Нар тұлға

16 августа 2018
0
2269

Есет Әзірбаев Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан, экономика ғылымдарының докторы, гуманитарлық ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті, 1991 жылы Оралда «Қазақгаз» компаниясын құрып, ең қиын кезеңде елдің жүгін арқалаған нар тұлға болатын. Өзі шежіреші, батағой, арабша сауатты, «Құран-кәрімді» кириллицаға аударып құран етіп бастырып, барлық туыстарына тегін үлестірген еді. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, жан-жақтылығымен ерекшеленетінді.

Азаматтығына тоқталсақ:

• Жәңгірхан мен Дәулеткерейге кесене тұрғызды.

• 1997 ж. 600-ден астам кәрия, мүгедектер жатқан Орал «Интернат үйі» жарықсыз қалғанда, жан баласы қолын соза алмағанда, басшысы барып жолыққаннан кейін 5-сағат ішінде дизельдің ақауын оңдатып, іске қосуға көмектеседі.

• Көмек сұрап келгендердің, әсіресе мұқтаж жандарға, баспана, қызметпен қолын созған.

• «Қазақгазды» Алматыдан басқар дегенге көнбей, ата-бабаларының туып өскен өңірін газдандырып, 90-жылдардың ең қиын кезеңдерінде Орал облысы бюджетінің 70% қамтамасыз еткен мекеменің білікті басшысы.

• 20-дан астам туыстарының басына құлпытас орнатып, 1901 ж. қайтыс болған Әзірбай бабасына (5 атасы) Маңғыстау тасынан 6,5 метрлік кесене тұрғызды.

• Туған жерге, елге қамқорлығы ерекше болды, есті ұрпақ, тәрбие мен білімді меңгерген басшы мамандарға ұстаз бола білді.

• Мұнай-газ өнімдерін халық игілігіне пайдалану мақсатында, білімін, тәжірибесін, күш-жігерін аямай жұмсап, соңына із қалдырған білікті басшы ретінде танылып, халқының батасын алған азамат еді.

Топ жаратын шешендігі де болатын. Сырым батырдың 250-жылдығында шешендігін танытты. Сол шараға қатысқан ақын Бақтығали Тілегенұлы төмендегіше өлеңін арнады:

«Есет» деп,
Жылытар жұртын бойында бар деп бір дарын,
Сырттай қарап-ақ таныдық талай қырларын.
Бүгінгі мұнау тойында баба тағы да,
Таңдантты жұртты жатқа айтып жырау жырларын.
Найза алса қолға батыр-ақ дерсің төрттаған,
Өмірде сүрлеу бар ма екен сірә ол соқпаған.
Елім дегенде жүрегін жұлып беретін,
Мықтының өзін көрмедім, шыным тап содан,
Әлде осы Есет есімде ме екен бір қуат?
Есеттер қанша қапастан шыққан ұлтын ап.
Елін сүйгеннің еңсесі әр кез биікте,
Ұлдардың сондай ұлылығынан да жыр туады.
Халқының бағы, тұлғалар болса кесек те,
Кесек мінездер шегеді көппен не шексе,
Қазақ халқы қашан да шыны қарыздар,
Қай ғасырда да есімдер басы Есетте,
Көңіл толды да кете алмай қалдым тоқталмай,
Тұлғаға осы құрыштан сомдап соққандай.
Тіледім іштей тәуелсіз елдің бағына,
Деп, – ұлтын сүйер осындай ұлдар көп болғай!

12 қараша 1992 ж.

Осы шығармада Есеттің жан-жақтылығын көрсете білді деп есептеймін. Ұлы Қадыр Мырза-Әлі ақын анасы қайтып, қамкөңіл отырғанда Есет қасында болып, «Аға, қамықпа, елің, халқың, мен сияқты інілеріңіз тұрғанда, барлық іс ойдағыдай бітеді» деп анамыздың үйін тұрғызып, құлпытасын қоюды міндетіне алып, орындаған екен. Бірінде облыс әкімі болған Қырымбек Елеуұлы әкесінің жылына Есетті ертіп барады, сөйлегеніне таң қалған асты жүргізуші Шауқаманов мырза (бұрынғы Қызылорда облысының әкімі), «Мына жас жігіттің аржағында айтары мол екен, сөзі зеңбіректің оғындай зулап тұр ғой» деп риза болып, батасын берген екен. Бұрын Есетті сырттай естігенім болмаса кездеспеген едім. 1997 ж. іздеп барып таныстым. Көрер көзге сымбатты, асықпай сөйлейтін, мінезді жігіт екенін сөйлеген сөзінен, отырыс, жүріс-тұрысынан байқататын жігіт екенін аңғардым. Ата-тегімді сұрап, 30 минуттай әңгімелестік. Қызмет сұрады. Еш қызметім жоқ. Үйдегі қарттарға сәлем берейін, мүмкіндігі болса дедім. Екі күнге іс-сапарға келгенімді айттым «Кешкі сағат бесте кел» деді. Кешкі 5-те келіп, бір сағат күтіп отырғанымда бір бейтаныс келіп «неге отырсыз?» деді. Мен Есетті күтіп отырғанымды айтып едім, ол 5-7-ге дейін күнделікті газет-журналдарды, шетелдік газеттерді оқитынын, өзің кіріп көр деп кеңес берді. Көрініп едім, быразырақ уақыттан соң шықты. Көлігі әзір екен, үйіне барып, үлкендермен таныстым. Атамыз кішілеу, пысық екен, ал шешеміз денелі, сымбатты, асықпай сөйлейді екен. Есет анасына тартыпты. Екі қария сұрақты жаудырды. Әкемді, атамды айтып едім, естеріне түсіре алмады. Арғы атамның атын естігенде, шешей тұрып, жүрелей отырып «Тоғайбай Хазірет заманында би, әулие, халық сыйлайтын дана адам еді деп, аталарымыз жиі айтушы еді. Сен текті бабалардың ұрпағы екенсің, балам ғұмырлы бол» деп, ал атам «өзің пысық бала екенсің бақытты бол» деп баталарын берді. Сол жылы шешей, келесі жылы атамыз дүниеден озып, екеуін де Есақаң (Қасым) Қарабақа қауымына, бабаларының қасына жерледі. Облыс басшысынан бастап, көп адам қатысты. Өзі де қайтыс болғанынан кейін аманаты орындалып, бесінші ұрпақ болып Әзірбай атасы жатқан қауымға жерленді.

