Ғұмар Қараш – халыққа қызмет ету үлгісі

30 ноября 2017
0
5700

– Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзіне толық сай келетін азамат ретінде өз басым ең әуелі Ғұмар Қарашты атар едім. Себебі ол – көрнекті ақын, қоғам қайраткері, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген ағартушы; дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун; өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейтесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, – деп бастады сөзін ҚР Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Сәдір.

«Қазақстан», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналын шығаруға және олардың саяси-мәдени әлеуетін көтеруге қызу атсалысқан баспасөз жанашыры, бірнеше кітап авторы Ғұмар Қараштың осыншама «қырының» басын қосып тұрған бір «сыры» – халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұратына айналдырғаны.

1875 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы аумағында дүниеге келіп, 1922 жылы қашқын әскерилердің қолынан қаза тапқан Ғұмар Қараштың жоғарыда айтылған сан қырлы сипатын шартты түрде қоғамдық қызметі және шығармашылығы деп екі топқа бөліп қарастыруға болады.

Қоғамдық қызметі:

• Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін, Жалпақталдағы Ғ. Ғәлікейұлының медресесінде оқыды.

• 1902-1910 жылдары ауылында, Тіленшісайда жәдитше бала оқытты. Әйгілі Шәңгерей Бөкейұлының шақыруымен Көл-борсыда мұғалім болды.

• 1911-1913 жылдары алғаш Ордада, кейін Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығаруға, оның саяси-мәдени әлуетін көтеруге белсенді атсалысты.

• 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының съезіне қатысты.

• 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысына белсене араласты. Алаш партиясы құрылған тұңғыш жалпықазақ съезіне қатысты.

• 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Алаш автономиясы жарияланған Орынборда өткен жалпықазақ съезінің ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысып, баяндама жасады. Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі өмірлік мәселелер мен діни ахуалды күн тәртібіне қойған екінші съезде қазы болып сайланды.

• 1918 жылы Ордадағы педагогика техникумында сабақ береді. Сол жылдың 24 қыркүйегінде Бөкей губерниясы мұғалімдерінің бірінші съезіне қатысты.

• 1918-1920 жылдары губерния кеңестерінің 1, 2, 3, 4-ші съездеріне делегат болып, жиындарында сөз сөйлейді.

• 1919 жылы Бөкей губаткомында істейді. Ордада ұйымдастырылған қазақтың тұңғыш педагогика журналы – «Мұғалімге» басшылық етті.

• 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің алқа мүшесі әрі тілшісі болды.

• 1920 жылы маусымда Бөкейдің II губерния компартия конференциясында губкомның пленум мүшесі, ал сол жолы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімі меңгерушісі болып сайланды.

Шығармашылығы

• Ғ. Қараш 1907 жылдан бастап татар және қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарға мақала жариялай бастады.

• Оралда басылған «Қазақстан» газетін шығару кезеңінде қазақтың саяси сауатын ашып, рухани тұрғыдан байытатын «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Тұрымтай» (Уфа, 1918) аталатын бес поэзиялық, «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) дейтін үш зерттеу кітабы жарық көрген.

• Ол Ғабдолла Мұштақ (Алланың зерделі құлы) атты бүркеншікпен «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне мақалалар жазып тұрды. Сол жылдары Орынбор қаласында Шәңгерей Бөкеевтің қамқорлығымен ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, «Шайыр…» және «Көксілдер» атты екі жинақ шығарды.

• Татардың «Шора» журналында 1911 жылы «Ар-ождан – сенім өлшемі» атты мақаласы жарияланды.

• 1919 жылы «Мұғалім» журналында «Педагогика» атты еңбегін жариялады.

• 1917 жылы Ақпан ревкомынан кейін құрылған «Алаш» партиясына, Алашорда үкіметіне үлкен үмітпен қарап, «Алаштың азаматтарына» атты арман мен үмітке толы өлеңдерін жариялайды.

• Ғ. Қараш қоғамды қантөгіспен, күшпен, зорлық-зомбылықпен өзгертуді қалаған жоқ («Неден қорқам?», «Күн туды»). Бірақ кеңестік кезеңге икемделуге тура келетінін сезді.

