Пафоссыз патриотизм

7 июля 2016
0
3272

Біреулері – жалпы орта білім беру мектептерінің әскери жетекшілері – жастарды оқытып, тәжірибесімен бөлісіп, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге дайын. Екіншілері – қайсарлықтар мен оқу орындарының белсенділері – сол білімді құштарлықпен сіңіріп, күш пен рухтарын нығайтып, мұқтаждарға көмекке келуге дайын.
Осылай әртүрлі буын өкілдері бірігіп, қиындықсыз тіл табысып, Отанымыз бен біздің игілігіміз үшін еңбек етіп келеді. Бұл жайлы «Ауған соғысы ардагерлерінің Кеңесі» Қоғамдық Бірлестігінің мүшесі, АӘД оқытушы-ұйымдастырушысы Нұржан Қодаров әңгімелейді.


«Қазір балаларды бір орында ұстап отыру мүмкін емес, оларға әрдайым жаңа, ерекше, кейде тіпті экстремалды нәрселер қажет. Сондықтан әртүрлі іс-шаралар, жарыстар өткізіп, өзара іс-қимылдар әдістерін іздеуге тура келеді, – дейді №2 ЖББМ алғашқы әскери дайындық оқытушысы Нұржан Қодаров. – Бұл жұмыста мен мектеп директоры Любовь Васильевна Белякова мен оқу ісінің меңгерушісі Наталья Анатольевна Пальмоваға айтар алғысым мол. Әсіресе Наталья Анатольевнамен тығыз ынтымақтастықтамыз, бізде көптеген үйірмелер жұмыс істейді. 2012 жылы белсенді жұмыс жасап жатырған «Қайсар» атты әскери-патриоттық үйірме ашылды.

Тек өздерінде өткізіп қана қоймай, қайсарлықтар мектептік, қалалық, соның ішінде мерекелік, көркемөнерпаздық іс-шараларға қатысады. Мен өзім балаларға үлгі болу үшін «Қара жорға» биін үйреніп, ұлттық костюм киіп, тиісті бағадарламаларда көрсетемін. Үйірменің тақырыптық жоспары жыл мезгілдеріне, елеулі оқиғаларға сәйкес әзірленген. Мысалы, қыста біз аулааралық, мектепаралық жолдастық хоккей матчтарын өткіземіз, ауылдарға барамыз, шаңғы тебеміз. Халымыз келгенше ардагерлерге, балалар үйлеріне көмектесеміз».

Шындыққа келер болсақ, Қодаров, Есбулатов деген әскери жетекшілердің аттары қала тұрғындарына танымал, осыған байланысты білім беру жайлы Мемлекет бағдарламасының бір тармағын айта кетейін: «Білім беру саласында мемлекеттік саясаттың басым бағыты – өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесін дамыту. Алайда, білім беру ұйымдары мен балалар қоғамдық ұйымдарының әлеуетінің тиімділігі төмен.

Мектептерде еңбек тәрбиесімен кәсіби бағдар беру жүйесі жойылған, көркем және музыкалық шығармашылық үйірмелерінің, мектептер мен мектептен тыс мекемелерде спорт секцияларының саны жеткіліксіз. Мектептің балалар ұйымдарының қызметі дұрыс жолға қойылмаған. Балаларды қосымша білім берумен қамту басқа елдермен салыстырғанда (30-50%) небары 21,5%, оқушыларды спорт секцияларымен қамту небары 21,5% құрайды». Мен бұл тексті неге келтіріп отыр деп сұрайсыз ғой? Қазақстанда бұл істің мән-жайы қалай болып жатырғанын, бұл іспен және өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесімен көптен бері шындап айналысып келе жатқан адамдардың бар екенін білсін деп жазып отырмын.

№32 ЖББМ жоғарғы сынып оқушылары Дарьянда өткен семинарға қатысты. Ауыл мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Самат Жексенғалиев карате-додан ашық сабақ өткізіп, қоян-қолтық ұрыстың тәсілдері көрсетілді. Қалалық ұл балалар да өз өнерлерін көрсетті, ал қыз балалар автомат жинаудан сайысқа түсіп, 53 секундта жинады. «Исмаил мен Тимофей атты екі белсенді бала кішілердің тәлімгерлері ретінде маған көмектеседі. Жалпы, үйірмеге бесінші сыныптан бастап қатысады, бірақ бізде Милана деген бірінші сынып оқушысы бар, өте белсенді және жігерлі болғандықтан қатысуына рұқсат етуге тура келді. Келешекте жарыстарда жоғары орындар алады деп ойлаймын, – деп түсініктеме берді әскери жетекші. – №39 ОМ әскери эстафетадан жарыс өткізілді: қару-жарақпен, газқағарлармен жүгіру, ату, гір көтеру, қорғандардан өту. Өзім қосымша білім беру педагогы ретінде жұмыс істейтін балалар-жасөспірімдер туризмінің және облыстық экология орталығындағы саптық байқауларға қатысамыз. Үлкен патриоттық жұмыс ҚССЛ-де жүргізіледі».