2006 жылы зейнеткерлікке шығып, Орал қаласына келгеннен кейін, жақынырақ араластық. 2007 жылдың сәуір айында ата-баба қоныстанған мекені «Қаракөлді» аралап қайттық. Жер телегей теңіз су, Есақаңның естілігімен, көлігіміз джиптің қуаттылығының арқасында, батып қалған жерден шығып, қалаға аман-сау оралдық.

Есет 8-арыс Сұлтансиық – Масқарлар шежіресін 10-жылдан астам зерттеп, жазды. Білетінімізді айтып, бірге үлес қостық. «Әленғали, ата-баба шежіресін менен көбірек білетін сияқтысың» дейтін еді. Мен сол шежіренің «Мамай» бөлімін жазыстым. 2008 жылы Ким Гусманов екеуінің авторлығымен сол шежіре кітап жарық көрді. Бұл Масқарлар шежірелерін көлемді қамтыған алғашқы шежіре кітап болатын. Көпшілік кітапқа риза болды, ал қалып қойғандары да болды. Соңынан біз жоқпыз дегендер көбейген кезде, Есақаң «Уақыт тауып, кітапты толықтырып қайта жазармыз» деп жүргенде сырқатқа ұшырап, ақыры о дүниеге аттанды. Есеттің арманын кейінгі жас ұрпақтың орындарына сенімдіміз.

Зымырап жатқан уақыт, биыл шілде айында Есеттің жылы өтті. Арналып екі мүсін жасақталып, біріншісі Орал қаласындағы газ-мұнай және салалық технологиялар колледж алдында облыс әкімі А.С. Көлгінов т.б. көптеген адамдардың қатысуымен қойылып, колледжде мұражайы ашылды. Бұрынғы мұнай-газ саласының министрі, Социалистік Еңбек Ері Ұ.С. Қарабалин қатысып «Есет – Қазақстанда мұнаймен айналысқан алғашқы көреген іскер басшы, қоғам, мемлекет қайраткері, ғалым, бірнеше кітаптың авторы, ірі тұлға, оның өмір жолы, істеген жарқын істері жастарға үлгі-өнеге, оның есімі жүрегімізде мәңгі сақталады» деп сөзін аяқтады. Екі мүсінді жасатып, жылына орай үлкен ұйымдастыру шараларын алған, Есеттің шәкірті К.Ш. Нуповтың үлкен еңбегіне халық ризашылықтарын білдірді. Сол күні «Гранд-Зодиак» мейрамханасында 300-ге жуық адамның қатысуымен ас берілді. 15 шілде күні 50-ден астам адам Кеңес (Қара бақа) қауымына барып, дұға етті. Базартөбе ауылының саябағының төріне Есеттің екінші мүсіні орнатылды. Оған: Ақжайық ауданының әкімі Ә.Т. Жоламанов, Құндыз, Жақсылық, ағайын, ұрпақтары, Нұрлан Ізтілеуов, Сайын Антазиев, Лұқпан Утегалиев, Әленғали Кереев, Базартөбе ауылдық округі әкімі Б. Қыдыргожин, ардагерлер: Қ. Жайжанов, К. Ұзақбаев, т.б. қатысты. Мүсіннің лентасын: Құндыз Шамақұлы мен Астанадан келген бөлесі Жақсылық Закиров қиды. Жергілікті зейнеткер: Қ. Жайжанов, ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам, мемлекет қайраткерлері Есеттің ісі, өмір жолы жастарымызға үлгі-өнеге, бүгін орнатылып отырған мүсін бізге үлкен міндет жүктейді, Есеттің есімін ауылға беріп, мектептен мұражай, Есет сыныбын ашуды ұсынамын деді.

Облыс ардагерлері Орал қаласындағы газ-мұнай және салалық технологиялар колледжіне Есеттің атын беруге ұсыныс түсірді. Қорыта келгенде айтарымыз, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық кодке» ерекше тоқталған еді. Екі күнгі шара сол «ұлттық кодты» жүзеге асыруға ат салысқан Есеттің еңбегін паш етті. Есеттің рухы қолдап, жанына жанаттан нәсіп еткей. Еліміз тыныш, халқымыз аман болып, Еліміздің тұғыры биік болғай.
P.S. К.Ш. Нупов қаладағы газ-мұнай және салалық технологиялар колледжінің екі озат студентіне 50-мың теңгелік Есет Әзірбаев атындағы стипендия тағайындады.

Әленғали Кереев
Ақжайық ауданының құрметті азаматы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top