Мемлекеттік тіл – ресми іс-қағаздар тілі

21 июля 2016
0
5489

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауында еліміздің рухани байлығын еселеп арттыру, әлемдік ғылым жетістіктерін әркімнің өз тілінде зерделеуіне мүмкіндік туғызу, тілдің қоғамдағы рөлін арттыру қажеттігі жөнінде атап көрсетілген. Мемлекеттік тілдің басқару органдарының жетекші салаларындағы рөлін күшейту басты басым бағыттардың біріне айналып отырған кезеңде Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтар болсақ, басты деген он игіліктің ішінде адам ресурсының сапасы биік болуы тиіс.

Бұл мәселе – «Ұлт реформасына 100 қадам» стратегиясының да негізгі басымдықтарының бірі. Осы стратегиялық реформа бойынша қоғамның қозғаушы күші болып саналатын мемлекеттік органдар қызметшілеріне төмендегі айқын міндеттер жүктеледі: мемлекеттік тілді жетік меңгеру, мекемелердегі іс қағаздарының тілдік нормаға сай жазылуын қамтамасыз ету; мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосу, оны қызмет барысында іспен дәлелдеу; тілдік ортаны қалыптастыру; мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту т.б.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет орнатудың Қазақстандық тәжірибесі арқылы әлемге тіл мен ділді, ұлттық дәстүрлерді сақтау, ұлт мәдениетін танудың үлгісін көрсетті. Бұл мәселе жөнінде белгілі ғалым Л. Гумилев тұжырымдағандай: «Ұлтты ұлт ететін – сол ұлттың тілі». Сондықтан, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру ұлттық рухымыз бен ұлттық намысымызға сын.

«Адамға екі нәрсе тірек, бірі – тілі, бірі – ділі» – деген данышпан Баласағұнның пікірінше, тілдің мерейін көтеруге зиялы қауым, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер жауапты. Туған елімізді дамытуда әрбір мемлекеттік орган қызметкері өз ісімен, сөзімен жеке үлгі көрсетуі тиіс болса, ал ресми шаралардың барлығы мемлекеттік тілде жүргізіліп, тілге деген қызығушылықты арттыруға қоғамның өзі мүдделі болуы шарт. Мемлекеттік мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері, яғни іс қағаздар стиліндегі бірізділік жүйесіне аса зор мән беру арқылы ерекше қатынас жасау құралы – ресми құжаттарды бір арнаға түсіре аламыз. Өйткені, бұл стиль ел билеу, мемлекет жұмыстарын жүргізудің басты құралы. Сондай-ақ, әкімшілік терминдерді қолдану, мемлекеттік құжаттарды мазмұн жағынан, жанрлық тұрғыдан реттеу, ойдың логикалық жүйелілігін сақтау, саяси-публицистикалық сипаттағы, күрделі терминдермен талапқа сай жұмыс жасай білу – міне, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар. Ең бастысы мемлекеттік орындарда құжаттар дайындауда мемлекет дайындаған арнаулы нұсқау басшылыққа алынуы тиіс.

Сонымен қатар әрбір мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы болғандықтан, өз қызметінде Қазақстан Республикасындағы «Тілдерді қолдану мен дамытудың құқықтық негіздерін» басшылыққа алуы міндетті, себебі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру әр азаматтың міндеті. Қазақстан мемлекетін айқындайтын негізгі фактор – қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік қызметшіге қойылатын міндеттердің бірі – көпшілік алдында сөйлеу барысында, қызмет бабында қазақ тіліне басымдық беру. Өйткені, Конституция тіліміздің дамуына қамқорлық жасауды талап етеді. Қазақстан Республикасы “Тіл туралы” Заңының 4 бабында “Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды құралы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы” делінген болса, мемлекет мүддесі үшін қызмет атқарушы әр қызметші мемлекет беделін нығайтумен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыра түсу жолында қызмет етуі тиіс. Біздің Ата заңымыз әркімге өз қалауы бойынша қарым-қатынас тілін таңдап алуға құқық бергенімен мемлекеттік тілге, оның дамуына қамқорлық жасауды талап етеді. Ендеше, тілге деген құрметті ешбір заң жасап бере алмайды, ол әр саналы адамның тәрбиесінің жемісі.