ҚССЛ дегеніміз не? Қорғаныс-спорттық сауықтыру лагері. Жазғы «Атамекен» лагерінің базасында орналасқан, бірақ әскери-далалық жиындарға келгендер корпустарда емес, шатырларда тұрады. «Балалар, біреулерің әскерге барарсыңдар, біреулерің бармассыңдар, ал мында өткізген уақыт – көп нәрсеге үйрететін өзіндік әскер қатары» деп, қарапайым тілмен түсіндіремін. Оқушылардың тоқсан пайызы мұнда сұранады, оларда патриотизм рухы болғаны бізді қуантады. Ауғанстан соғысының ардагерлері одағының төрағасы Олег Викторович Пименовтың ұйымдастыруымен жыл сайын жергілікті соғыстарға қатысушылармен кездесулер өткізіледі. Жақында ғана өткен кездесуде жастар әскери оқиғалар, жерлестеріміздің ерлігі туралы әңгімелерді сол оқиғаларға қатысқандардан зор ықыласпен тыңдады, – деп жалғастырды Таулы Карабахтағы жергілікті қақтығысқа қатысқан Нұржан Жақсылықұлы. – Біз Ауғанстан соғысының ардагерлер одағымен тығыз байланыста жұмыс істейміз, біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпақты қазақстандық патриоттық рухта тәрбиелеу. Біз жеткілікті кезеңділікпен оқу орындарында жиналып, оқушылар, студенттермен әңгімелесіп тұрамыз, бұл кездесулерге прокуратура, полиция өкілдері, рухани тұлғалар қатысады.

Мұражайларға бару – жұмысымыздың тағы бір бағыты. Өрт сөндіру бөлімінің, Абылхайыр даңғылында орналасқан әскери-техникалық мектептің мұражайларына оқушылар қуана-қуана барады. Олар Кеңес Одағының Батыры, Ресей Федерациясының Батыры жерлесіміз Николай Майдановтың ондағы ескерткішінің ашылуына барды. Әскери қызметімен танысу мақсатында олар әскери бөлімге де барып тұрады.

Биыл қалалық білім беру бөлімі «Ауғанстан соғысының ардагерлері бірлестігі» қоғамдық ұйымымен бірге Орал-Невель-Новосокольники-Вилеж маршрутымен автошеру өткізіп, оралдықтар ондағы іс-шараларға қатысты. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың жерленген жерлеріне барды. №22 ЖББМ әскери жетекшісі, Қызыл Жұлдыз орденінің кавалері Мұхтар Есболатов Ұлы Отан соғысында сол өлкеде қаза тапқан атасы Қазтай Есболатовтың бейітін тапты. Делегация құрамында №5 колледждің әскери жетекшісі Аққалиев Марат пен оның үш студенті болды. №37 ЖББМ әскери жетекшісі, қалалық білім беру бөлімінің методисі Мейірлан Нұрқановтың жұмысы үлкен құрметпен аталды.

Жеңіс алаңында майданда қаза тапқан әскерлерге арналған еске алу акциясы өткізілді. «Біздің аталарымыздың тарихта қалған ерліктері, олардың жерімізді қорғауда өмірлерін аямай соғысқаны туралы әңгімелерді балалар ұйып тыңдайды. Ертеректе біздің бәріміздің бір Отанымыз – КСРО – болғаны, тоқсаныншы жылдары ыдырап, одақтық республикалар бөлініп, тәуелсіз мемлекеттерге қалай айналғанын, сол бір ауыр кезеңдерде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс бағыт алғаны жәйлі, – деп түсіндіреді ол өзінің оқушылармен не туралы әңгімелесетінін. – Өткеннің қателіктері қайталанбауы керек. Соғыс, этносаралық, конфессияаралық қақтығыстарды, басқа да қақтығыстарды Құдай басымызға бермесін. Жастарымыз мемлекет, халық мүдделерін қорғай білуі керек. Қазір әлемде жағдай күрделі, сондықтан біз ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтып, еліміздің халықаралық аренада беделін арттыруға, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, бейбітшілік пен келісім идеяларын арттыруға міндеттіміз. Бұның бәрі «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясында өз көрінісін тапты».

Наталья Жукова,
аударған Зоя Уразалиева
Суреттер Н. Қодаровтың альбомынан
Суретті түсірген Я. Кулик

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top