Мемлекеттің қолдауымен

9 ноября 2017
0
2189

Соңғы кезде облыстық жалпы аумақтық өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. 2015 жылда ол 39,9% болған болса, 2016 жылы 41,9%-ды құрап отыр. Шағын және орта бизнес өндіретін өнім (тауарлар мен қызмет түрлері) көлемі де кәдімгідей артып келеді. Бұл не – кездейсоқ болған уақытша нәрсе ме әлде жан-жақты ойластырылған ұзақ мерзімді шаралардың нәтижесі ме? Осындай сұрақты біздің тілшіміз Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Т. Ибрагимовке қойды.

– Бақдәулет Талғатұлы, қазір біз аймақ экономикасынан шағын және орта бизнеске қатысты көріп отырғанымыз сенуге тұрарлықтай ма?

– Әбден сенуге болады. Бұның барлығы – бизнесті және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың нәтижесі. Мынадай сандық нәтижелерді айта кетуге болады. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйе-гіне шағын және орта бизнес нысандарының саны 37 594 құрады, ал бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12,1%-ға артық. Жалпы тіркелген нысандар саны 48 мың болды. 2016 жылдың сегіз айында кәсіпкерліктегі шағын және орта бизнес нысандарының саны 72,3% болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 78,3% болды. Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 107 мың адам, 2016 жылмен салыстырғанда 8%-ға өсім байқалады. Шынын айтқанда, бұл көрсеткіштер – республикадағы үздік көрсеткіштердің бірі.

– Жағдайдың бұлай өзгеруіне не себеп болды, жақында ғана көрсеткіштер басқаша болған еді ғой?

– Дұрыс айтасыз. Есімізге түсірсек, жуырда ғана жағдай өзгеше болған еді ғой. Көрші елдің валютасы – рубль – қазіргіден нашар жағдайда болған. Ал жыл жарым-екі жылдай бұрын ол күрт құлаған болатын. Бұл Ресейде шығарылған тауарлардың, азық-түліктен бастап автомашиналарға дейін барлығы арзандап, сол тауарларға Қазақстанда сұраныстың өсуіне әкелді. Керісінше, біздің тауар өндірушілер сұраныстың төмендеп, қоймалар өнімге толып қалды деген наразылықтарын жеткізгенді. Енді рубль тұрақтанып, оның курсы өскен кезде, жағдай біздің кәсіпкерлер үшін түзелді, енді оларға алға жылжуға ешнәрсе де кедергі болмайды.

Және соңғысы, отандық бизнеске көрсетіп отырған мемлекет көмегінің де мәні зор. 2010 жылдан бері республикамызда кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы– 2020» бірыңғай бағдарламасы жұмыс жасайды. Ол өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Жалпы, Қазақстан мен біздің облыста да іскерлік белсенділіктің артуы байқалады.

Бағдарламаның төрт бағыты бар, біздің басқарма ұжымы осы бағыттар бойынша жұмыс жасайды.

Олардың бірі шағын және орта бизнес өкілдеріне берілетін несиелердің мөлшерлемесін субсидиялау. Егер мысалы, екінші деңгейдегі банктерде берілетін несиенің ең көп пайыздық мөлшерлемесі 19%-ды құраса, «Даму» қоры арқылы қалада, ауылда бизнеспен айналысатындар үшін – 7%, ал өңдеу өнеркәсібіндегілер үшін – 10% субсидиялаймыз. Бірақ мұнда да шектеулер бар. Қала аясында жеңілдікпен қаржыландырылуға тек өндірістік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілер ие бола алады, ал қызмет көрсету саласы, сауда саласында ондай мүмкіндік жоқ. Ауыл тұрғындары үшін ондай шектеулер қойылмаған. Мейрамхана, шаштараз, дүкен ашқыңыз келе ме? Мархабат, жоғарыда айтылған бағдарламаның мүмкіндіктерін толықтай пайдалануға болады.

