Ұлттың ұлағаты – ұрпақ тәрбиесінде

13 октября 2016
0
4527

«Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін».

Әбу Насыр Әл-Фараби

Ия, бала тәрбиесі – қай заманның, қай қоғамның болсын, ойшылдары мен зиялыларын толассыз толғанысқа, үздіксіз ізденіске түсірген мәңгіліктің мәселесі. Тіл – оны жасаушы халықтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні болатын болса, осы құндылықтардың бәрін заманнан заманға, адамнан адамға жеткізуші, ұрпақ жалғастығы – бауыр етіміз – балаларымыз. М. Жұмабаевтың тілімен айтсақ, «қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тымық, біресе құйынды екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұрса», сол кейіп пен болмысымызды жалғастырушы да – саналы ұрпағымыз.

«Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады» деп А. Байтұрсынов айтқандай, біздің Елбасымыздың сарабдал саясатының да діңгегі осы ел болашағы ұрпақ тәрбиесіне арналады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деуінің өзі жарқын болашаққа жол сілтейді. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты әлеуметтенуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылуы хақ.

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» дейді халық даналығы. Жаман боладыға жақындатпай, ұят боладыға ұрындырмай, обал болады дегенге ойланта қарататын ұрпағын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген текті ұлтымыз ұлағатын балаларымызға ұғындырмақ керек те. Сондықтан отбасынан бастау алып, Отанның мәселесі боп табылатын ұрпақ тәрбиесі – қоғамның бар саласына ортақ.

Қазақтың халық ауыз әдебиеті – бала тәрбиесінің бойтұмары десек артық айтқандық болмас. Тал бесікте жатқаннан-ақ халқының ауыз әдебиетінің уызын ішкен жеткіншектеріміз халқының нарқын да көтерері хақ.

Мемлекеттік тіл саясатын жүргізудің де басым бағыттарының бірі – осы ұрпақ тәрбиесіне, баланың тілін дамыту мен тіл ұстарту мәселелеріне арналады. Біздің өңірімізде Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ашылғалы қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін балабақшалар мен мектептердің санын арттыру, білім ошақтарының кітапханаларында мемлекеттік тілдегі көркем әдебиеттердің санын молайту, тілдерді дамыту бағытында  бір қатар жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе, балабақшадағы баладан бастап, қызметтегі ересектерге дейін қызыға қатысатын Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай дәстүрлі түрде оздырылатын тіл фестивалі аясында өтетін әр түрлі сыр мен сипаттағы байқаулардың жөні бөлек.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мектепке дейінгі мекемелерде  қазақ тілінде білім мен тәрбие берудің сапасын қалыптастыру, балалардың мемлекеттік тілге деген құрметін, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында 2016 жылғы 14 қыркүйек күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның үлкен залында мектепке дейінгі балалар мекемелерінің бүлдіршіндері арасында «Кел, балалар, оқылық» облыстық байқауы өткізілді. Мектеп алды даярлық тобы және мектепке дейінгі ұйымдардың арасында өткізілген байқауға қазақ тілінде білім алатын 5-6 жастағы балалар қатысты. Байқау шарттары бойынша балалар Отан, туған жер туралы өлеңдер оқып, экрандағы берілген суретке қарап әңгіме құрастырып айтып,  қазақ әндерін орындап, мүдірмей жаңылтпаштар айтып, бар өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасының шешімі бойынша І орынды Казталов аудандық балабақшасының бүлдіршіні Дәурен Дияс жеңіп алса, жүлделі екі ІІ орындарды №50 МДҰ-ның тәрбиеленушісі Аманжол Кәусар мен №38 МДҰ-ның тәрбиеленушісі Жасбуын Асылнұр бөлісті. Ал жүлделі үш ІІІ орындар №45 МДҰ-ның тәрбиеленушісі Аманжолов Ержан және №31 МДҰ-ның тәрбиеленушісі Құрманбай Аяулым мен Ақжайық аудандық МДҰ бүлдіршіні Аманжолов Ержанға бұйырды.

Байқау жеңімпаздары қазылар алқасының шешіміне сәйкес дипломдармен, алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Баланың ой ұшқырлығын шыңдайтын шоқтығы биік байқаулардың бірі – «Тазша бала» облыстық байқауы. Халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын кеңінен насихаттау, адам ойының көкжиегін кеңейтіп, қиял-ғажайып әлемін биіктету және кестелі тілді, әдемі әзілді, ұтқыр тапқырлықты насихаттау мақсатында 2016 жылғы 28 қыркүйек күні облыстық Қазақ драма театрында өткен облыстық «Тазша бала» байқауына биыл 40-тан астам тапсырыс түсті. Байқау шарттарының күрделілігіне қарамастан үміткерлер санының артуы балалардың халық ауыз әдебиеті құндылықтарына деген сүйіспеншіліктерінің көрінісі. Таныстыру бөлімінде сайыскерлер өзіне күлдіргі ат жамылып (мысалы «Дүмбілез», «Мәңгүрт», «Тілі қотыр болса да бай баласы», «Жартыкеш» т.б.), сол атағын қорғап шықса, «Сөз сойыл» бөлімінде белгілі сатириктердің шығармаларын орындады. «Тазшаға тоғыз өнер де аз» бөлімінде әр қатысушы пародия, пантомима, этюд, монолог, т.б. ерекше жанрлар бойынша өнер көрсетсе, «Мағынасы майысқан мақалдар» бөлімінде таңдап алған тақырып бойынша бір минутта мақал-мәтелдерді әзілмен бұрмалап айту шеберліктерін танытты. Жас ұрпақ тәрбиесіне арналған осындай іс-шараларымыз алдағы жылдарда да жалғасын таба береді.

Ұрпағына сөзімен де, ісімен де, ақылымен де, парасатымен де үлгі-өнегесін қалдырған ата-бабаларымыздың мәдениетті қарым-қатынасқа бағытталған дәстүрлері сарқылмас қазына. «Ата сөзі – бата сөзі» деп, ата-бабамыздың нақыл сөздері мен ақыл сөздерін – өрнекті өсиеттерін қастерлей қабылдап, жадымызда сақтаймыз. Елге бірлік, тыныштық тілеп, халқының қадірлі, қасиетті болуын армандаған данышпан ата-бабаларымыздың жолын қуып, жоралғысын жасау – біз үшін міндет, парыз, ұрпақтық борыш.

Г. Бисенғалиева,
БҚО тілдерді дамыту басқармасы бөлім басшысы
Я. Куликтің фотосуреттері

ВСЕ РАЗДЕЛЫ
Top