Бұл орайда тіліміздің тұғырын орнықтыру міндетін атқарып отырған облыстық тілдерді дамыту басқармасы қоғамдағы мемлекеттік тілдің беделін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жолға қойып келеді. Мемлекеттік тілді іс жүргізуге енгізу және тіл туралы заңнама талаптарының орындалуын қадағалау мақсатында жыл басынан бері басқарма қызметкерлері облыстық және аудандық бірқатар мекемелердің іс-қағаздарының тілдік талаптарға сай жүргізілуіне мониторинг жүргізді, жүргізілген мониторинг нәтижесі облыс бойынша құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі жылдан жылға артқанын көрсетіп отыр. Егер ол бұдан бес жыл бұрын 68 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 99,8 пайызға жетті. Жалпы республикадағы тілдік ахуалды бақылауға арналған «Қазақстан Республикасында тілдік жағдайға мониторинг пен сараптама жүргізетін автоматтандырылған жүйе» 2010 жылдан бастап,облыс аудандарында да іске қосылды. Қазір ол аудан әкімдігі аппараты жанынан жүйелі түрде жұмыс істеп тұр, яғни қажетті ақпараттардың тиісті нысандарға уақытылы берілуін қамтамасыз ететін мамандар бекітілген. Олардың бәрі дерлік Ғаламтор желісіне қосылған дербес компьютермен қамтамасыз етілді.

Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстырушы фактор, осыған орай, Қазақстан халқының тілдерінің күні қарсаңында түрлі тіл сайыстарын өткізу игі дәстүрге айналды. Мысалы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған, жыл бойы жүргізілетін «Үздік ауылдық балабақша», «Үздік қалалық балабақша», «Үздік емхана» аталымдары ұйымдастырылып тұрады. Бұл шаралар төл тіліміздің қоғамдағы беделін арттырып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне құрметін күшейтуге ықпал етуде.

Қазақ балаларының ана тілінің уызымен сусындап, туған тілінде білім мен тәрбие алуына ықпал ету мақсатында облыс аудандары мен Орал қаласы әкімдерінің қолдауымен мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің ата-аналарымен бас қосу игі дәстүрге айналды. Аталған шаралар қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен тіл саясатына қатысты оң түсінік қалыптасуына септігін тигізді, сөйтіп, жылдан жылға өңірімізде ұлттық мектептер мен балабақшалар саны артып келеді.

Тіл саласындағы өзекті мәселелердің бірі – қала көшелеріндегі көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама мәтіндерінің «Тіл туралы» заң талаптарына сәйкестендіру болса, облыстық тілдерді дамыту басқармасы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның талаптарына сай, көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнаманың сауатты жазылуын қадағалау үшін БАҚ өкілдерімен бірге бақылау рейдтерін ұйымдастырып, істі бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар, жаңа туылған нәрестелерге есім беруде ұлтының қазақ екенін айқындайтын ережені негізге алып, құжат алатын азаматтарға ұл-қыздарының аты-жөнін қазақ тілінде жаздыруды қолға алу– АХАЖ бөлімдерімен орнатылған тығыз байланыстың бір көрінісі.

Бүгінгі ақпарат заманында мемлекеттік тілді теледидар мен радио арқылы насихаттау – таптырмайтын мүмкіндік. Осы орайда мемлекеттік тіл саясатын насихаттайтын «Тіл – абзалдық әліппесі», «Тіл – парасат көрсеткіші», «Язык – зеркало нации», «Язык – душа народа» телехабарлары арқылы «ТДК-42» арнасынан жұртшылыққа тұрақты түрде ұсынылуда.

Мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру аса маңызды, оны шешу жолдары «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» айқын көрсетілген. Ал, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру негізгі төрт міндеттен тұрады: біріншісі – мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің басты факторы ретінде нығайту, екіншісі – мемлекеттік тілді кеңінен қолдауды көпшілікке тарату, үшіншісі – дамыған тіл мәдениеті зиялы ұлттың басты күш-қуаты екенін көрсету, сондай-ақ соңғы мақсат – Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту. Қазіргі кезде Қазақстан дамудың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Ашық демократиялық қоғам орнатып, әлемдік кеңістікке кіру үстінде. Қазақстанның даму жолы бүгінгі күні посткеңестік елдердің көпшілігіне үлгі-өнеге боларлық. Мұндай жетістіктерге қол жеткізуде көптеген даму стратегиялары белгіленіп, сол стратегияларды жүзеге асыруды басымдықтармен жіктеп, оның жүзеге асырылуын Елбасымыз қатаң қадағалап, жылма-жылғы халыққа Жолдауында дүйім жұртқа мәлімдеп отыр. Сондықтан, басты нысананың бірі – мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің, ұлттық тіліміздің даму үрдісін үдету, мерейін асқақтау, толыққанды өз қызметін атқара алатын, еркін өмір сүре алатын жанды, өшпес жүйе ретінде орнықтыру. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы бойтұмардай сақтап, ұрпақтан – ұрпаққа мирас етіп қалдырған ана тіліміздің тұнықтай мөлдір тазалығын, ата түркі тілдерінің ішіндегі еш қаймағы бұзылмаған даралығын мақтан тұтып, бүгін бізде өскелең ұрпаққа өз қолымыздан аманат ету – аға буынның міндеті.

Сондай-ақ, «Бала тілі болмайынша қазақ тілі, ана тілі бола алмайды ешқашан» – деген қағиданы ұстана отырып, сала маманы ретінде кейінгі буынға айтарым тіл білмеген адамды жапырақсыз ағашпен тең, жапырағы жоқ қу ағаш ертең-ақ қурап, пайдасыз болып қалады емес пе? Сол сияқты мемлекет құраушы ұлттың тілін білген адам үлкен сұранысқа ие, себебі тілді білу қоғамдық өмірдің барлық саласына араласуға жол ашады. Ана тілінің құдірет-күшімен ана сәбиіне оған деген мейірімін жеткізіп, жарқын болашағына жол сілтейді, адамдық асыл қасиеттерді дарытады. Ата ұлына бабалардан жеткен мол мұра екендігін, оған оны болашаққа жеткізу борыш екендігін байыптайды. Жылдардан – жылдарға ұласып жинақталған мол тәжірибе мен білім қоры да ұрпақтан-ұрпаққа сол тілде жеткізіледі. Ана тіліміз арқылы салт-дәстүріміз қалыптасып, ұлттық нышан ретінде өріле түседі. Ана тілі арқылы ұлттық болмыс бітеді. Тілінен айырылған ұлт барлық құндылықтарынан ада болады десек те артық емес. Осы аталғандардың барлығы тәрбие, білім, дәстүр ана тілінің арнасынан бастау алғанда ғана біздің мемлекетіміздің тұғыры қатайып, ішкі бірлігіміз нығая түспек. Көкейдегі күдік кетіп, «сенім» атты бақыт таңы бізді қарсы алады. Бұл менің тіл тұғырын биіктету жолында еңбек етіп жүрген маман ретіндегі пікірім.

Біз – ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Сондықтан, қазақ тілі әр адамның ар-ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген сөзін әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің жағдайы дәл қазіргі қалпынан әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген, елдің тарихын, салтын, дәстүрін жақсы білетін, Қазақстанды Отаным деп санайтын азамат, шыққан тегі қай ұлт екеніне қарамастан, кез келген лауазымды қызметке көтеріле алады. Сондықтан, мемлекеттік тілді өз дәрежесінде меңгеру әр қазақстандық үшін Конституциялық міндет.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік… біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Олай болса, басты мақсат – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тіл мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу» – деп атап көрсеткені әрқайсымыздың күнделікті жұмысымыздың асыл арқауына айналуы керек.

Гульнара Әлжанова,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы
Суреттерді түсірген Я. Кулик

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top