Бағдарламаның екінші бағыты – несиелер бойынша кепілдеме. Ауылдағы жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін өз ісін жолға қойып, дамыту үшін несие алу қиынырақ. Банктер оларға қатаң талап қояды: жақсы кепілдеме болуы шарт. Ал қаламен салыстырғанда, ауыл тұрғындары үшін бұл қиындау шарт. Мемлекет бұл жағдайда да көмекке келеді: ол несиелік қаржының қайтарылуына 85%-ға дейін міндеттеме алады. Ал қалған 15% – қарыз алушының міндетінде. Ал кәсіпкер оған дейін тәжірибесі бар болса да, жеңілдікпен несиелендіруге үміт арта алады. Бірақ, алынған несиенің 50% құрайтын кепілдеме қажет. Осы шаралар ауылдық жерлерде бизнеспен айналысқысы келетіндер санының артуына әкелді. Мынадай мысал келтіре кетейін. Өткен жылы аймақтық үйлестіруші кеңес отырысында 130 жоба қарастырылып, мақұлданған болатын, олардың 43% – ауыл тұрғындарының жобасы. Биылғы жылы бұл көрсеткіш бірталай өсетіні сөзсіз.

Үшінші бағыт. Мысалы, сіз қандай да бір өндірістік өнім шығаратын цех салдыңыз делік. Ал оны іске қоса алмайсыз, оған инженерлік коммуникациялар: су құбыры, электр желісі, газ желісі тартылмаған. Осындайда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы көмекке келеді. Жаңадан тауар өндіруші бізге, басқармаға, сәйкесінше ұсынысхат пен жобалық-сметалық құжаттамасымен келеді, біз оны қарастырып, жобаны құптаған соң, оған қажетті инфрақұрылымды өткізуге жәрдемдесеміз. Барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алады.

Инновациялық мақсаттарға берілетін қайтарымсыз гранттар. Мөлшері – үш миллион теңгеге дейін. Бұл да бағдарламаның бір бөлшегі. Биылғы жылы республикалық бюджеттен облысымызға 47 миллион теңге бөлінді, гранттарға он тоғыз адам ие болды. Келесі жылға бастамашыл кәсіпкерлер үшін жүз миллионнан астам қаржы сұрамақпыз.

– Бақдәулет Талғатұлы, үстіміздегі жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы іске аса бастады. Осы бағдарлама туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Бұл бағдарлама туралы ұзақ айтуға болады. Бір көңіл аударарлығы, бағдарлама бойынша ең арзан деуге тұрарлық несие алуға болады – алты ғана пайыздық мөлшерлемемен. Бұл мақсаттарға облыстың ауылдық бизнесін несиелеу үшін 1,4 миллиард теңге, Орал және Ақсай қалалары үшін 800 миллион теңгедей қаржы бөлінді. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша берілетін ең көп несие мөлшері 18 миллион 250 мың теңгені (8000 АЕК) құрайды. Ауылдық кәсіпкерлер несиелерін «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» мен Агронесие корпорациясы арқылы, ал қалалықтар екінші деңгейдегі банктер арқылы ала алады, алып та жатыр.

Аудандарда, тіпті облыс орталығында да кәсіпкерлікті дамыту карталары жасақталған, ол карталарда белгілі бір жерлердің негізгі басым даму саласы анықталған. Бұл бағдарламаны іске асыру сонымен қатар жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың өздерін кәсіпкерлік саласында байқап көруіне, жұмыссыздықпен күресуге мүмкіндік береді.

Республикалық мемлекеттік бағдарламалардан өзге шағын және орта бизнеске жеңілдікті түрде қаржылай көмек көрсетуге бағытталған жергілікті аймақтық бағдарламалардың да іске аса бастағанын да атап өтейік. Осылайша, өткен жылы облыстық әкімдік «Даму» қорымен меморандумға қол қойды, шағын және орта бизнес нысандары үшін бір миллиард теңге бөлінген болатын: 500 миллионы – облыстық бюджеттен, тағы да сонша – «Даму» қорынан. 31 жоба қаржыландырылды. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 8,5%.

Биылғы жылы әкімдік пен «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арасындағы келісім нәтижесінде, 6% мөлшерлемемен 600 миллион теңге аймақтағы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.

Аз ғана мерзімге қарамастан бұл тәжірибенің өзін жақсы көрсеткенін айтуға болады. Жергілікті бюджетте ақша бар, сондықтан шағын және орта бизнесті несиелендіру жалғасын табады деп үміттенеміз.

Суретке түсірген автор мен Ярослав Кулик
ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top