Қол қусырып отырмай, әрекет ету керек

22 июня 2017
0
2534

«Арзанырақ бола ма?» – телефонның арғы жағынан әйел адамның дауысы естілді. «Әрине, егер блюдоны таза еттен емес, айталық, тефтели жасасақ, оған күріш қосылады, немесе құстың етін қосуға да болады. Барлығы да таңдауға байланысты: қуырдақ, палау немесе бесбармақ, және бізге адамның нақты саны қажет», – деп жауап берді Флюра Ириковна тапсырыс берушімен ас мәзірін талқылай отырып, дәл осы мезетте екінші телефонмен: «Иә, ыстық мәнтіні машинамен жібердік, қарсылап алыңыз», – деп жауап беріп жатты.
Бұл оралдықтардың «Прогресс» ретінде білетін ЖК «Миликеева» кәсіпорнының күнделікті жұмысы.

Бір кездері бұл жерде осы атаумен аталатын дүкен болатын. Дүкен сол күйінде қалғанымен, ғимарат қайта жаңартылып, бөлмелері аспаздық және нан-тоқаш өнімдері цехына беріліп, банкет залы ашылды. Дүкеннің бір артықшылығы – жаңа пісірілген бәліш, бүкпе, тоқаш, почмакты бірден сөреге шығаруында. Бұл жердің тұрғындарына қонақ келер кезде әбігерленбестен, дүкеннің фирмалық тағамдары: ватрушка, алма қосылған қаусырма немесе қытырлақ нанды ыстықтай сатып алған ұнайды. Сол секілді, таза бал қосып дайындайтын татардың ұлттық тағамы шәк-шәк және көптеген тағам түрлері тұрғындар сұранысына ие.

Мен мұнда кәсіпорын басшыларының аялдама павильонын жөндеуден өткізу туралы мәселе талқыланып жатқан кезінде келдім. Кәсіпорын қоғамдық тамақтандырумен айналысатын болса, автобус аялдамасының бұл жерде қандай қатысы бар деп ойладым.

– Аялдама павильоны біздің ғимаратқа таяу орналасқан, және осы жерде бізге қатысы бар шағын дүкен орналасқан. Ал қазір қайта жаңарту үшін профбеттер алып жатырмыз, – деп кезінде Саратов политехникалық институтын бітірген Флюра Ириковнаның інісі Тагир Ирикович істің мән-жәйін түсіндіре бастады. – Біздің қаламыз – ерекше қала. Қазақстанның батыс қақпасы болып саналады, архитектурасының тартымдылығымен ерекшеленеді. Облыс орталығының келбеті өзгеруде, сол себепті жаңа жоба бойынша «аялдама» жасауды ұйғардық.

ЖК «Миликеев» – отбасылық бизнес екенін айта кеткен жөн, Флюра Ириковнамен бірге оның аға-апалары жұмыс жасайды, сондай-ақ бала-келіні өндіріске жетекшілік етеді.

– Флюра Ириковна, осының барлығы қалай басталып еді?

– Қайта құру кезеңі басталған шақта өзгермелі өмірде өз орныңды тауып, жаңа жол іздеуге тура келді. Менің қолымнан сол кезде не келді дейсіз ғой. Тек отбасына немесе үйге келген қонақтарға қызмет етіп қана қоймай, бұрын асханада жұмыс тәжірибем бар болғандықтан, технологияның қыр-сырын біле отырып, үлкен көлемде тағам дайындап, калькуляциялауды білдім.

Қаржы-экономикалық колледжін тәмамдадым, шындығында, бұл оқу орны ол кезде кооператив техникумы болатын және түрлі салаларда: саудада, өндірісте, қоғамдық тамақтандыруда жұмыс істеуге жақсы негіз берді. Бұл оқуды аяқтаған соң, Саратов қаласындағы жоғары оқу орнына экономика факультетіне оқуға түстім, оған қоса «Казбакалейторг» базасында, асханалар және мейрамханалар трестінде жұмыс жасап, тәжірибе жинақтадым. Содан соң жұмысшылар асханасында 10 жылдай уақыт бойы жұмыс жасадым.

Осыдан соң мен немен айналысқаным дұрыс? – деген сұрақты өзі қойып, өзі жауап берді. – Әрине, өз бағдарың бойынша жүрген дұрыс, мен солай жасадым. Бірақ бұл оңай шаруа емес, өйткені бұрын мемлекеттік мекемелерде жасадым, ал қазір барлығын өзім жасауым керек  материалдық-техникалық база-ны нығайтып, шикізат, адамдар табу, және ең алдымен, қай өнімді шығаратынымды анықтап алуым керек.

Ашығын айтсам, бәрі де қаржыға тіреледі. Ойлана келе, несие алғаным дұрыс деп шештім. Әрі қарай ғимарат сатып алып, оны жөндеуден өткізу міндеті тұрды. Бүгінде құрылыс материалдарына деген таңдау жоғары, ал ол кезде, 1998 жылы мұндай таңдау болған жоқ, Самара қаласына баратынбыз. Тәуекелге бел байлап, істі бастадық: ғимараттың ішін жөндеп, жиі сұраныстағы бәліш, тоқаш, нанды еш қоспасыз, қамыр қопсытқышын пайдаланбастан пісіре бастадық, нанымыз тіл үйіреді.