• Мақалалары ХХ ғасырдың бас кезіндегі «Қазақ дұрыстығы», «Қазақстан», «Айқап», «Дұрыстық жолы», «Шора», «Абай» сияқты газет-журналдарда жарияланып тұрды. Ол өз шығармаларын Ғұмар Қараш баласы, Ғұмар Қарашұлы, Ахунд Ғұмар Қарашұлы, Ғұмар әл-Қараши, Бөкей елінің бір баласы, Ғұмар Қараш, Ғ.Қ., Ғ. Мұштақ, Ғабдолла Мұштақ, Оразақай Қазақаев, Ғұмар Қарашев деген есімдермен жариялап отырды.

Қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың өмірлік ұстанымы, ой-пайым, сөз саптауынан хабар беру мақсатында «Дұрыстық жолы» газетінің 1919 жыл 20-құт бейсенбі күнгі 1 нөмірінде «Құрдастық жолы» мақаласынан үзінді ұсынамын:

«Атақты жүйрік Лев Толстойдың айтып кеткен бір сөзі бар: «Егер бір адам өз күшіменен жұмыс етпей тіршілік етсе (тек қалтасын жұмсайтын жатыпішер адамдар сияқты), ол хәлде, қайда болса да, қалай болса да, сондай-ақ бір адам оның бекерлігінің айырбасына құрбан болып, азап шегіп, аштан өліп жатқандығын анық білу керек». Толстойдың бұл сөзі талас көтермейтін дұрыс сөз. Неге десеңіз, адам баласының тұрмысында мың түрлі керек нәрсесі болса, соның бірі емес, бәрі де табиғаттың шикі материалынан алынып, жұмыскерлердің еңбегі арқылы әзірленіп шығып алдымызға келеді.

Аузымызға салған бір сынық нан, үстімізге киген бір шаршы бөз, ішіне отырған лашық, астымызға төсеген жайма – мұның бәрі де көктен домалап біздің алдымызға түсіп отырған жоқ. Мұның бәрі өзіміздей адам баласының маңдайының тері, табанының еті арқылы табылып отыр.

Бұларды біз пайдалансақ, айырбасына өзімізден де бір нәрсе бермекке борышты боламыз. Бұған беретін біздің төлеуіміз өз күшімізбенен жұмыс етіп, еңбегімізді елге сіңіру».

«Ғ. Қараштың досы Нәсекен айтқан» деген жоқтау өлеңде мынандай жолдар бар екен:

Жапанда жатыр екен жалғыз ғана,
Бәйшешек айналасы жасыл ала,
Басында боз төбенің жатыр өзі,
Таптым деп, ел талаған жаудан жала.
Сырласар, сыбырласар, мұңдасы жоқ,
Далада тұрған жеке тек бір мола.
Алаштың түзде қалған бір баласы
Толығып кемеліне келген жасы.
Тағдырдың жарлығына жатыр көніп,
Бойында жаудан алған бір жарасы.
Маңдайға жазылған сол неғыласың
Көнбеуге және тағы жоқ шарасы.
Ақыры демалыста жатыр өзі,
Жазулы құлпы таста айтқан сөзі.
Сәлем де сүйгеніме мәңгі бірге
Сақтаулы жүрегімде салған ізің».

Бұл жоқтауда қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі болып табылатын Ғұмар атамызға қатысты айтылған «сақтаулы жүрегімде салған ізің» деген сөзінің ақиқаттығының бір дәлелі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына кіретін 100 нысанның тізіміне ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш зиратының енуі.

Ғұмар атамыз туралы өрбіген әңгіме барысында танымал журналист Қазыбек Құттымұратұлы: «Ғ. Қараш атамыздың басында Жидебайдағы Абай Құнанбай-ұлы мен Шәкәрім Құдайберді-ұлы, Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп аталарымызға жасалғандай үлкен кешен орнағанын тілеймін және сенемін» деді. Мен де осы тілекке қосыламын.

ҚР Журналистер одағының мүшесі Нұрлан Сәдірдің
сөзінен жазған Е. Чуриков

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top