Отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу – міндетіміз

5 мая 2016
0
4590

Бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселенің бірі – жас ұрпақ тәрбиесі. Сол себепті де білім мен тәрбие егіз, екеуі қатар жүруі керек. Патриотизм дегеніміз – ұлтымыздың теңдігі, егемендігі үшін өтейтін әр азаматтың қарызы мен парызы.

Тарих – әрбір халықтың өткен өмірі мен жүріп өткен жолының айнасы іспеттес, тәрбиелік мәні зор, жас ұрпаққа өте қажетті ғылым. Адам өткенін жақсы білмей, болашаққа нық қадам баса алмайды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихын ой елегінен өткізіп, «кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз» деген төңіректе ойласын деген сөз. Бұл – туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін жеткізу деген сөз. Бұл әрбір азамат өзінің ата-бабалары қалдырған кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын» дегені еді. Осындай құнды деректерді игеру біз үшін өте маңызды.

Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен бірлігінің дәлелі. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қиды. Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин жауға алмас қамал болып жұмылды… ол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты.

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қанды қырғында қаймықпай соғысқаны туралы тарихтан білеміз. Сұрапыл соғыс жылдарында ел қорғаған Кеңес Одағының батыры Б. Момышұлы, тұңғыш генерал Ш. Жексенбаев, С. Рахимов, Рейхстагқа ту тіккен Р. Қошқарбаев, Т. Бигелдинов, ару қыздар Ә. Молдағұлова, М. Мәметова, Х. Доспанова т.б. апаларымыздың ерлік істері ешқашан да ел жадынан шықпауы тиіс.

2013 жылы Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының өнер әдебиеттері бөлімінің қызметкері Лұқпанова Самал Абайқызының ұйымдастыруымен «Соғыс беттерін парақтасақ» атты мәліметтер қоры жасақталды. Бұл мәлімет қорынан Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарының Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлері, олардың ерліктері және өздері жазған соғыс туралы өлеңдері, қаламыздағы ескерткіштер мен мұражайлар туралы мол мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлері ансамблінің бейнежазбалары мәліметтер қорын айшықтай түседі.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы арнаулы күндерге, белгілі тұлғаларға, жергілікті ақын-жазушыларға, сондай-ақ жастардың патриоттық рухын көтеруге мақсатталған жоспарлы іс-шаралар жиі ұйымдастырып тұрады. Сондай шаралардың бірі Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Тарих беттерінен» атты оnline оқырмандар конференциясы өткізілді. Кештің мақсаты: өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі ету және Ұлы Отан соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету. Шараға қаладағы №16 ЖОББМ, №6 ЖОББМ және Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясының оқушылары, Зеленов ауданы, Дарьинск ауылдық кітапханасының оқырмандары қатысты.

Бүгінгі оқырмандар конференциясы жоғарыдағы аталған мәліметтер қорын ашу және толықтыру бағытында ауылдық кітапханаларымен бірлесе отырып, Дарьинск ауылының оқырмандарымен онлайн арқылы шығып, ауыл тарихын, сол ауылдағы соғыс ардагері Старов Петр Николаевич, Макиева Татьяна Ивановналардың өмірлерімен, Синцков Иван Ивановичтың өлеңдерімен танысты. Ауылда соғыстың құрбаны болған 99 дарияндық боздақтарға арналған «Белгісіз солдат» монументі, монументтің жанында дарияндықтар қаза болған Мәскеу, Ленинград, Брест, Минск, Киев, Тула, Орел, Новороссийск, Керчь, Мурманск, Волгоград, Курск доғасы, Смоленск секілді қалалардың аттары жазылған 14 тақта орнатылған, тақталар осы қалалардан экспедиция арқылы арнайы әкелінген топырақ капсуламен көмілген. Сондай-ақ ауыл тұрғындары ардагерлер М.И. Ксенофонтов, И.И. Синицкий, Ш.И. Нарусланов, Г.А. Утешев тапсырма орындау кезінде кезіккен қиындықтар мен табандылықтары туралы өз ойларымен бөлісті. Кеш барысында репертуарлары соғыс туралы әндерге толы Дарьинск ауылдық музыкалық «Азия» тобы өз өнерлерін көрсетті.

№16 ЖОББМ оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері И.Р. Ступак өмірбаянымен таныстырып, «Творцы Победы» атты өлең оқыды, ал Вальдорф мектеп-гимназиясының оқушылары гитараның сүйемелдеуімен ән айтты.

Конференция соңында №6 ЖОББМ оқушылары «Отты жылдар шежіресі» атты интерактивтік ойынға қатысып өз білімдерін көрсетті. Аталмыш ойын Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ-стандықтар мен Батыс Қазақстандықтар туралы 5 бағыт бойынша: тұлға, тарих, әдебиет, мәдениет және өнер мен ҰОС техника секілді сұрақтардан тұрады. Ойын қорытындысы бойынша қатысушылар дипломдармен марапатталды.

Төрт жылға созылған соғыста қажыса да қайраты қайтпаған, жараланса да жасымаған, өлімге берілсе де, жауға бас имеген батыр бабаларымыздың, ерен ерлеріміздің ұшан-теңіз ұлы айқастарының соңынан Ұлы күн туды!

Ұлы Жеңіс көзі жасқа, көкірегі шерге толы халықтың күткен Ұлы күні. Біз әрқашанда жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз.

Патриотизм дегеніміз – Отанды сүю деген сөз. Отанды сүю – өз еліне адал берілгендік. Оған қалтықсыз қызмет ету, оның мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау. Олай болса Отан қорғау ісіне ардагерлеріміздің үлгісімен әрқашан дайын болып, намыс туын жоғары ұстау баршамыздың міндетіміз.

Айман Ниязова,
Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар
және жасөспірімдер кітапханасының библиографы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top