Ұлы даланың феномені

13 сентября 2018
0
1921

«Адам боп келіп өмірге, адам боп кету парызың» деп данышпан Абай айтқандай, Қариполла Сүйінішқалиұлы осы қағиданы берік ұстанған адам. Жұдырықтай жүрегі елім, жерім деп соққан, елі сыйлаған азамат арамызда болса 2018 жылдың 17 қыркүйегінде 80 жасқа толар еді.

Атамыз қазақ «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген мәтелді бәріміз білеміз. Әр жерлерде айтылып жүрген азаматтар әрине аз емес. Бірақ, жақсының ішінде де ерекше айтатын жақсылары бар. Сондай адамның бірі өмірі ұрпаққа үлгі боларлықтай, өмірде өшпес із қалдырған адамдардың бірі Қариполла Сүйінішқалиұлы Абдушев.

Үлкенге іні, кішіге аға бола білген Қарақаның, еңбек жолы көпке үлгі боларлықтай. Бүкіл саналы ғұмырының жарты ғасыры еңбек және өмір жолы туралы аудан және облысымызда аз жазылып жүрген жоқ.

Қарақаңды мен 1966 жылдан бері жақсы білемін. Зеленов ауданында комсомол, партия, ауыл шаруашылығы саласында 42 жыл жұмыс жасадым. Осы мақаламды Қарақаңның жарқын бейнесін еске алу ретінде жазғалы отырмын. Аудан және облыста болатын пленум, конференцияларда, түрлі жиналыстарда кездестік, таныстық, білістік, аға-інілік сыйластығымыз жарасты.

Қариполла 1938 жылдың 17 қыркүйегінде Орал облысының Фурманов ауылында дүниеге келген.1956 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, Саратов облысы Энгельс қаласындағы ремесленный училищесіне түсіп, «механизатор широкого профиля» мамандығын алып шығады.

Еңбек жолын 1957 жылы Саратов облысында, Ровен ауданында механизатор болып бастайды.1960 жылы ауданымыздың Зеленый ауылына қоныс аударады. «Коммунизм жолы» колхозында еңбек ете жүргенде, оған К-700 көлігі беріледі. Ал, 1970 жылы облысымыздың Бөрлі ауданы техникумына оқуға түседі. Сол жерден бригадирлік курсын үздік бітіреді.

Қариполла Сүйінішқалиұлы еңбек ете жүріп, кешкі он жылдық мектепті, одан соң ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетін бітіреді. Еңбекқор азамат 1972-1986 жылдары № 1 тұқым бригадасын басқарады. 1972 жылы Қарақаң Ленин орденімен марапатталады. Осы жылдар ішінде адал еңбегімен танылған оның шәкірттері, жолдас-жұмысшылары да ел алғысына бөленіп, орден, медаль иегерлері атанды. Кейін Қарақаң жастар бригадасында көптеген іскер азаматтар тәрбиеледі. 1976 жылы желтоқсан айында Абдушев Қариполла Үкіметтің ең жоғарғы марапаты Социалистік Еңбек Ері «Алтын жұлдызбен» марапатталады. Бұл атағынан өзге бірнеше медальдармен марапатталады. «Кеңес дәрежесіндегі зейнеткер» лауазымы тағайындалып «Зеленов ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

2017 жылдың қыркүйек айында Қарақаңның тұрғын үйінде мемориалды тақта орнатылып, ауыл тұрғындары жиналып Қарақаңды еске алып гүл шоқтарын қойды. Қарақаң мен алтын алқалы жұбайының арманы ұл-қыздарының жоғары білім алып, елге сыйлы азамат болып өскенін көру еді.

Қазіргі таңда жақсы тәрбие алған ұрпақтары ата-ана атына кір келтірмей, тәуелсіз еліміздің игілігіне өздері қалаған жұмыстарында еңбек етуде.

Әйел адам, алдымен отбасымен бақытты демекші, бүгінде Қарақаңның жары балаларының қызығына бөленген аяулы ана, немере-шөбере сүйіп отырған қамқоршы әже.