– Кадрлар табу да оңай болмас…

– Кеңес Одағы ыдырағанға дейін өзім директордың орынбасары болып қызмет істеген арматура зауытының асханасынан өз адамдарымызды тарттық. Олардың қалай жұмыс жасайтынын жақсы білеміз, немесе аспазшы анасының жолын қуған сол жұмысшылардың балаларын жұмысқа алуға тырыстық. Ең бастысы, жұмысты бүкіл жаныңды салып, беріле жасау керек. Жұмысқа келген соң өзіңнің келеңсіз мәселелеріңнің бәрі үйде қалғаны дұрыс, сонда тағам да тапсырыс берушінің көңілінен шығады.

– Өнімдеріңіз сіздің дүкеннен басқа қай жерде өткізіледі?

– Қаланың басқа да дүкендерінде сатылады, оның үстіне біз Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеппен бірге ынтымақтастық байланыстамыз. Сіңлім Интернетке садақа, тойларға банкет залының жалға берілетіні, тағамдар, аспаздық өнімдерге тапсырыс алатынымыз және үйіне жеткізіп беретініміз туралы хабарлама жасады. Хабарласушылар көп.

Бізде 600 атаулы тағам түрі бар, олар: тұшпара, палау, пицца, хот-дог, гамбургерлер, ірімшік, ет, қойылтылған сүт қосылған құймақ… Ассортимент үнемі кеңейіп отырады.

Кейде тапсырыс берушілер азық-түлікті арзанырақ жерден, ауылдан сатып алатындықтан, өз азық-түлігінен дайындап беруді өтінеді, санэпидстанция тыйым салғандықтан, біз мұндайда келіспейміз, өйткені біз дайын өнімге жауаптымыз. Бізде барлығына да сертификаттар бар, ал олардың шикізатының қай жерден алынып, сақталу жағдайларынан біз хабардар емеспіз.

– Айтыңызшы, дағдарысты сезінесіз бе?

– …Егер нақтырақ айтар болсам, мен үшін бұл сөз жат. Біз бұрын қалай жұмыс жасасақ, қазір де солай жасап жатырмыз, тапсырыстар түсіп жатыр. Егер бір қиындықтар туындай қалса, шығар жол іздейміз. Көп еңбек етеміз, демалыс үшін де уақыт бөліп, ұжымды марапаттауды да ұмытпаймыз, сонда жұмысқа деген қызығушылық, ынта пайда болады.

– Сіз «Татар ұлттық-мәдени орталығы» этномәдениет қоғамдық бірлестігіне басшылық етесіз…

– Иә, биыл үшінші жыл. Бұл татар ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін қайта өрлетіп, сақтау бойынша жүргізіліп отырған қызмет деп білемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қолдау көрсеткені үшін мың алғыс, қазақстандық этносаясаттың арқасында біз мемлекеттік тілмен қатар өз ана тілімізді, ежелгі дәстүрімізді зерделеп, және осы мұраны өскелең ұрпаққа бере аламыз. Басқа да орталықтар секілді, біздің орталық жалпыхалықтық құндылықты – достықты, бірлікті бекітуге, еліміздің гүлденуіне үлес қосуға бағытталған Қазақстан халқы БҚО ассамблеясына кіреді.

Біз тек сабантой, Ғабдолла Тоқайға арналған поэтикалық кештер өткізіп, ақын атындағы музей жұмысын жүргізіп ғана қоймаймыз, сонымен қатар қала мектептерінде және қаладан тыс жерлерде өтетін мерекелерге қатысамыз. Ресейде білім алып жатқан дарынды балалардың оқуына қаржылай көмектесеміз.

– Мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетесіз бе?

– Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратынан кафеге орын жалдап отырмыз және айына 1 рет оқу жылы бойына аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан студенттерге қайырымдылық түскі ас беріледі.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түскі астар, Рамазан айында жалғызбасты қариялар үшін ас ұйымдастырып, мектепке дайындық кезде мұқтаж балаларға көмек қолын созамыз.

Бұдан басқа, Республиканың Іскер әйелдер ассоциациясы құрамына кіретін «Үміт – Орал өңірі әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесімін, және осы сала бойынша да қызмет етемін. Биылғы жылы Қайырымдылық күні Салтанат сарайында әлеуметтік қызметкерлерді, тігіншілерді, санитар әй-елдерді құттықтадық, бір сөзбен айтқанда, осындай салада қызмет ететін жандарға сый-құрмет көрсеттік. Олардың еңбегі көбінесе көзге елене бермесе де, Жалпы Еңбек Қоғамын құруда нақты қадам болып саналатын азаматтық қоғамның дамуына өз үлестерін қосып отыр.

– Алға қандай жоспарлар қойып отырсыз?

– Бизнесті кеңейту. Печенье және басқа да аспаздық бұйымдар дайындайтын цехты іске қосқымыз келеді. Банкет залы 150 орынға арналған, ал біз 300 орынға дейін кеңейткіміз келеді, сол себепті ғимаратты қайта салу жоспарда.

Менің тағы бір арманым бар. Біз орналасқан ауданда монша, сауна жоқ. Тұтынушылар үшін сауна, монша салғымыз келеді, сондай-ақ кафеде отырып демалуға, достарымен кездесуіне, ал балаларына осы уақытта арнайы бұрыш немесе бөлме ашып, тәрбиешімен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік туғызғымыз келеді. Яғни, жақсы демалыс ұйымдастыру ойымызда бар.

Мен адамдарға жағымды көңіл-күй сыйлағанды ұнатамын, – дейді жымиып мұқтаж жандарға көмек көрсеткені және мейірімділік танытқаны үшін алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталған Флюра Миликеева.


«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.

Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

ҚР Президентінің 2017 жылғы Жолдауынан


Суреттерді түсірген Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top