Құныскерей үңгірі

30 ноября 2017
0
3975

Батыс Қазақстан даласындағы осы бір үңгір билік тарапынан қуғынға ұшыраған батырға пана болды. Оны барлық жерден іздесе де, «жер астына түсіп кеткендей» еді, аттылы адам қалай жоқ болып кеткенін ешкім түсінбеді. Қалай да ұстап әкелуге не тапқан жерлерінде атып тастауға бұйрық алған қуғыншылар «өзі тығылса да, атын қайда жіберді?» деп, аң-таң болды.

Егіндікөл ауылына таяған кезде Қаратөбе ауданы тұрғындарын «Құныскерейдің үңгіріне қалай жетуге болады?» деп сұрастырдық. «Мына бағытқа, – деп қолын сілтеді ер адам, – алға қарай бес шақырымдай жүрсеңіз, табасыз». Біздің сұрағымыз оны таңғалдырған жоқ, бұл жаққа келетіндер жолды жиі сұрайтын болса керек.

Қыраттар жаққа бет алып, атақты Құныскерей Қожахметовке пана болған жерлерге асықтық. Ол адамның образын «Ақ Жайық» трилогиясында Хамза Есенжанов, «Құмдағы із» романында М. Мәжитов, «Жалғыз атты жолаушы» повесінде Қ. Қараманұлы, «Қос батырдың хикаясы» жинағында Қ. Хасанов сияқты жазушылар қолданған. Бұл оқиғалардың ғасырдан астам уақыт бұрын болғанына қарамастан дәуірлестерін әлі де қызықтырады. Бүгінде Атырау облысында Құныскерейді есте сақтау мақсатында қор құрылған, себебі ол 1895 жылы сол кездегі Гурьев уезінде дүниеге келген.

Бірнеше қырды айналып өтіп, жергілікті биліктің тарапынан қуғынға ұшырап, ата-баба жерін тастап қашуға мәжбүр болған адамның қорғанына айналып, өмірін сақтаған үңгірдің аузына да жеттік.

Ақсақалдардың айтуынша, Құныскерей қазақ халқының хас батыры, нағыз мақтанышы болған: мығым да алып денелі, жай оғындай тез, ерекше тапқыр, стратег әрі әдіскер, құралайды көзге атқан мерген болса керек. Оның арғы аталары Кіші жүзден – Байұлы-Ысық-Қадыр-ғұл-Тоғызбай-Ерназар.

Қожахметов мал өсірумен айналысқан. Белсенді де мақсатшыл, жақсы білім алған ол өз ортасында өте сыйлы болатын; оған келіп кеңес сұраушылар көп еді. Жаханша Досмұхмедовпен, Қуанай Қосдәулетовпен және басқа да көзі ашық жандармен араласа жүріп, ол біртіндеп қоғамдық-саяси істер аренасына шыға бастады, Кеңес үкіметінің келуімен большевиктермен қызметтес бола бастады. Көп ұзамай оған болыс хатшысының – Қызылқоға аумақтық округінің (қазіргі көршілес облыстың Қызылқоға ауданы) 30-ауылында ауылнай қызметін береді.

1920 жылдың мамырында «Трудовая правда» газетінде мынадай мәлімет жарық көрген: «Құныскерей Қожахметов Гурьев облысын етпен қамтамасыз етуде ерекше көзге түсті, ол – халық арасындағы Кеңес билігінің өте шыншыл, іскер, турашыл сенімді өкілі.1919 жылы халық қажеті үшін Тұзтөбе тұз өндіру орнымен байланыс орнатты».

Бірақ тағдырының күрт өзгеріп, қатты өзгеретінін ешкім білмеді. Жаңа биліктің өкілдері әр кез әділ де шыншыл болмайтынын байқады. Кеңес үкіметі малы барларға тонаушылық деңгейдегі азық-түлік салығын енгізді. Құныскерей ол кезде ауылдық кеңестің төрағасы қызметінде еді, ол ай сайын халықтан ет, май, жүн жинау бойынша есеп беруі керек болатын. Көп балалы отбасылардың азығы жетпейтінін, сонда да орнатылған нормаларды орындай алмайтынын өз көзімен көріп жүрді.

Салық жинаушылар ауылдың әр тұрғынының ауласын аралап, мемлекетке азық тапсыруды талап етіп, кедейлердің соңғы азығына дейін тартып алып, білгендерін жасады. Ең қорқыныштысы, адамдар «халық жауы, контрреволюционер, қастық элемент» категориясына еніп, одан оларға қатаң репрессиялар қолданылды. Құныскерей мұндай шаралармен келісе алмады, көп ұзамай өзі де зиянкестік әрекет жасады деген күдікке ілікті.

Және де есеп беру үшін Калмыков ауылына барар жолда қайғылы оқиға орын алды. Жолда қонақ үйге қонған ол ауладан қара терге түскен, шаршаған атты көреді. Аттың ұзақ жолдан келгенін түсінді. Үйге кірісімен өткір көзімен аттың иесін жазбай таныды. Оған дейін де Орал жақтан қашқан Олжас деген контрреволюционер-сымақты милиция іздеп жатыр деп естігенді. Түн ортасында аттар дүбірі мен шулаған адам дауысы естілді. Жолаушы мазасы кетіп, тығып қойған мылтығына жабысты. Бірақ Құныскерей оны тоқтатып, өзі шығып, қарайтынын айтты.

