Нағыз азамат, елінің патриоты

14 июня 2018
0
2545

Әрбір ұрпақ өз мемлекетінің өркен-деуіне үлесін қосады. Отан үшін бар күш-қуатын, жігерін жұмсаған адамдардың еңбектерін кейінгі буын білуі тиіс. Міне, сондай жандардың бірі Отарғазиев Серік Отарғазыұлы – ұзақ жыл астық өнімдерін қабылдау үш мекемесін үлкен абыроймен басқарған.

2018 жылы 18 маусым айында ағамыздың 80 жас мерейлі тойы аталып өтеді екен. Отарғазиев Серік Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылында өмір есігін ашқан. Кіндік қаны тамған жерін күні бүгінге дейін есіне алады. Білімі жоғары. Агроном-технолог.

«Қашан да құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың суын жұтып, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің, және ұлттық руханияттың қайнар көзі іс-петті» – деп әңгімесін бастады.

Серік Совет армия қатарына алынып 1958-1961 жылдары Мәскеу қаласында Отан алдындағы міндетін атқарды. Ал еңбек жолын Шыңғырлау ауданы астық қабылдау пунктінде бастаған, әуелі мастер, соңынан 1962-1975 жылдары участокты басқарған.

1975-1982 жылдары Теректі ауданы Алғабас элеваторының директоры.

1982-1991 жылдары – Зеленов ауданы Переметный нөмері 102 астық базасының директоры.

1991-1998 жылдары – Орал мель-крупкомбинаттың (комбинат хлебопродуктов) директоры боп жұмысын атқарған.

Яғни, өзіңіз көріп отырсыз, құрметті оқырман, Серік Отарғазыұлы, армияда болған уақытын санағанда 40 жыл еңбегін аянбай өз Отанына үлкен дәрежеде орындаған. Өзінің ұйымдастырушылық кабілетінің арқасында Сер-ағамыз басқарған үлкен ұжымдары Үкіметтің берген тапсырмаларын ешқандай қалтқысыз бұлжытпай орындап отырғаны көбіне мәлім.

70-80 жылдары жоғары аталған коллективтері облыстық, республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы атағын алды. Жақсы басшы елге құт-береке әкеледі дегендей, Сер-аға сондай басшы бола білді. Халқына адал еңбек етудің үлгісін көрсеткен азаматтардың бірі.

Айтып кетуім керек, ағамыз өте мәдениетті, қарапайым адам, қазақша-орысша бірдей сөйлейді, сабырлы, қазақтың мақал-мәтелдерін жатқа біледі, қарттар жиналған компанияларда асаба болып кете береді. Осы жасына қарағанда қарт деп айта алмайсың, денсаулығы, құдайға шүкір, жақсы, «жүз грамнан» да қалған жоқ, «Тойота» машинасын жас жігіттерден кем жүргізбейді.

Ағамыздың қызметтес болған, бүгінде зейнеткер атанған ақсақалдарымыз Жақсығалиев Сағидолла Жақсығалиұлы айтуынша, бастаған қызметінде жүріп, ол кісі сол саладағы жергілікті жас мамандарды даярлауға көп көңіл бөлген. Қолынан іс келетін жақсы жұмыс істеп жүрген мамандарға қолдау көрсетіп, еңбекте жоғарлатып отырғанын айтады. С. Отарғазиев, О. Байқатов, А. Тасмагамбетов, М. Костамбаев, В. Мозгунов, Л. Соколова, С. Ғабдуллин, Т. Кенжалиев, Ф. Омаров, К. Сагиданов секілді астық өнімдерін қабылдау мекемелерінің тәлім-тәрбие беріп, өз істерінің шебері болуға баулыған. Аттары аталған адамдар кейін осы саланың майталманына айналып, ірі-ірі астық дайындау саласының мекемелерін басқарған.

Енді ортаға келетін болсақ, қазақ атамызда мынадай нақыл сөз бар: «Бір қарт он баланың ортасында отырса, ол бала болады, бір бала он қарттың ортасында болса, ол дана болады» деген. Сер-аға Абайдың тілімен айтқанда, мыңмен жұмыстас болды, мыңға қызмет жасады. Әрине жалғыз істеген жоқ, ол кісінің жанында басшысы да, қосшысы да болды. Әрдайым түрлі мінезді адамдар жүрді. Адаммен қоян-қолтық жұмыс жасау, олардың тілін табу, іске жұмылдыра білу – кез келгенде болмайтын өнер.

Тағы бір жағдай Серік ағамыз жұмыс бойынша талапшыл басшы болғанмен ұжымда, жолдастары, жалпы жұртшылық арасында өте қарапайым. Дастархан басында, қонақтықта өз жолдастары, достарының арасында ойнап, күліп, компанияны көтеріп отырады, қазақтың салт-дәстүрін де жақсы біледі. Енді бір ағамыздың әкесінен бойына біткені ол: имандылығы: құран бағыштау, Фатиха, Ықылас сүресін, дастарханға бата беру келісім сөздермен айту.

Серік Отарғазыұлы күнде таңертең таза ауаға шығып гимнастикасын жасап, киоскіден өзі қалаған газет-журналдарын алып үзбей оқиды. Қазақ әдебиет кітаптарымен үй кітапханасы толық. Әрбір жиында Мұқағали Мақатаев кітаптарынан үзінділерін жатқа майын тамызып әдебиет тілімен айтып отырады.

Құрметті ағамыз Серік Отарғазы-ұлы өмірден жеңіл жол іздемеді, қиындықтан қашпады, қандай жағдайда да ар-ұяты мен иманын жоғалтпады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне толса да қолын қусырып үйде отырмайды. Орал қаласында қоғамдық-саяси жұмыстарына белсенді қатысады.

Сер-ағамыз оның 56 жыл өмірлік жолдасы Сәния бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығының да жоғары білімі бар. Олардан 7 немере-жиендерін, төрт шөбере көріп отыр, олар халық шаруашылығының әртүрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің дегендей, ұлағатты жаннан тәрбие алған ұрпақтары ата-ана арманын қалтқысыз орындап жүр. Ағамыздың ерен еңбегін үкімет жоғары бағалады, орден, медальдармен марапаттады.

18 маусым айында Серік Отарғазы-ұлы 80 жасқа толады.

Шын жүректен мерейлі жасыңызбен құттықтаймын, балалар, немере-шөберелер алдында бақытты ата-ана болып, ұзақ ғұмыр сүріңіз.

Переметный № 106 астық базасының коллективі мен Зеленов аудан басшылары 1978 жаңа жыл

Майдан Жұбандықов,
еңбек ардагері,
Зеленов ауданы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top