Айтатын жәйт, Қарақаңнын өмірлік жолдасы өте сыйлы, енесінің жағып кеткен шамшырағын өшірмей алып келе жатқан асылдардың жұрнағы. Зеленый ауыл жұртшылығы оған үлкен ризашылығын білдіреді, алғыстарын жаудырады.

Қорыта айтқанда, Қариполла Сүйінішқалиұлының елге сіңірген еңбегі баршаға аян. Әсіресе, қаймағы бұзылмаған Зеленый қалың елінің ұлдары жігерлі, қыздары сүйкімді дегендей. Түтіні түзу ауыл-аймақтың адамдары оны әр уақытта еске алады, оның адами келбеті мен азаматтық қасиетін жоғары бағалайды.

Қазақтың тарихында жазылған әңгімеден алынған кішкене ғана үзіндісін құрметті оқырмандардың есіне салғым келеді. Бір жиын үстінде бір қария Қабан ақынға өмірде не қымбат деп сұрапты, сонда Қабекең айтыпты:

Туып-өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат.
Әлпештеген анаң қымбат,
Еркелеген балаң қымбат
Жақсы дос, жарың қымбат,
Бәрінен де ұят пен арың қымбат.
                             (1833-1894 ж.ж.)

Осы айтылған даналық сөздерінің бәрі Қарақаңнын жанұясына өте лайықты деп айтқым келеді.

Амангелді Мыңбаев, еңбек ардагері, көп жыл колхозда зоотехник, ферманы басқарды. «Көзден кетсе де, көңілден кетпеген қайран дос, қимас көршіміз бүгінгі күні өкінішке орай арамызда жоқ. Әкелері көре алмай кеткен қызықты, артында қалған жұбайы және ұрпағы көрсін деген тілегімізді әрдайым арнап отырамыз. Арамыздан ерте кеткен досымыздың артында қалған ұрпағын көргенде, өзін көргендей боламыз.

Қанша жоғары лауазымда жүрсе де әкелеріне ұқсаған мейірімділік пен жауапкершілікті көрсете біледі ұл-қыздары. Қарақаңнын жұбайы бүгінде немере-шөберелерінің тілеуін тілеген бақытты әже. Бұл кісінің тәтті құйған шәйін ішпеген адам біздің ауылда болмаған болар деп ойлаймын. Ақжарқын, қонақжай адам ғой. Жеңгеміздің дені сау, өмірі ұзағынан болсын деп тілегімді білдіремін».

Қарақаңның туған күніне байланысты қандай ұйымдастыру шараларын өткізейін деп жатырсыздар деген сұраққа, Зеленый округінің әкімі Дәулетов Ізғали Сапарұлы былай деп жауап берді:

«Өзіңіз білесіз, Қариполла ағамыздың туған күніне қыркүйек айында 2017 жылы өзі тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылды, жиналған ауыл тұрғындары ризашылығын білдіріп, рахметін айтты. Шілде айының басында 2018 жылы ауыл тұрғындарының жиналысында бір ауыздан шешім қабылданды: «Қариполла Сүйінішқалиұлының өзінің тұрған Советская көшесіне, «Абдушев К.С» аты берілсін» – деп. Бұл шешімді аудан ономастикалық комиссиясы өзінің отырысында бекітті. Ендігі шешім облыс ономастикалық комиссиясының прерогативі, ауылдастарымыз бұл шешімді үлкен сеніммен күтуде.

Ал ендігі айтарым, тамыз айының аяғында қоғамдастық келісім және ардагерлер кеңесінің отырысында Қариполла Сүйінішқалиұлының туған күніне арналған мерекелік шаралар бекітілді. Біздің міндетіміз – оны орындау» – деп сөзін аяқтады.

Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Феномен Великой степи» атты кітапта Қарақаң туралы белгілі журналист Надежда Жолдошеваның жазған «Оставляя добрый след» деген очеркі бар.

Қариполла Сүйінішқалиұлы қазақтың егемен алған ұлы даланың нағыз феномені десек те артық болмас.

Майдан Жұбандықов,
еңбек ардагері, Зеленов ауданы

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top