Үйдің айналасын Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы мен милиция қызметкерлері қоршаған, олар жеріне жете талқандалмаған контрреволюционерді іздеп жүргендерін айтты. Олжас бөлмелес көршісіне сенер-сенбесін білмей дал болды. Содан соң шыдай алмай, аулаға атып шығып, жан-жаққа ата бастады. Оны сол жерде атып салды.

Оның жанына жара салған тағы бір оқиға орын алды. Оның үйіне қонуға ескі танысы, қазір құдасы болып келетін Ерғали Аязбаев қалды. Ол – ақын, композитор, халық арасында бүлікші атанған, қызылдар үшін контрреволюционер болған. Жаралы Ерғали мен оның екі жолдасы үйде ұйықтап жатқанда Құныскерейдің үйін қоршап алды. Қожайын шыққанда естігені: «Кеңес билігінің жауын үйіңе қондырдың! Сен оны өз қолыңмен бізге бермесең, екеуің де атыласыңдар!»

Ал қазақтар ғасырлар бойы қонақтарын құдайындай сыйлаған. «Не сұрап тұрғандарыңды білесіңдер ме?! Қазақтар қонағын ешқашан да жауына ұстап бермеген! Менің үйімнен шығып, ана қырдан асқан соң ұстай беріңдер. Ал бұлай мен бере алмаймын!» деп чекистерді ырықтандыруға тырысты. Ал қуғыншылар үйге басып кіруге тырысқанда қолына винтовка алған қожайын олардың жолын бөгеді. Атыс басталып, Құныскерей тек қонақтарын қорғауды ойлады. Ал атысу шебері болған ол аудандық милиция бастығы Ырзаны қағып түсірді, ал болыстық комитет төрағасы Зиманды (айтпақшы, ол болашақ академик Салық Зимановтың әкесі) аяғынан жаралады. Бала кезгі досы болғандықтан Зиманды аяды.

Біреулер үйілмелі шөпті өртеп, айнала астаң-кестең болды. Қонақтар осы шу мен түтінді пайдаланып, қоршаудан қашып шықты. Олармен бірге қожайын да кетуге мәжбүр болды. Кері қайтуға жол жоқ еді. Ырзаның өлімі үшін оның үйін өртеді, әкесін өлтірді, әйелін тұтқындап, жер аударды, балаларының да тағдыры аянышты болды.

Көп ұзамай Құныскерей Кеңес билігіне көңілі толмаған ауылдастарынан жасақ құрды, алайда олар күші көп қарсыластарынан ойсырай жеңіліс тапты. Алайда топ жетекшісі қашып құтылды. Қоян-қолтық ұрыста кездескен қарсыластарының бірі «Бұл адам емес, сайтанның өзі! Мұнымен құдайым енді кездестірмесін!» деп айқайлап жіберді.

Бәрін жоғалтқан кейіпкеріміз туған жерден алысқа Башқұрт-станға кетті. Сол жақта үйленді. Бірақ іздеу салынған соң, оны тауып алды. Ол тағы да мекен жайын өзгертіп, Қарақалпақ-станға, одан соң Өзбекстанға кетті. Паспорттық мәліметтерін өзгертіп, өмірінің соңына дейін Әбілхайыр Жаманов деген лақап атпен өмір сүрді. Оның іскерлік қабілеттері жырақта жүріп те көрінді, түрлі лауазымды қызметтер атқарды, тіпті совхозда директор болып та жасады. Жақындарын жоғалтып, жан жарасы жазылмастан өмірі өкінішпен өткен ол 1968 жылы өмірден озды.

Өмірден өткен жылы Зімбіл ақын оған «Құныскерейді жоқтау» поэмасын арнап, сол үшін түрмеге тоғытылды.

Міне сол өлең сөздерінің үзіндісі:

… Құныскерей, армысың,
Бұл дүниеде бармысың?!
Мойныңа іліп кеттің бе,
Жақсылардың алғысын.
Жамандардың қарғысын.
Жоқ еді сенің еш мінің,
Бөлек еді кескінің.
Астыңдағы жүйрігің,
Оққа ұшты деп естідім.
Иығыңдағы періштең,
Көкке ұшты деп естідім…

Құныскерейдің көзін жою үшін снайпер жалдағанын ескерсек, қысы-жазы пана болған табиғат-ананың осы үңгірі болмаса, оның тірі қалу-қалмауы неғайбыл еді.

Тұрлығұл төбесінде бұл үңгірдің қалай пайда болғаны әлі толық зерттелмеген. 1997 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілді, бірақ себебі түсініксіз жағдайлардың кесірінен іздеу жұмыстары тоқтатылды.

Үңгірдің пайда болуы туралы екі пікір бар. Біріншісі: әк тастардың жиналып-қалыптасуының нәтижесінде, екіншісі: қазақ-қалмақ қақтығыстары кезінде қазылып, дайындалған. Қабырғаларында жауынгерлердің есімдері, еденде түрлі қару сынықтары табылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын үңгірдің ішіне аттылы адам сыятындай үлкен болған. Бүгінде тек он шақты адам ғана сыяды.

Қаратөбеліктер бұл айтулы тұлғаның ғажайып хикаясын естерінде сақтап, сол тауды Батыс Қазақстанның киелі орындары қатарына жатқызады.

БҚО тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша мемлекеттік инспекциясы бұл мекенді ұлттың рухани мәдениетінде айрықша маңызды орын деп таныған. Бұл – өлкеміздің тарихының бір бөлшегі.

Суреттерді ұсынған БҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top