өз ісінің шеберлері еді. Сол бір Кеңес дәуірінде-ақ ұжымда өзіндік дәстүрлері мен жолаушы тасымалдау саласындағы кәсіби шеберлікке сыйластық қалыптасты. Қазақстандық экономиканың нарықтық жағдайына көшуімен өз жұмысымызға жаңа ынталандыру таптық. Біздің басты мақсатымыздың бірі – автопаркті жаңалауды жалғастыру, сондықтан да біз мемлекеттің, жергілікті атқарушы билік органдары мен бизнес-құрылымдардың кәсіп-орынның жаңа автобустар алуда қолдауын жоғары бағалаймыз. Бұндай қолдау жалғасын тапса, ескірген көліктерден мүлдем құтылуға мүмкіндік берер еді.

Саян Сәбитұлының айтуынша, арзан бағасына қызығып, рессорлық аспасы бар, механикалық беріліс қорабы (шапшаңдық қорабы) бар автобустарды алуға болар еді, әрине, бірақ олай істеуге болмайды: бұндай техника ескірген, кәсіпорынның жаңа технологиялар бойынша дайындалған заманауи автобустармен жаңартылу жолын жалғастыру қажет.

Басты байлық – адамдар

Бүгінде кәсіпорында жүз адамдай қызмет етеді. Олардың көпшілігі «ПАП №1» ЖШС-де 20 және одан көп жыл қызмет еткендер. Олар – кассир-оператор Лариса Суворова, бухгалтерлер Галина Макаренко, Любовь Тимохина, жүргізушілер Сұңғат Ғабдолов, Виктор Скаленко, Александр Мостовщиков, Сырым Кужентаев, автоэлектриктер Игорь Тужилкин, Виктор Скородумов…

Бұрынғы таксопарктің еңбек дәстүрлерін бойларына сіңіріп, кәсібилікке, жұмыс жауапкершілігіне үлкен жолдастарынан үйреніп жүрген талантты жастар да бар, мысалы, жүргізуші Николай Рожнев, диспетчер Біржан Каримов, арендалық колоннамен жұмыс жөніндегі маман Ирина Калашникова.

– Бүгінгі кәсіпорнымыздың кадрлары – тәжірибе мен жастықтың үйлесімді қоспасы, – дейді кадр бөлімінің басшысы Меңсұлу Гайсина. – Негізгі жүргізушілік құрам 20 жылдық өтілі бар адамдар. Жұмысқа алынатын жаңа кадрлар да жақсы дайындықтан өткен, кем дегенде бес жылдық өтілі бар мамандар.

Меңсұлу Шынғалиқызы «ПАП №1» ЖШС-де 20 жылдан артық қызмет еткен. Ол тек кадрлар саласын ғана басқармайды, ол – кәсіпорын тарихының нағыз қорғаушысы. Оның еңбегінің арқасында әріптестері мен кәсіпорын ардагерлері туралы көп мәлімет сақталған бірегей фотоальбомдар, марапаттаулар, алғыс хаттар мен өзге құжаттар бүгінгі күнге жетті. Ол әріптестердің көпшілігі арамызда жоқ… Меңсұлу Гайсина ұрпақтар сабақтастығының сол нақты тарихы жағдайлармен қалыптасатынына сенімді. Ол қызметкерлерді ұйымдастырып, өз кәсіпорындарының дамуы жолындағы кездескен жаңа мақсаттарға ұмтылуға күш береді.

Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top